17.07.2017, 21:34
Оқылды: 297

Саяхаттау - бала кезден арманым

Сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері – жерлесіміз, блогер Динара Болат. Психолог маманды әлемді шарлауға не жетеледі? Жылдың төрт айын сапарда өткізетін саяхатшының отбасы бұған қалай қарайды? Аруды алда қандай елдер күтіп тұр? Кейіпкеріміздің өзін сөйлетейік.

Динара Болат

Туған жылы, айы, күні: 22.05.1986

Ақтөбе қаласында туып, Оралда өскен

Жұлдызнамасы: Егіздер

Сүйіп жейтін тағамы: ет, еттен жасалған тағам

Әншілері: Goldplay, LP, Светлана Лобода, Ninety One, Black Dial

Үлгі тұтатын тұлғасы: Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Тереза ана, Далай Лама

 

Әлемді шарлау – бала күнгі арманым

Мен өзімді саяхатшы деп есептеймін. Себебі туристен гөрі саяхатшының мақсаты басқа. Мен турфирманың көмегінсіз маршрут жасап, барған елімді өз аяғыммен аралаймын. Саяхатшының мақсаты сол елді танып білу, зерттеу болса керек. Менің анам - география пәнінің мұғалімі. Бала кезімде географиялық картаның үстіне отырып алып, елдерді астанасымен жаттайтынмын. Әсіресе, өзен-көл, тау-тастарды қызықтайтын едім. Жағдайым сәл түзеліп, отбасылық тірліктен ес жиғаннан кейін, арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Әлем елдеріне деген қызығушылыққа мамандығымның да өз әсері болған шығар. Негізі бұл - балалық арман.

Менің рухани қажеттілігім материалдық сұраныстарымнан биік

Әлемнің басқа түкпіріне жол тартпас бұрын, баратын елімді белгілеп аламын. Ол елдің ішіндегі көргім келетін қалаларды ойластырып, маршрутымды сызып аламын. Соған қажетті барлық қаражаттың бюджетін құраймын. Сосын ақша жинаймын. Яғни, аяқ асты ешқайда кетіп қалмаймын, себебі барлығына қаражат керек. Мен осыған дейін саяхатқа жұмсаған ақшама бірнеше тон, тәп-тәуір бриллианттар алып, жылтырап жүруіме болатын еді. Бірақ менің рухани қажеттілігім материалдық сұраныстарымнан биік боп тұр. Ақшаны бала кезімнен жақсы жинаймын. Себебі ата-анам мені 4-сыныптан бастап еңбекке, табыс табуға баулыған. Өзімнің оқу құралыма, киіміме, мектептегі жыл бойы жейтін тамағыма ақша тауып жүрдім. Сол кезден қалған дағды шығар. Бұл жерде табандылық, шыдамдылық  қажет. Жинап жатқан ақшамды бұзбауға, басқа нәрсеге жұмсап жібермеу үшін мақсатымның қаншалықты маңызды екенін әрдайым дәлелдеп отырамын. Ал нағыз сабырсыз адам болсаңыз, депозитке салуға кеңес берер едім. Өзім осы әдісті қолданамын. Әйтпесе, қарыз сұрған адамдарға ақшамды беріп қоямын.

Ең алғаш барған елім Чехия болды

Ең алғаш Ресей мен Қытайға бардым. Алайда бұларды саяхат деуге келмес. Негізі саяхатқа деген қызығушылығымды оятқан Чехия елі болды. Бұл жерге біз отбасымызбен барғанбыз. Кішкентай 6 жасар қызыма «Рождество» мерекесін көрсеткіміз келді, себебі Еуропаның көп елдері аталған мейрамда қалаларын өте әдемі безендіреді. Бұл сапарымыз барысында Чехияға көршілес елдерге де ат басын бұрдық. Сол кезден бастап бала кезгі арманым қайта дүниеге келді десем болады.

Үндістан, Италия және Түркияға қайта оралар едім...

Мен мұражайларға көп бармаймын, себебі қатып қалған суреттер немесе мүсіндер онша қызықтырмайды. Ол нәрсені кітаптан оқып та, былайша да көре аламыз. Мені жергілікті халықтың тұрмысы, қаланың көңіл-күйі,өзіндік тіршілігі көбірек қызықтырады. Осы кезге дейін аз-маз 11елде болдым, оның ішінде көргенім - 33 қала. Үндістанға, Италияға, Түркияға қайта оралғым келеді... Сол мемлекеттер маған қатты ұнады. Үндістан өзінің бір колоритімен, дәмді тағамымен есте қалған болса, Италияда мен Түркияның қай қаласына бармасаныз да, адамға жағымды көңіл күй сыйлайды. Сол жерлердің атмосферасы ерекше, қолайлы. Менен қай жерде тұрар едіңіз деп сұраса, мен Италияны немесе Түркияны таңдар едім...

Саяхаттау бізде сәнге айналмай тұр...

