Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілген нормалар мен құндылықтарды, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістерді түсіндіру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Батыс Қазақстан облысының аудандарында жалғасуда.

Осы бағыттағы кезекті кездесу Жаңақала ауданында өтіп, онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры С.Түменбаев, Жаңақала ауданының әкімі А.Көшкінбаев, аудандық дербес бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған конституциялық реформалардың маңызы, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа нормалар, меритократия қағидатын нығайту, мемлекеттік қызметке іріктеу тетіктерін жетілдіру, қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ кәсіби даму мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Байсалов мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өзгерістердің негізгі мақсаты – кәсіби, ашық және азаматтардың мүддесіне бағдарланған тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметтің сервистік моделін дамыту, меритократия қағидатын сақтау, қызметшілердің жауапкершілігін арттыру және заңнамадағы негізгі жаңашылдықтарды түсіндіру мәселелеріне тоқталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры С.Түменбаев жаңа Конституцияда белгіленген қағидаттардың мемлекеттік басқаруды жаңғыртудағы рөліне тоқталып, жүргізіліп жатқан реформалардың заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп талаптарын сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттарын ілгерілету мәселелері қаралды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар заңнаманы практикалық қолдану мәселелері бойынша өз сұрақтарын қойып, тиісті түсіндірмелер алды.
Айта кетейік, осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері бұған дейін Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жәнібек, Казталов, Тасқала және Теректі аудандарында өткізілді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі