9.08.2022, 9:00
Оқылды: 399

Жігіттің жампозы еді

Қай кезде де несие сөйлеп, өзгелердің бос уақытын алмайтын, артық ауыз әңгімесі жоқ ауылдағы жиенім Асылбек түн жарымында телефон шалғанда жүрегім зырқ ете қалған-ды. Тұтқаны көтерген бойда арғы жақта адамның аза бойын қаза қылатын, еңіреп жылап жатқан ағайынның зарлаған дауысы ап-анық естіліп тұрды. Үш мүшелді артығымен қайырып  үлгерген еңгезердей ер-азаматтың ебіл-себіл еңкілдеп «Нағашы, Әлібектен айырылып қалдық қой» деп бір ауыз сөз айтуға ғана шамасы келді. Сосын телефонды тастай салды. Дың-дың, дың-дың... Мен мең-зең боп, есеңгіреген күй кештім. Дымы жоқ еді. Ауырған жоқ, сырқаған жоқ. Қамал алар қырық жасын тойлағанымызға бір жылда болмаған-тұғын. «Аяқ астынан бұл қалай болғаны?», «Ажалы неден болды?» деген сауалдар санамды тілгілеп жатты.

IMG-20220809-WA0001

Содан қаралы хабарды үйдегілер мен қаладағы ағайындарға қазақы дәстүр бойынша естірттік. Үй ішін үнсіздік кеуледі. Ұйқы қашып кетті. Түн ортасы. Жым-жырт. Өлі тыныштық. Шамалы уақыт өткеннен кейін Асылбек қайта қоңырау шалды. Мән-жайды толық түсіндірді. Жағдай былай болыпты. Құдалықты басқарып жүрген Әлібек өзін қолайсыз сезінгесін «Біртүрлі болып тұрмын» деп үйге келіпті. Үйдегілер жалма-жан ауыл­дың дәрігерін шақырыпты. Жан беру оңай ма?! Жүрегі қысылған 120-130 келі тартатын тау тұлғалы азамат, үйінің сарайында олай-бұлай дөңбекшіп, ары-бері бұлқынып, бір сағаттың о жақ, бұ жағында фәни жалғандағы дәм-тұзы таусылып, бақиға аттанып жүре беріпті. Болған қазаның қысқаша баяны - осы.

Одан әрі: «Ауданнан полициялар келіп жатыр, олар заң бойынша мүрдені қалаға апарып, экспертиза жасатуымыз керек» дейді. «Нағашы, онсыз да ағама ешкімнің қасақана қастандық жасамағаны айдан анық нәрсе емес пе?! Ең болмаса, бақиға он екі мүшесіне нұқсан келмей сау кеткені дұрыс қой» деп жыламсырады. Демін тереңнен алып, «Бірақ олар біздің бұл уәжімізге еш көнбей отыр» деп күрсінді. Мен тұтқаны сол жігітке беруін өтіндім. Мың болғыр азамат ілкіде өзінің заңды белден басып, бұза алмайтынын тілге тиек еткенімен, бірте-бірте «жуасып», қазақылық танытты: «Ағай, сізді танып тұрмын, дәрісіңізді тыңдаған шәкірттеріңіздің бірімін, сіздерді де түсінемін, маған басшылықтың рұқсаты керек.

Көмегім сол болсын, мен сүйекті таңға дейін ұстап тұрайын» деп кеңшілік жасады. Әлі таң атып, жұмыс басталуға үш-төрт сағат бар-тұғын.

Қолымыздан келгені түн ортасында жан-жаққа хабарласу ғана болды. Қиыны сол, хабарласқан үш кісіңнің екеуі тұтқаны көтермейді. Жұрт шырт ұйқыда. Бір кезде әйтеуір үміт оты жылт ете түсті. Сол саладағы сыйлас азамат, бұйырса, таң атсын, бәрі рет-ретімен шешіледі деген сыңай танытты. Өкінішке қарай, шаруа ақыры үйлеспеді. Заңның аты – заң. Мүрдені қалаға мәйітханаға (моргқа) әкелмесе болмайды екен. Артында қалған жесір келіншегі мен бес баласына тағайындалатын жәрдем­ақы үшін ол міндетті түрде керек екен. Сөйтіп, шілденің шіліңгір ыстығында ауылдан алпамсадай азаматты  ағайындары «Шаран» жеңіл көлігіне салып, Оралға алып келді. Мәйітханаға барсам кластастары Әләкөнді «үйірімен» күтіп жүр екен. Ол қатарларының арасында өте беделді еді. Жиналған жұрттың қарасы көп. Жарықтық көліктің ішінде жалғыз өзі есік пен төрдей болып теңкиіп жатыр. Соқталдай-соқталдай бірнеше жігіт сүйекті зембілмен (носилки) ішке ентігіп алып кірді. Жаның құлазиды. Сырты да, іші де суық ғимарат ызғарын шашып тұр.

Асылбектің тапсырмасы бойынша түске дейін бауырларым ертеңгі жаназаға қажетті ас-су мен керек-жарақты алып қойған-ды. Сонымен қаладағы өзімізге қараған бір шоғыр ағайын түс ауа Саралжынға қарай қозғалдық. Неге екенін білмеймін, «Дәдем атадан» асқаннан кейін көңілім нілдей бұзылды! Кешеден бері жан дүнием қанша құлазыса да, көзімнен бір тамшы тамбаған-тұғын. Шынымды айтсам, естіген-көрген нәрселердің бәрі өңім емес, түсім сияқты болып көрінді. Көңілім босап, еркек басыммен көз жасыма ерік бердім. Әлібектің балауса балғын шағынан бастап барлық өмір белестері сақиналы тізбектей көз алдымнан өтіп жатты. Атам қазақ қанша жер­ден «Жиен ел болмайды» дегенмен, сол қазақ «Қыздан туғанның қиығы жоқ» дегенді де айтып кеткен. Оны айтып тұрған себебім, мен туып-өсіп, тәрбиеленген орта  соңғысын үстем етті.

Бастауыш сыныпта оқып жүрген оқушы кезінде Саралжынның мәдениет сарайында «бесотарлықтар» құрған қойылымда оның «Тазша баланың» рөлінде ойнап, талантымен ел-жұртты тамсандырғаны. 9-сыныпты бітіргенше Бесотардың негізгі мектебінде оқып, 10-11-сыныпты біздің үйде жатып, Саралжында оқығаны. Мектепті бітірген жылы Оралдағы СХИ-дың ветеринария факультетінің бюджеттік тобына түсіп, әкесі Тасболат жездемнің балаша мәз-мейрам боп, қатты қуанғаны. Ал ұзақ жыл көршілес ауыл Қалдығайтыда мұғалім болып, кейін Саралжынның Бесотарында мектеп директоры болған Тасболат жездей, оның телегей-теңіз білімі – өз алдына бөлек әңгіме.

Ең бір қиыны – елімізде басталған оңтайландырудың (оптимизация) салдарынан Әлібек оқуға түсетін жылы Бесотардағы Тәкең басқаратын мектеп жабылып тынды. Соны жүрегіне ауыр алды ма, әлде басқалай себеп болды ма, күздің қара суық күндерінің бірінде не бары 47 жастағы жездеміз қан қысымының кенеттен көтерілуі салдарынан өз шаңырағында аяқ астынан ауырып, жан тапсырды. Әкелі-балалы екеуінің бір қалыптан шыққандай айнымаған бейнесі, олардың кескін-келбеті, мінез-құлқы, ақындық таланты, дауыс ырғағы, т. б. өз алдына, олардың тура келген ажалдарына дейін соншалық­ты ұқсас болғанына қайран қалмасқа лажың жоқ.

Ұлы Абайдың: «Тағдыр етсе Алла, не көрмейді пенде» дегеніне  иланбасқа  амалың  жоқ.

Өмір осылай Әлібекті ерте есейтіп, ерте ширатты. Ендігі жерде ол анасы мен үш бауырының қамқоршысы тек өзі екенін жан жүрегімен сезінді.

Иә, айта берсе әңгіме көп. Сондықтан оның жеке қасиеттеріне қысқаша тоқталайын. Ақиқат үшін айтуға тиістімін. Ол өте қонақжай еді. Қазаны ортайған жоқ. «Ағайынға жағам десең, қазанды бол» деген ұстанымнан айныған жоқ. Осы ретте үй тұрмысы, яки төсек-көрпе мен ыдыс-аяққа келгенде кіршіксіз таза һәм ас-суға келгенде ерекше бап, қай іске кіріссе де шапшаң қимылдайтын Ражиба тәтемнің (Әлібектің анасы) еңбегі орасан-ды. Келіндерімен бірге өзі қабаттасып жүріп, ойдай шаруаны  тындыратын.