Саяхаттап барған елдерден базарлық ретінде анама, енеме сыйлықтар аламын. Ал өзіме сол елдің, ұлттың көйлектерін алуға тырысамын. Егер дайын көйлек болмаса, сол ел шығаратын энтикалық маталарды сатып алып, тіктіріп аламын. Саяхатта әркез серігім болады. Жалғыз барғым да келмейді. Жасыратыны не керек, блогер болған соң, жаныңда фотосуретке түсіретін адам болуы керек. Оған қоса тап сол сәттегі әсерді бөлісетін жан болғаны жақсы. Келешекте сапарға қазақтың қыздарымен шықсам деймін. Бірақ өкінішке орай саяхат өзекті бола алмай тұр. Өзге елдердегідей сәнге айнала қойған жоқ. Өзге елдерде жастар көбіне алыс-жақын жерлер болсын саяхаттауға тырысады. Ал біздің санамызға бұл сіңе алмай тұрған жайы бар.

Баланың бақыты – анасының рухани сау күйінде

Мектептегі қызын, кіп-кішкентай баласын тастап шетел кезіп жүретін әдетімді кейбіреулер нағыз эгоисттің ісі дейді. Анаға лайық емес дейді. Ал менің түсінігімде баланың бақыты анасының бақытында. Анасының рухани сау күйінде. Балаларыма шаршағаннан шытынаған жүйкеммен тәрбие бергенімше жер кезіп жаңарып, жадырап, жаңа қуатыммен алдарында жүргенді жөн санаймын. Оған қоса, балаларға кенедей жабысып алып өмір сүретіндей олар меншігім емес. Ешқашан мендік болмайды да. Сондықтан, қазір менің қоластымда өсіп келе жатқан ең жақын Достарым бұл әдетіме тек қуана, тамсана қарайды деп сенемін.Бұл жерде маған Алланың берген нәсібі шығар. Анам мен енем мен саяхатқа кеткенде, балаларыңды уайымдама деп шығарып салады. Ал жолдасым - қызмет бабы бойынша іс-сапарға көп шығатын адам. Түсінігі мол, көзқарасы кең. Сондықтан ол менің армандарымның орындалуына ,сүйікті ісіммен айналысуыма еш кедергі жасамайды, керісінше қолдап отырады.

Тоғыз күндік сапарым сәтті болды

Соңғы сапарым Марокко еліне болды. Бұл – менің Африка құрлығына алғаш қадам басуым. Ресейлік блогерлермен барған сапарым 9 күнге созылды. Марокко елі өте әдемі, ежелгі қалалары жақсы сақталған. Саяхатшылар бас қосқаннан кейін айтарымыз, үйретеріміз, көрсетеріміз өте көп болды.Тәжірбие алмастық, таныстық, әңгімеміз жарасып керемет уақыт өткіздік. Ендігі саяхатымды жаздың соңғы айларына деп жоспарлап отырмын, соған қарай ақшам да жиналып қалуы керек. Бірақ екі елдің арасында таңдау тұр.Таңдауымды әлі жасаған жоқпын. Қай елдер екені құпия болсын . Бір жылдың ішінде әрі кетсе 4 рет саяхатқа шығады екенмін. Әрине, оның бәрі отбасылық жағдайға, қажетті қаражатты жинауыма байланысты. Ал негізі 3 ай бойы үйде отырып қалсам, мазасыздана бастаймын.

Өмірге шексіз ғашықпын...

Сен сияқты айналадан сұлулықты көре білгім келеді. Сен сияқты жай күнге қарап тұрып қуана білсем ғой, шіркін дейді. Не дейін?... Сұлулық пен ғажаптың барлығы тыныштықты жақсы көреді.Сананың тыныш күйінде ғана бар жақсы көрінеді, сезіледі. Біз тым көп сөйлейміз. Бос әңгімеге әуеспіз. Сәйкесінше ойларымыздың басым көпшілігі қоқыс. Біздің бақытты болуымызға, қуанышқа кеңелуімізге тигізер еш пайдасы жоқ сөздер, ойлар, әрекеттер. Айналамыздың бәрі ызың, бәрі шу. Қажетсіз сөздер мен ойлардан арылып, санамызда тәртіп орната алғанда ғана біздің өмірге көзқарасымыз өзгереді. Әлемге көзқарасымыз өзгереді. Санасы тыныштық тапқан адамның сәйкесінше жаны да тыныш табады. Санасы тыныш адам ғана әлеммен үйлесіп, шыр айнала билеп өмір сүреді. Санасы тыныш адам ғана кез келген кезде, кез келген жағдайда әлемнің әсем әуезін естіп, оның қарапайым көзге көрінбейтін сұлулығын көріп, ғажабын сезіне алу қабілетіне ие болады. Айналадан жақсыны көруге асығыңыздар! Жақсылық жасауға асығыңыздар! Әдемі, мәнді, өкінбейтіндей қуанышқа толы ғұмыр кешіңіздер дегім келеді.

 

Әңгімені жүргізген

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале