Теректі аудандық терроризм мен экстремизмге қарсы үгіт-насихат тобының мүшелері Подстепный №1 ЖОББМ-де ата-аналармен кездесті.
Күн тәртібінде мектепке оқушының орамал тағып келуі, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға екпе алудың пайдасы және теріс діни ағымның қоғамға тигізер залалы сынды мәселелер қаралды.
Жиында алғашқы сөз кезегін алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова Елбасымыз бекіткен Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамдағы» «үлкен ел – үлкен отбасы» ұғымына терең бойлап, бала тәрбиесіне салғырт қарамауды, сондай-ақ, араласып жүрген достары мен әлеуметтік желіде неге қызығатынын қадағалауды ұсынды. Себебі, бала – болашағымыз. Өскелең ұрпақтың тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс.
Одан соң аудандық білім беру бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Дамир Мендыбаев мектеп формасы төңірегіндегі ата-аналарды мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді. Аудандық орталық аурухананаң эпидемиологі Динара Қарлыбаева болса, екпенің маңыздылығына тоқталды. Ата-аналар болса, ұстаздар мен комиссия мүшелерінен айына бір рет балалармен бірге тәрбие сағатын өткізуін сұрады.
Кездесу соңында үгіт-насихат тобының мүшелері екпе алудан бас тартқан және қыздарына мектеп формасын кигізгісі келмейтін ата-аналармен оңаша сойлесті.
Аяулым Бақтығали
Теректі ауданы