Ауылға барған сайын ызғын ағайын тұрса да үнемі Әлібек пен Асылбектің үйіне түсетінмін. Оралдан шыққаннан бастап Саралжынға дейін өтірік айтқан адамға кемінде он рет звандап, қай жерде келе жатқанымды сұрайтын?! Менде әдейі аңқаусып «Тыныштық па, Әлібекжан, жаңа ғана хабарласқан жоқсың ба?» деп, жорта әртіс бола қалатынмын. «Жай, жай, нағашы! Қай шамада келе жатқаныңызды біліп отырайын дегенім ғой?!» деп жібектей есілетін. Өте кішіпейіл еді. Өмір болғасын ауылдағы ағайынның той-топыры, құда шақырысу, түлектер кездесуі, садақа беру, т. б. қонақтық жиындарға жиі жол түсетін. Осындай әр түрлі сапарларда менің жанымда болған Оралдағы, Қаратөбедегі жақын достарым Қуандық Мәдір, Мұрат Аманчиев,  Акылбек Еркеғалиев, Мәулен Салахаден, т.б. өңірімізге танымал азаматтар осы шаңырақтың кең дастарқанының дәмін татқан-ды.

Жиенімнің тағы бір назар аударарлық ерекше қыры – оның асабалық шеберлігіне күллі саралжындықтар тәнті еді. Әсіресе, табан астында суырып салатын өлеңдерімен ел-жұртқа сүйкімді еді. Ауыл халқы кейбір той-томалақтарда сырттан келген басқа тамадаларға көңілі толмай, «Әлібек, қайда?», «Әлібек, неге басқармаған?», «Қап, Әлібектің жоғын-ай?» деп оны іздеп, оған дем беріп отыратын. Шабыты бойына сыймай, өзі ыдырынып азар отырған Әлекең ортаға суырылып шығып, әріптестеріне қарсы суырыпсалма шумақтарын төкпелетіп, тойды қыздыра түсетін. Әлібектің кәдімгідей мысы басып, қайсыбір тамадалар қапелімде тосылып, асып-сасып сасқалақтап қалатын.

Түйіп айтқанда, ол елінің еркесі болды, ауылдас ағайынның аялы алақанын сезінді. Жүрегі нәзік, өте сезімтал еді. «Ердің ері, егеудің сынығындай» сүйіктіміз еді. Бір өзі он азаматқа татитын қазанаттай еді. Жақұттай жарқыраған талантымен қаршадайынан ел аузына ілігіп еді. Менен не бары үш жас кіші болса да нағашылап алдымнан кесе өтпейтін ардағым еді. Сүттен ақ, судан таза еді. Жігіттің жампозы еді. Елгезек еді. Жігерлі еді. Талантты еді. Ауылдың той-думанының сәні еді. Өкініштісі, өмірі қысқа болды. Фәни дүниеден «қамал алар қырқында» құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Жазмыштан озмыш жоқ. Жаназасына ойдан-қырдан ағылған жер қайысқан қара нөпір халық, оның қамшының сабындай қысқа ғұмырында тірнектеп жинаған абырой-беделінің өлшеміндей еді.

Со түні табиғат-анада ерекше оқыс мінез көрсетіп, қара аспанды үсті-үстіне тілгілеп, шатыр-шұтыр ойнаған жасыннан кейін толассыз құйып жауған нөсер жаңбыр – асыл ұлын ауылдастармен бірге жоқтап тұрғандай әсерге бөледі. Арда туған азаматын аза тұтқан ел-жұрт, әсіресе, өнер жолында үзеңгілес жүрген аға-інілері қазақтың ескі салты бойынша «жоқтау жырын» шығарып,  орны ойсырап қалған айбоз ұлдың фәни дүниеде енді жоқ екенін білдірмеуге тырысып-ақ бақты.

Иә, Әлібек-жан! Құдайға шүкір, «Орнында бар оңалар» демекші, «Қошқар-Текең» мен қызғалдақтай қыздарың өсіп келе жатыр. Тірі адам тіршілігін жасайды. Бұл – өмір заңы. Жақында ғана шаңырағыңда ата-баба дәстүрімен Құран оқылды. Иншалла, отың өшкен жоқ! Міне, бүгін арамыздан сенің кеткеніңе де тура үш жыл өтіпті. Інің Асылбек ата салтымен ауылдың дәмханасына ауылдас ағайын мен ел-жұртқа кең көлемде ас берейін деп жатыр. Жаратқан ие қабыл етсін! Нұрың пейіште, жаның жәннаттың гүл-бақшасында шалқуды бір Алла нәсіп етсін!

P.S. Оралдан туған топырақ – Саралжыныма қарай аттың басын бұрсам, Сенің, «Нағашы, қай жерде, қай шамада келе жатсыңыздар?» деген қоңыр дауысың құлағыма келеді де тұрады.

Жаңабек Жақсығалиев,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале