Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында кадрлық өзгерістер болды. Президент Әкімшілігінің келісімімен және Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, “Батыс” өңірлік қолбасшылығының жаңа қолбасшысы тағайындалды.

Бұл қызметке полковник Нариман Акбаров келді. Оны жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков таныстырды.

Нариман Акбаров ІІМ Ұлттық ұланы жүйесінде 1994 жылдан бері қызмет етіп келеді. Әр жылдары түрлі жауапты қызметтерді атқарып, тәжірибелі әрі кәсіби басшы ретінде танылған. Ол ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен және бірқатар наградалармен марапатталған.
Айта кетейік, 2022 жылдан бері осы уақытқа дейін ол “Батыс” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметін атқарған.
Жаңа қолбасшыны таныстыру барысында қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетті күшейту, жауынгерлік әзірлікті арттыру және құқықтық тәртіп әскерлерінің міндеттерін тиімді орындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
ҚР ІІМ ҰҰ Баспасөз қызметі