5.02.2019, 13:37
Оқылды: 19

Ақжайықтағы 7 ауылдың медициналық нысанын күрделі жөндеуге құжат дайын

Бұл туралы Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың тұрғындар алдындағы есебінде айтылды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, бірқатар басқарма басшылары қатысты.       

        aqjaiyq esep (18)

         Аудан орталығы тұсында Жайыққа көпір орнату мәселесі көптен бері сөз болып келеді. Ауқымды, күрделі мәселені шешу облыс әкімі Алта Көлгіновтің басты назарында екеніне жұрт риза. Қазір қалқымалы көпір сатып алу жұмысы атқарылуда.

         7 ауылдағы денсаулық сақтау саласы нысандарын күрделі жөндеу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама дайындалды.

         Аудан әкімі Жастар жылына байланысты мерейлі міндеттерді тұжырымдады.

         -Коворкинг орталықтарының қатары көбейетін болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай азаматтардың қолдауымен жасалып жатқан бүкіл іс түптеп келгенде, жас ұрпақтың игілігі үшін. Демеушілердің көмегімен түрлі құрылыс, көріктендіру бойынша 2017 жылы 11 млн. 586 мың теңгенің 21 жобасы жүзеге асырылса, 2018 жылы 70 млн. 470 мың теңгенің 45 жобасы жүзеге асты. Жаһанға «Мен қазақпын!» деп жар салған жерлесіміз, әйгілі ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығы таяу. Жастар бойында туған жерге деген сүйіспеншілік алаулап, білімге, еңбекке, ата-баба аманатына адалдық, атажұрттың ахуалын ажарландыратын барша іске мүдделілік көрінсе, нұр үстіне нұр, -дейді аудан әкімі.

         Облыс әкімі А.С.Көлгінов БҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген жиналысында баяндағандай, өңірімізде жұртымызды қуантқан оң өзгерістер, жетістіктер аз емес. Жиындағы өз сөзінде Ғ.Н.Есқалиев осыдан мысалдар келтіре отырып, үлкен Ақжайық ауданының одан әрі өркендеуі үшін мүмкіндіктер зор екенін айтты. Мәселен, әлі де тиімсіз пайдаланылып отырған алқаптар аз емес. Ағаш өңдеу шеберханаларын, қасапханалар неге ашбасқа? Кәсіпкерлікте жастар әлде де өздерін көрсетуге ұмтылуы керек-ақ. Алға талпынғандарға қолдау қашанда болады.

         Тұрғын-үй құрылыстары жөнінде Ақжайықта да ілкімді істер барын айта келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары мемлекет-жекеше ынтымағы негізінде баспана салуға ірі кәсіпкерлер атсалысса, қолдау жасалатынын айтты.

Болат Қосжанұлы,

Ақжайық ауданы

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале