Бурабай, Алакөл, Балқаш елдегі өзге де теңіз, өзен-көлдерде қазірдің өзінде жұрт көп. Күн ысығанда тіптен қарақұрым. Ішкі туризмге сұраныс та, сенім де артты. Қазір ел аумағында 5 мыңға жуық демалыс орыны жұмыс істеп тұр. Кемінде күніне 243 мыңнан астам адамға қызмет көрсетуге әзір. Елде туристік орындар көбейген сайын таңдау жасау да оңай емес. Ендеше жазғы демалысты қай өңірде өткізген дұрыс? - деп жазды 24.kz.

Сурет: istockphoto.com
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Жазда саяхатшылар легі еселеп артып, демалыс орындарына түсетін жүктеме күрт өседі. Алайда саладағы инфрақұрылым туристік ағынның қарқынына ілесе алмай келеді. Демалушылар билет жетіспеушілігі, қонақүйлердің тапшылығы сынды кедергілерге жиі тап болады, дейді сарапшы.
Кейінгі жылдары овертуризм мәселесі белең ала бастады. Яғни елдегі танымал бағыттарға келушілер саны шамадан тыс көбейіп отыр. Туристердің басым бөлігі Алматы тау кластеріне, Бурабай, Алакөл, Каспий, Балқаш жағалаулары, Маңғыстау өңірі және Түркістан облысына барады.
Жансая Ғаниқызы, туризм саласының сарапшысы:
- Сұраныс жылдан жылға өсіп келе жатыр. Ол әлі де арта береді. Иә, туризм бес жыл бұрын басқаша көрсеткіштер көрсетіп, қазір жақсы деңгейге баяу болса да дамып келе жатыр. Алдағы 5 жылда біз одан да жақсы көрсеткіштер көрсетеміз. Бірақ сұраныс та артып келе жатыр ғой. Біз сол деңгейге сай боламыз ба. Сұраныстың артқан деңгейіне лайықты боламыз ба. Сол мәселені де қарастыру керек. Сұраныс, ұсыныс, сапа, сервис оның бәрі туризмдегі үлкен мәселе.
Әлемдегі геосаяси ахуал да елдегі туристік нарыққа әсер етіп жатыр. Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты сыртқы туризм бәсеңдеп, ішкі бағыттарға салмақ артып келеді. Бұл тек ел ішіндегі демалысқа сұраныстың артуы емес, жол қатынасынан бастап қауіпсіздікке дейінгі тұтас жүйенің сынға түсетін сәті. Туристердің бірі табиғат аясында тыныққысы келсе, енді бірі тарихи және киелі орындарды көргісі келеді.
БЛИЦ:
- Жазда көбінесе Алакөлге барамыз жылына бір рет. Биыл Қатон-Қарағай жақты аралайық деп отырмыз бала-шағаммен. Рахман қайнарын, Абайдың туған жеріне бару, Мәшһүр Жүсіптің, Баянауыл, Қарқаралы сол жақтарды көру. Шығысты көрген жоқпыз, сол жақты көру ойымызда бар.
- Мен Маңғыстау облысынан келдім балалармен. Арнайы Астананы көру үшін. Өйткені балалар бәйтеректі күнделіктің сыртынан көреді ғой. Живой көрсін деп алып келдім. Таңданысы өте керемет. Сонау Маңғыстаудан бірінші Атырауға, Ақтөбеге, жол жөнекей керемет жерлеріне соқтық. Енді Астанаға қазір келіп тұрмыз. Бірнеше жерді көруді жоспарлап отырмыз. Сосын әрі қарай Бурабайға барамыз.
- Негізі шетелге барғаннан гөрі Қазақстанның курорттарына жетпейді. Сол жерлерде демалған жақсы. Сарыағашымыз бар, Бурабайымыз бар. Жаңақорғандағы шипалы батпағы бар.
Былтыр елге 16 миллионға жуық шетел азаматы келді. Оның 8,6 миллионы турист ретінде тіркелген. 11 миллионнан астам отандасымыз ел ішінде саяхаттаған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 2,6 миллионнан асты.
2025 ж. 15,7 млн шетел азаматы келді 8,6 млн шетелдік турист ретінде тіркелген 11,1 млн қазақстандық ел ішінде саяхаттаған 2026 ж. І тоқсаны Ішкі туристер саны 2,6 млн .
Жайнагүл Қаппасова, ҚР Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі:
- Жыл басында Туризм және спорт министрлігі еліміздің өңірлерінде өтетін негізгі 55 іс-шараны белгілеген болатын. Бұл шаралар отандық туристерді ғана тартып қоймай, сонымен қатар шетелдік туристерді қызықтыруда. Демалысыңызды пайдалы жоспарлау үшін ивент каз туризм сайтына кіріп өзіңізге қызықты іс-шараларды таңдасаңыз болады.
Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Саяхатшылар табиғат аясындағы демалысқа, тауға шығуға, этноауылдар мен қысқа мерзімді сапарларға жиі мән береді. Бүгінде елде 14 ұлттық парк жұмыс істеп тұр. 170-тен астам туристік бағыт бар. Дегенмен, мамандар таулы-орманды аумаққа шыққанда қауіпсіздік талаптарын да ұмытпау қажет екенін айтады. Жансая Ғаниқызы, туризм саласының сарапшысы:
- Егер тауға спортсмендер шығатын болса, қазір физикалық дайындығы төмен адамдар да шығып, тауда қалып қалған жағдай да болып жатыр. Туристік маршруттармен жүру керек адамдар. Себебі туристік маршруттар жайдан жай құрылмайды. Ол жерге арнайы орындар, беседкалар, су ішетін жерлер, қоқыс тастайтын жерлер ыңғайлы инфраструктура жасалған жерлер бар.
Туризмнің экономикаға қосар үлесі де аз емес. Былтыр орналастыру саласынан түскен табыс 350,6 миллиард теңгеге жетті. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгеден асты. Жаз мезгілі көлік, сауда, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету салаларының дамуына да серпін береді.