15.09.2020, 11:12
Оқылды: 87

22 жасында тәлкекке түскен тағдыр

Өңірімізге белгілі өлкетанушы Жантас Сафуллин биыл Youtube желісіне Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы орталық атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу» туралы декретін жариялағаны туралы материалмен таныстырды. Және онда егер осы аталған тәркілеуге ұшыраған 71 байдың ішінен аты-жөндері танысы болса, бір хабарын беріңіздер деген өлкетанушының өтінішін де естіп қалдым. Менің бұл мақаланы жазуыма да осы әлеуметтік желіге жарияланған «Орал облысында 1928 жылы тәркіленген 71 бай» туралы мәліметті іздеген хабарламасы себепші болды. Бұл дерекке мен әңгіме еткелі отырған атамыздың өмірбаяны жарай ма, әлде аса қажеттілігі жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім. Әйтсе де, кезінде үлкендердің айтуы бойынша есте қалған естеліктермен бөлісуді жөн көрдім.

22 jas (1)

Біздің руымыз – Бесқасқаның Қарашасы. Ата қонысымыз Жаңақала ауданының №12 ауылы екен. Менің үлкен атам Сегізден екі ұл, бір қыз тараған. Үлкен ұлы Нығметтен менің әкем Ахмет, одан мен туған екенмін. Үлкендердің әңгімесінен еміс-еміс есімде қалғаны бар. Әрі өзімнің шамалауымша, Сегіз ата 1836 жылы, Нығмет 1862 жылы, ал менің әкем Ахмет 1888 жылы жарық дүниеге келген. Сегіз атамыздан қызы Рысқал және кіші ұлы Имаш тараған.

Атамыз қызын (Рысқалды) Қарақұнан Тана руының жаңақалалық Оразалы деген жігітіне ұзатыпты. Ол бай, дәулеттілер санатындағы адам болмаған. Рысқал апамыздың анасы ерте қайтыс болып кеткендіктен, ол кісіні жеңгесі, яғни Нығметтің әйелі Зәбира шешеміз ұзатқанда бірге еріп барған. Сонда «күйеу жігіттің үйіндегі киіз тозған екен. Таң атқанда әр жерінен жарық білініп тұрды», – деп айтып келіпті. Рысқал апамыз келін боп түскен алғашқы жылдардың бірінде түс көріпті. Бір ақ бура келіп үйлеріне сүйкеніп, киіз үйді құлатуға қалыпты. Таңартең жылап оянып, айналасындағыларға түсін айтыпты. Сонда енесі: «Түсің жақсы екен. Сендерге бақыт, байлық қонады», – деп жорыпты. Шындығында Оразалы жездеміз еңбекқор адам болған. Жыл сайын күзде халықтан баспақ сатып алып, оны сатып сауда жасапты. Осылай бірді екі етемін деп жүріп байып, тұрмысы түзелген. Дәулеті асқаны сондай малдарын бағатын малшы ұстапты.

1916 жылы патшаның қазақ жігіттерін жертөле қазуға жұмысқа алу жөніндегі жарлығы шыққанда менің әкем «Оразалының малшысы» деген анықтама алып, тізімнен босатылыпты. Оразалы жездеміз бен Рысқал апамыздың Төлеуғали, Жарас деген екі ұлы және Тәжіқыз деген қызы болыпты. Жездеміз өте семіріп, жүре алмастай болған соң, ақыры Саратов облысына барып, ішіндегі артық майын алдырыпты. Бірақ өзі сол жерде қайтыс болған. Ол кісінің сүйегі сол Ресей жерінде қалған екен. Әкесі қайтыс болған соң үйдің бар жұмысы кіші баласы Жарастың иығына артылған. Сондықтан тәркілеуге де осы кісі іліккен екен. Бұл әулетті тәркілеу кезінде Рысқал апа ағасы, менің атам Нығметті шақыртыпты. Келген кісілер сандықтарын бұзып ашайын деп жатқанда Рысқал апа: «Бұзбаңдар, біреулер алып пайдаланар, өзім ашып берейін», – деп сандықтарды ашып беріпті. Онда жиналған киімдері мен маталары өте көп екен. Бәрін шығарып ортаға тастапты. Шәй мен секердің көптігі сонша, бір жерге жинағанда үйіліп қалыпты. Оны менің атам Нығмет өз естелігінде айтып кеткен. «Осындай да жағдай өткен бастан», – деп анам айтып отыратын еді, жарықтық. Оразалы өте ақылды, кең кісі болған деседі. Той-топыр сияқты бір жаққа баратын болса, малшы жігіттерін өзінің екі баласымен бірдей киіндіріп, бірдей ер-тоқымымен ат мінгізіп жібереді екен. Ол кісі халыққа өте жағымды адам ретінде ел есінде қалған. Жүргіншілердің өздерін де (сол кездегі байларға қарсы адамдар) құрметтеп, тамақтандырып жіберетін болған.

