Аптаның демалыс күндері Орал қаласында жасөспірімдерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейд жүргізілуде.
Қазіргі таңда кәмелетке толмағандардың ата-ана қарауынсыз жүруі және олар зардап шегетін қылмыстық оқиғаның көбеюі өзекті мәселе болып тұр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен 93, оған қоса жасөспірімдердің өздері жәбір-ленуші болып табылған 101 қылмыс дерегі тіркелген. Осыған орай жасөспірімдердің түнгі уақытта жалғыз жүруі қауіпті екені жайында түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді. Бірақ соған қарамастан ойын-сауық орталықтары мен компьютерлік ойын клубтарында жүретін қараусыз балалар айылдарын жияр емес. Қаңтар айының 10-11-і және 17-18-і күндері өткен рейд барысында, түнде қоғамдық орындарда ересектердің бақылауынсыз жүрген 79 жасөспірім анықталып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша олардың ата-анасы немесе заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды.
– Орал қаласында аптаның демалыс күндері рейд жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мұндағы мақсат – жасөспірімдер тарапынан болатын құқықбұзушылықтарға жол бермеу, түрлі қылмыстардың алдын алу. Заңсыз бала еңбегін пайдалануға тосқауыл қою. Біз түрлі мүдделі құрылымдармен, ұйымдармен, жастар орталықтарымен бірлесе рейд шараларын жүзеге асырып келеміз. Қаңтар айының 17-18-і күндері алты рейд тобы құрылып, шаһардағы 78 көңіл көтеру орны тексерілді. Үш мекемеде жасөспірімдердің еңбегін пайдалану фактісі тіркелді. Яғни кәмелет жасына жетпеген балалар түнгі ауысымда жұмыс істеген. Аталмыш үш нысан иелері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 132-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тіркелген құқықбұзушылықтар туралы материалдар кейбір ведомстволарға жолданады. Олар аталмыш нысандардың баланың еңбекке заңсыз араласуына жол бергені үшін тиісті шараларды жүзеге асырады. Мәселен, қалалық кірістер басқармасы мекеме жұмысының заңға қайшы әрекеттерінің бар-жоғын анықтайды (кәсіпкерлік нысан ретінде тіркелуі, уақтылы салық төленуі секілді өздерінің қызметіне сай тексеріс жүргізеді). Одан бөлек әртүрлі бағыттағы 63 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Олардың ішінде тұрғындардың демалысы мен тыныштығына кедергі келтіру, темекі шегуге тыйым салынған белгісі бар жерлерде тәртіпке бағынбау секілді тағы да басқа заңбұзушылықтар бар. Алдыңғы аптадағы, яғни қаңтар айының 10-11-і күндері тіркелген деректерді қоса алғанда 108 әкімшілік хаттама түзілген. Бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Әділ Хайрошев.
Рейд жүргізудің алдында полициця қызметкерлері мен еріктілерге тұрғындармен сөйлесу, қарым-қатынас тәртібі түсіндіріліп, жастар көп шоғырлануы ықтимал әлеуметтік нысандарға рейд топтары бөлінді. Ал біз рейдтің жұмыс барысымен танысу мақсатында полиция майоры Әділ Хайрошевпен бірге шаһарды шарлап қайттық. «Орал» сауда ойын-сауық кешеніндегі компьютерлік клубты, мейрамханалар мен тамақтану орындарын тексердік. Аталмыш нысаннан заңбұзушылық тіркелмеді.
Бірақ өзге рейд топтарынан қаладағы нысандардан құқықбұзушылықтың тіркелгені жөнінде хабар жетті. Нақтырақ тоқталсақ, кәмелет жасына жетпеген үш бірдей жасөспірімнің екеуі асхана мен мейрамханада даяшы болса, енді бірі Citу Center сауда үйінде сатушы болып заңсыз еңбекке араласқаны анықталған. Аталған нысан басшылығына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 132-бабына сай айыппұл салынған. Айыппұл мөлшері – 19 660 теңге. Егер жасөсіпірім түнгі уақытта қоғамдық орында ұсталса, оның ата-анасына немесе заңды өкіліне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес хаттама түзіледі. Ал аталған жайт қайталанса, іс материалы сотқа жіберіледі. Сот шешімінен кейін құқық бұзушы жасөспірім қалалық полиция басқармасының есебіне алынады. Тіркеу есебінде құқық бұзушы ретінде есімі жазылған жастың болашақта алға қойған армандары орындалмауы мүмкін. Әскери қызметке оқуға түсер кезде талапкердің жеке бас мәліметтері міндетті түрде қаралады. Сөйтіп, құзырлы құрылымдарда немесе басқа мекемелерде жоғары қызмет атқарамын деген мақсат-мұратына кедергі келеді. Сондықтан да әр ата-ана кәмелет жасына жетпеген ұл-қызын қатаң бақылауға алғаны жөн.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»