18.09.2021, 17:41
Оқылды: 280

Оралда «Сапалы өнім - 2021» көрмесі өтті

Бүгін қала күні мерекесіне орай Тәуелсіздік алаңында «Сапалы өнім - 2021» ХІІІ қалалық азық-түлік тауарларын өндірушілердің көрмесі өтті. Көрмеге облыс аудандары мен Орал қаласынан сүт, шұжық, нан, кондитерлік өнімдер өндіретін 20 кәсіпорын қатысты.

8960E8B4-A828-45D7-B05B-36D003C8737F

- Баршаңызды шаһар күнімен құттықтаймын.  Бүгін қалыптасқан дәстүрге сәйкес қаламыздың түкпір-түкпірінде түрлі мәдени, рухани және спорттық шаралар өткізілуде. Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылатын «Сапалы өнім - 2021» байқауы лайықты жалғасын тауып отыр. Сапалы азық-түлік өндіріп, халыққа ұнамды қызмет көрсетіп отырған шағын кәсіпкерлік саласының барша өкіліне алғысымызды айтамыз, - деді көрменің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Абат Шыныбеков.

Көрмеге қатысушы тауар өндірушілер «Белес» компаниялар тобы, «Валиев» ЖК, «Нұржанар» АҚ, Колбасы Приуаралье» ЖШС, «Жайық Ет» ЖШС, «Жастық» Орал нан зауыты» агрокешені, «Орал құс фабрикасы» ЖШС, «Ақас» агрофирмасы және басқалары қала әкімдігінің алғысхаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

41C03854-1360-46F6-B8C0-2FCD5B31FC65

- Өткен жылғы сәуір айында құс фабрикасында жаңа цех ашылып, цехтар саны 8-ге жетті. Бізде тәулігіне 300 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Өнім Қазақстанның барлық өңіріне және Ресейге шығарылады. Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатыстық, - деді «Орал құс фабрикасы» ЖШС-ның қызметкері Айнұр Әжігерева.

Көрмеге Бәйтерек ауданының Дариян ауылынан келген «Қаз-АқБас» ЖШС «Дарийнский мясной двор» сауда белгісімен шығаратын шұжық өнімдерін алып келді. Серіктестік өкілі Василий Засенко мұндай көрмеге екінші рет қатысып отырғандарын айтады. «2019 жылы қатысқанбыз, содан бергі уақытта қандай жаңалық болды дейсіз ғой? Көп, әрине, сиыр және жылқы етінен шұжықтың жаңа түрлерін өндіруге қол жеткіздік. Одан басқа жартылай дайын ет өнімдері де шығарылады. Прайс-парақшамыздағы өнім түрлері 70-ке жетіп жығылады. Мал өсіреміз. Шұжық өндірісіне қажетті мал етін өз шаруашылықтарымызда дайындаймыз. Өнімдерімізді өз дүкендерімізде, «Алтындар» гипермаркетінде сатамыз. Жақында қаладағы «Аяжан сауда кешенінде сауда нүктемізді аштық. Алдағы уақытта сату орындарымызды көбейте бермекпіз», - деді серіктестіктің алдағы жоспарымен бөліскен В. Засенко.

58763283-06B5-405D-93CE-C16F8A0B973B

«Жакенова «Batys Dami» жеке кәсіпкерлігінің өңір нарығына кондитерлік өнімдерімен таныла бастағанына төртінші жылға аяқ басқан.  Кәсіпкерліктің өз сауда орны бар. Сонымен қатар тәттілерін сұранысқа орай қаладағы дүкендерге жеткізіп отырады. «Біздер мерекелік дастарқанға қоятын барлық тамақ түрін жасаймыз. Айтар болсақ, тәтті нан, бәліш, ет салынған нан, торт және басқа да түрлері де сұранысқа ие. Екі жыл бұрын осындай көрмеге қатысып, екінші орын алғанбыз. Қалтаға түсер табыстан бұрын, өнімнің сапасына қатты мән-маңыз береміз. Бүгінгі көрмеге қатысып, өз тауарларымызды жарнамаладық, әріптестерімізбен пікір алмастық. Көрмені ұйымдастырған әкімдік басшыларына алғыс айтамыз», - деді кәсіпкерлік басшысы Гүлмира Саламатқызы.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале