17.11.2022, 11:16
Оқылды: 113

Шетелдік компаниялар бізге не береді?

Қазақстанның жер қойнауы қазба байлыққа толы, шикізат жеткілікті. Алайда сол шикізаттың басым көпшілігі өңделмей, шекара асатыны көңіл көншітпейді. Өзгені шикізатпен жарылқағаннан гөрі, оны өңдейтін елге айналуды мақсат тұтқанымызбен, мұратқа жете алмай-ақ қойдық.

импорт-экспорт

Экономистер экспортты көбейтіп, импортты азайту арқылы ұлттық экономиканы түзетуге, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға болады деседі. Өткен үш жылда болған оқиғалар (ковидке қатысты карантиндік шаралар, экономикалық дағдарыстар, алқымнан алған инфляция) еліміздің, өңіріміздің экспорттық әлеуетін сәл-пәл төмендетті. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, тек биылғы жылы ғана экспортерлердің айдарынан жел есе бастағандай сезіледі. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысында өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындардың экспорт көлемі 141,3 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 9 айдың қорытындысымен салыстырғанда 1,4 есеге өскен. Соның ішінде жоғары және орта технологиялық тауарларды сыртқа шығару қарқыны басым.  Десе де, экспорт пен импорт арасындағы таразы басы екіншісіне қарай төмен тартады.

Экспорт жағырапиясы кеңейеді

– Экспорттың көлемін ұлғайту, жағырапиясын кеңейту мақсатында өнімдерін экспорттаушылар арасында өнімнің экспортын жеделдету, өнімді ілгерілету бағдарламаларының қолдау тетіктері, халықаралық көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, электронды сауда алаңдарына қол жеткізу жайында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның ішінде «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арқылы экспортерлердің өнімдерін сыртқа тасымалдау шығындарының бір бөлігін өтеуді қамтамасыз ету тетіктері кәсіпкерлердің көкейінен шығып отыр. Былтыр аталмыш бағдарлама бойынша 258,8 млн теңге көлемінде қаражат сұраған 29 өтініш жолданды. Соның барлығы мақұлданды. Биыл аталмыш орталыққа 994,7 млн теңге шамасындағы шығынды өтеуге 7 кәсіпкер 24 өтініш жазды.  Олардың қатарында «Белес Агро» ЖШС (астық), «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ (макарон өнімдері), өнімінің 95%-ын экспорттайтын «Орал трансформатор зауыты», «Пойма май комбинаты» ЖШС (күнбағыс майы), «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ (арнайы өнімдер, мұнайгаз жабдықтары), «Кублей» ЖШС (ірі қараның, ұсақ малдың еті, қалбырдағы өнім), «СтеклоСервис» ЖШС (әйнекпакеттері) бар, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиева.

Одан басқа Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында өткен «INNOPROM» халықаралық көрмесі барысында «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» ЖШС әріптестік орнату жөнінде екі меморандумға қол қойып, келісімдер жасады. Оралдық компания Тәжікстан Республикасының «Панч» және  «Данғара» атты қос еркін экономикалық аймағына зауыттың конвейерінен шыққан тұрбаларды жеткізеді. Биылғы жылғы 23 қыркүйекте өткен «WESTKAZINVEST-2022» халықаралық инвестициялық форумы аясында «Орынбор поликарбоксилаттар зауыты» ЖШС мен «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ,  «Саратов сүт зауыты» ЖШС (РФ)  мен «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ, БҚО әкімдігі мен «Агротоп ltd», «ResuEsferico», «Kazakh Invest» АҚ арасында екі меморандумға және жол картасына қол қойылды.

Мамандар бұл форум жұмысының нәтижелі болғанын айтады. Саратов облысының өкілдері өңірімізде өндірілетін тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сатып алуға ықылас танытты. «Саратов сүт комбинаты»  сүтті жеткізіп қана қоймай, БҚО-да сүт өндіретін кәсіпорын ашқысы келеді. Ауыл шаруашылығы басқармасының ресми мәліметі бойынша облысты толықтай қамтуға жылына 78 мың тонна сүт өнімдері керек. Соның 62 мың тоннасы, яғни 80%-ы сырттан тасымалданады. Ал жергілікті өндірісшілер жылына 16 мың тонна ғана сүт өнімдерін өндіреді. Сондықтан сүт импортын 50%-ға, жылына 42 мың тоннаға дейін азайту міндеті алға қойылған.  Ендеше, саратовтықтар облыс аумағынан  сүт кәсіпорындарын ашып, сүт импортын азайтуға үлес қосады деген сенім бар.