1928 жылы тәркіленгеннен кейін оларды Алматыға жер аударады. Сонда үйдің иесі Жарас небәрі 22 жастағы үйленбеген жігіт екен. Ол (Жарас) 1906 жылы өмірге келген. Сол кезде Алматыда үлкен орындардың бірінде істейтін әкесінің тумасы не танысы ма әйтеуір, бір кісі оларға көмектесіп, «елге барып тұруға болады» деген қағаз алып беріпті. Елге келсе, «жер аударылған адамдар қалай келді» деп қудалай бастапты. Содан ығысып, Тасқала ауданының Кузнецов (Бірлік) ауылына келіп қоныстанады. Ағамыз 1927 жылы қазан айының 1-інде Жаңақала әскери комиссариатынан есепке алыныпты. 1941 жылы 10 шілде күні Тасқала әскери комиссариатынан майданға аттанған екен. Соғыс даласында №700 атқыштар полкінің пулеметшісі болып жауға қарсы оқ жаудырған. 1942 жылы бірінші тамыз күні жараланып, майдан даласынан босатылған. Ауылға келген күннен бастап еңбек демалысына шыққанша колхозда айтулы қызметтерді атқарған. Соңынан совхозда далалық қырманның бригадирі болып істеген. 1980 жылы Тасқала ауданының Вавилин (Бастау) ауылында татар дәмі таусылып, қайтыс болған. Соғыстан келген соң Бірлік ауылында тұратын кішкентай ер баласы бар Балғайша деген әйелге үйленген. Осы Әжім деген баланы өсіріп үйлендіріп, содан көрінген немересі Қырмызыны бауырына басқан. Қырмызы қазір Тасқалада тұрады. Ол Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Бақтығұл Жұмажанұлы Тасмағанбетовтің зайыбы. Жарас ағаның өзімен бірге туған ағасы Төлеуғалидың Қайырғали, Қайыржан деген балалары болған. Бұлардың екеуі де соғысқа қатысқан. Қайырғали елге келген соң әуелі колхозда, соңынан совхозда малшы болды. Көп жыл Кузнецов ауылында тұрып, осы ауылда қайтпас сапарға аттанды. Бүгінде Нұржан, Мержан атты соңында қалған балалары әке жаққан шамшырақты өшірмей ұстап отыр.

Қайыржан аға «Сталин» атындағы колхозда партия ұйымының хатшысы болып көп жыл қызмет істеді. Соңынан «№500 қой» атындағы совхоздың орта мектебінде директор қызметін атқарды. Тасқала ауданында түрлі басшылық жұмыстарда істеді. Балалары Мұрат, Болат, Жомарт қазіргі таңда Орал қаласында тірлік кешуде.

Жарас ағаның апасы Тәжіқыздан – Халима, Орынғали, Мухсина, Өсила деген балалар өрбіген. Сондай-ақ Халима апайдан Бекет, Райса атты ұрпақ тарады. Орынғалидан Мақсот деген бала қалды. Осы өңірді мекен еткен әкемнің туыстары жайлы бар білетін ақпаратыммен бөлісуді жөн санадым.

Белгілі болғанындай, Жарас Оразалиевтің тәркілену кезінде 30 жылқы, 209 сиыр, 278 қой және 24 түйесі болған екен. Сол кезде тәркілеушілердің тізімінде Жарас Оразалиев бай тұқымы, ру белсендісі және дауыс беру құқығынан айырылған деп жазылған. Салимихин ауданы бойынша тәркіленген Жарастың руы Тананың Қарақұлақ бөлімінен деп және көрсетіліпті.

Өтеген Ахметов,

еңбек ардагері,

Тасқала ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале