7.02.2019, 11:25
Оқылды: 72

Жер беру туралы шарт жарамсыз деп танылды

«Дұрыстық қайда, қыс болса, келіп қалды, малыма бір тал шөп жоқ. Біздің жанайқайымызды кім естіп, кімнен қайран болар екен? деп Жаңақала ауданынан шағымдана келген шаруагердің арызы бойынша «Орал өңірі» газетінің 2017 жылғы 3 қазан күнгі №118 санында «Әлекешевті әлекке салған кім?» атты журналистік зерттеу мақала жарияланған-ды. Жақында Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапкер Ж.Әлекешевтің талап-арызы бойынша азаматтық іс қарап, шешім шығарды.

 sot jer

Өмірде өзімдікі деп малданып жүрген нәрсеңнің әп-сәтте өзгеріп, сенікі болмай шығатыны өзекті өртейді. Мейлі, ресми құжатың бола берсін, қолында билігі бар кейбір пысықайлар «қолынан келсе, қонышынан басуға» бейім. Осындай оқиғаны басынан кешкен Жаңақала ауданындағы «Әлекешев» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмагелді Әлекешев 2015 жылы жиырма жылдан бері өзімдікі деп жүрген шұрайлы шабындығын тігерге тұяғы жоқ өзге біреу иеленіп шыға келгенде есінен тана жаздады. Содан бергі 4-5 жыл бойы заңды жерімді қайтарып беріңіздер деп шырылдаған шаруаның жанайқайын, малы жоқ оралдық кәсіпкердің шабындықтың шөбін шауып, бизнеске айналдырғанын көрсе де, ауыл-аудандағы атқамінерлер селт етпеді. Салы суға кетсе де, шындықтың жеңеріне кәміл сенген азамат мал-жанын жиып қойып, сергелдеңге түсті. «Қайдан келесің? Соттан келемін, сот емес-ау, оттан келемін» дегендейін басын тауға да, тасқа да ұрып, әділдік іздеген кейіпкеріміз түрлі деңгейдегі соттардың және түрлі құзырлы орындардың табалдырығын тоздырумен келеді. (Бұл жайттар жөнінде кейін айналып соғып, жазбақпыз).

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапкер Ж.Әлекешевтің БҚО бойынша филиалы – жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің аудандық (гипрозем) филиалының басшысы Н.Зихановтың «Әлекешев» шаруа қожалығына тиісті жер учаскесінің шекараларын анықтау бойынша №08-115-011-148 жер кадастрлық ісін жасаудағы жүргізілген іс-әрекеттерін заңсыз деп тану талап-арызы бойынша сот шешімі шықты. Судья Нұргүл Танкиеваның мәлімдеуінше, Азаматтық процессуалдық кодекстің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс.

– Тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың, сондай-ақ істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар өзге де жағдайлардың бар немесе жоқ екендігін анықтайтын заңды тәсілмен алынған фактілер туралы мәліметтер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады. Талапкер өз талабының негізіне өзіне тиесілі жер учаскесінің дауы бойынша ішкі істер органдарына өтініш келтірген. Осы өтініш негізінде қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған. Істі тоқтатуға Н.Зихановтың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 185-бабының 1-бөлігінде көрсетілген жалған құжаттарды дайындау қылмысының формальды белгілері бар, бірақ жалған дайындалған құжаттардың құқық беретін немесе міндеттерден босататын ресми құжаттар санатына жатпауына байланысты қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкін еместігі негіз болған. Алайда, қылмыстық іс жүргізу барысында Н.Зиханов өзінің қызметтік бабын пайдаланғаны, заң нормаларын бұзғаны талапкердің жер учаскесінің шекараларын өзгерткені, сол өзгертулерді әділет басқармасына тіркегені анықталған. Сотқа жауапкер тарапынан көрсетілген қаулыда келтірілген мән-жайларды жоққа шығаратын не болмаса қаулы, шағым бойынша өзгертілгендігі туралы дәлел ұсынылған жоқ. Егер тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме дұрыс деп есептеледі. Тергеу барысында Н.Зихановтың іс-әрекеттерін бағалау үшін тиісті сараптамалар жүргізілген. Сотқа дейінгі тергеп тексеру қылмыстық істі өндірістен тоқтату туралы қаулыда көрсетілген мән-жайлар осы азаматтық іс бойынша АПК-ның 67-бабына сәйкес анық дәлел болып саналады. АПК-ның 8-бабының 6-тармағына сәйкес ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес. Осы Н.Зихановтың талапкердің жер учаскесінің шекараларын өзгерту нәтижесінде пайда болған бос жер учаскесі жауапкер О.Ғұбайдуллинге берілген. Мұндай жағдайда О.Ғұбайдуллинге жер беру туралы шарт жарамсыз деп танылуға жатады, – деді судья Н.Танкиева.

Сот шешімі шыққанмен әлі күшіне енген жоқ. Тараптар бір ай ішінде аппеляциялық шағым түсіре алады.

Гүлбаршын Әжігереева,

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале