10.04.2021, 16:18
Оқылды: 446

Оралда көше атаулары жаңғыртылады

Бүгін Орал қаласындағы «Достық» үйінде шаһардың құрамдас бөліктерін қайта атауға, яғни шаһардағы 12 көше мен бір алаңның атауын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға Орал қалалық мәслихатының хатшысы Есентай Қалиев, Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев және қала тұрғындары Zoom сипатында қатысты.

IMG-20210410-WA0008

Басқосуда Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев атауы өзгеретін көшелерге тоқталды. Оның мәліметінше, шаһардағы М. Маметова алаңы – Батыр қыздар алаңы, Московская көшесі – Тәуелсіздікке (ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай), Мирзоян көшесі – Желтоқсанға (Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы қарсаңында), Согласия көшесі – Шәпет Қоспановқа (Белгілі қоғам қайраткері, облысты 14 жыл басқарған), Тәуелсіздік көшесі -  Бисен Жұмағалиев көшесіне (БҚО құрметті азаматы, соғыс ардагері) өзгертілмек. Сондай-ақ Светлая – Базарбай Жұманиязов көшесіне, Надежда – Тұяқберді Шамелов көшесіне, Лиственная көшесі – Жанғали Набибуллин көшесіне, Букетная – Николай Чесноков көшесіне, Вольная – академик Сухан Камаловқа, Лазурная – Павл Букаткин көшесіне, Ореховая – Алдияр Рахметов көшесіне, Евразия көшесі атауының транскрипциясын Еуразия деп өзгерту ұсынылды.

IMG-20210410-WA0010

- Тәуелсіздік алғалы еліміз дағдарысты да, қиындықты да еңсеріп келеді. Әлемдік аренада мемлекет ретінде қалыптасудамыз. Ұлттар арасында ынтымақтастық, татулық орнады. Экономикамыз дамуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың билікке келуі – халықтың да жеңісі еді. Өйткені халық дамудың жаңа даңғыл жолын таңдады. Тәуелсіз ел болып қалыптаса бастағаннан аға-апаларымыз аянбай еңбек етті. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері де болған еді. Ұлтарақтай жерімізді қорғауға үлес қосты. Өңірімізде 40 Кеңес одағының батыры бар. Олардың барлығын бүгінгі жастар біле ме? Жоқ. Өйткені олардың еңбегін, қайсарлығын насихаттап, көше атауларын беріп жатқан жоқпыз. Осы орайда Кеңес Одағының батыры атағын алған жерлестеріміздің есімін шаһардағы көшеге берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда өскелең ұрпақ аға буынның ерлігін біле жүреді, - деді Орал қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Исаева.

IMG-20210410-WA0011

Жиында қала тұрғындары жаңа берілетін атауларға ризашылықтарын білдіріп, бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.

Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале