Орал қаласында «Лексус» дилерлік орталығы ашылды. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысып, жаңа жобаға сәттілік тілеп, алыстан ат арытып келген тұлғаларға қазақы игі дәстүрмен қонақжайлық ниет танытты.
– Орал қаласында тұңғыш рет «Лексус» орталығы ашылуда. Бұл – Қазақстан бойынша ашылып жатқан жетінші орталық. Бұған дейін осындай автосалон алты облыста жұмысын бастады. Біздің өңірмен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірген компания өкілдеріне алғысымыз шексіз. Бұл автосалонда тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетілетініне бек сенімдіміз. Енді біздің облыстың тұрғындары «Лексус» автокөлігін сатып алу үшін өзге өңірлерлерге, басқа қалаларға бармайтын болды. Осы дилерлік орталықтың ашылуына ұйытқы болған Тілек Ишболатұлына рақмет! – деді Нариман Төреғалиұлы.
Бұдан кейін «Тойота Мотор Казахстан» компаниясының президенті Джон Томсон сөз алып, «Лексус» аутокөлігінің ерекшеліктеріне тоқтала келе, жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Ал «Лексус Европа» компаниясының вице-президенті Паскаль Руш автосалонның Жайық жағасындағы көрікті қаладан ашылғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Алтын уақытын бөліп, «Лексус» дилерлік орталығының ашылу салтанатына қатысқан құрметті қонақтарға ризашылығымды білдіремін. Осы автосалонда жүйелі жұмыс жүргізілмек, – деген Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Хазар Моторс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тілек Шектебаев Джон Томсон мен Паскаль Рушқа қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы кітаптар мен тұмар тарту етті.
Іс-шара барысында жаңа автосалонның лентасы қиылып, келісімшартқа қол қойылды.
«Тойота», «Лексус» орталықтарының директоры Ернұр Амановтың айтуынша, жаңа орталықта «Лексус» автокөлігінің 15-ке жуық түрі сатылмақ.
Сондай-ақ аутосалонда тәжірибелі менеджерлер кеңес беріп, «Trade-in», «Lexus Select», «Lexus Finance», «Lexus Insurance» бағдарламалары бойынша түрлі бағытта сапалы қызметтер көрсетілетін болады.
Мәрлен Ғилымхан
zhaikpress.kz