Жаңа технологиялар «қоныс  аударуда»

Бұдан бұрын мәлім болғандай, геосаяси жағдайға байланысты жарияланған  санкциялық қысым салдарынан Ресей нарығындағы көптеген шетелдік компания Қазақстанда жұмыс істеуге ниет білдірді. Мемлекет басшысының Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында 50-ден аса халықаралық компанияның елімізге көшіп келгенін, инвесторларға жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты. Олардың ішінде «Honeywell», «Индрайвер», «Фортескью», «Марубени» сияқты ірі халықаралық компаниялар бары белгілі. Ресейдің бес облысымен шектесетін біздің өңірге сырттан қоныс аударуға ынталылар қатары аз емес. IT, сауда, делдал, көлік-логистика саласындағы, тікелей өндіріспен байланысты емес ресейлік компаниялар өңірімізге келуде. Жыл басынан бері өңір аумағында шетелдік капиталдың қатысымен 414 компания тіркелді. Соның ішінде 380 ресейлік компания бар. Бірден іске көшіп, өнім өндіруді бастағандар да бар. Мысалға, терезе мен оның қаңқасын  жасайтын «Tereze-Style» ЖШС директорының орынбасары Алексей Гаев Ақ Жайық өңірінің экономикасына инвестиция құюға Белоруссиядан келгендерін айтады. Биылғы сәуір айында оралдық өндіріс орындарының бірінің базасында жаңа өндіріс жұмысын бастады. Өз еліндегі серіктестіктің бөлімшесі ағаштан және ағаш-алюминийден жасалатын  терезе-есіктерді  Скандинавия елдеріне, соның ішінде Дания, Исландияға, Норвегияға экспорттап отыр. Енді Оралдағы жаңа кәсіпорын айына 150 бірлік терезе-есік жасауға ниетті. Қазіргі кезде өндіріс ошағы орын жалға алды. Енді жұмысшылар қабылдап, қазақстандық нарықтағы сұранысқа қарай жұмыс орындарының  санын нақтыламақ. Сұраныс болса, екі ауысымда  жұмыс істейді. Сонда 80 адамды тұрақты жұмыспен қамту  жоспарланған.

Биылғы мамыр айында Алматыда фанер өндіретін «Qazfancom» компаниясы құрылды. Осы компания Орал қаласынан «Qazfancombatys» ЖШС деп аталатын бөлімше ашып, ресейлік екі кәсіпорынмен серіктестік негізінде өнім өндіруге кірісті. Қазіргі кезде серіктестік басшысы Еркебұлан Ерсайыновтың айтуына қарағанда, ағаш өңдейтін қытайлық  құрал-жабдық сатып алынып, орнатылды. Жаңа зауыт айына 4,5 мың текше метр фанер өндіре алады. Компания өз өнімін Еуропа елдеріне шығарады.

Одан басқа «РНХ-KZ» ЖШС-ның реагенттер, «Химсталькон» компаниясының сыйымдылықтар мен резервуарларға,  «Плайком» компаниясының фанерге, Саратов сүт зауытының  сүт өнімдеріне, «Красный пролетарий» АҚ-ның арнайы техниканы шығаруға,  «Тон-Авто» ЖШС-ның дилер орталығы мен қонақүй құрылысына арналған жобалары қарастырылуда.

– Басқармаға хабарласқан шетелдік компания өкілдерін бос орындары бар жергілікті компаниялар басшыларымен кездестіру ұйымдастырамыз. Әрі қарай  екі тарап мәселені өздері келісіп шешеді. Өйткені жеке меншік иелерлерінің ішкі жұмысына ешкім қол сұқпайды. Өндірістік бос орындарды жалға бере ме, әлде шетелдіктермен бірлесіп компания құрып, өнім шығара ма, ол жағын өздері келіседі. Жер сұрап, өңір экономикасына мол инвестиция құюды көздейтіндердің жоба-жоспарлары әкімдік жанындағы инвестиция тарту жөніндегі кеңесте қаралады, – деді Жанна Бекқалиева.

Бұдан бұрын облыс әкімдігінде өткен басқосуда облыс әкімі өңірге келемін дейтін инвесторларға жер бөліп, инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеген болатын. Мамандар нақты болжам көрсеткіштері қолдарында болмаса да,  өндіріс орындарын ашқан шетелдік немесе бірлескен кәсіпорындардың жұмыс орындарын ұсынатынын, барлығының салық төлейтінін айтады.  Қоныс аударған кәсіпорындар отандық нарықты кеңейтіп,  экономиканы дамытады деп сендіреді. Бастысы өңірімізге шикізатты өңдеудің жаңа технологияларын әкеледі.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале