ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, 2026 жылы отандық жоғары оқу орындары талапкерлерге екі мыңнан астам өзіндік білім беру грантын, оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар ұсынады.

Фото: gov.kz
ЖОО-лардың ішкі гранттары ҰБТ нәтижелері (негізінен 100-ден жоғары балл), «Алтын белгі» иегерлері, олимпиада мен ғылыми-спорттық жарыс жеңімпаздары, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы жастар арасында үлестіріледі.
Ауқымды бағдарламалар қатарында Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Түркия тарапынан 500 білім беру квотасын бөлсе, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағыты бойынша 125 ішкі грант пен жетім балаларға арналған толық гранттар ұсынып отыр. Сондай-ақ Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ өзіндік байқаулар аясында 94 грант, Satbayev University демеушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялар есебінен 538-ден астам студентке қаржылық қолдау, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті 20, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 19, С. Аманжолов атындағы ШҚУ 12 және Рудный индустриялық университеті 10 ректорлық грант қарастырған.
Бұдан бөлек, Қарағанды индустриялық университетінде оқу ақысын толық өтеп, ай сайын 150 мың теңге стипендия төлейтін Нариман Ишмұхамедов атындағы жаңа атаулы грант тағайындалды. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ, «Тұран-Астана», Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Ә. Марғұлан атындағы ППУ, А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ҰБТ-дан жоғары балл алғандарға, «Алтын белгі» иегерлеріне және әлеуметтік санаттарға оқу ақысының 15%-дан 100%-ға дейінгі жеңілдіктер жүйесі қарастырылған.