21.12.2021, 10:00
Оқылды: 73

Аттары алысқа таралған әулет

Бөкей ордасы – дарынды  һәм даңқты тұлғаларымен аты алысқа кеткен өңір. Сондықтан еліміздің ерлік беттеріне, өнері мен ғылымына, әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан жерлестерімізді әрдайым мақтан тұтамыз. Осы ретте Әзербаевтар әулетінің де орны ерекше. Атап айтсақ, Фарух, Ғұсман Әзербаевтар  Азамат және Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерлік үлгісін көрсетсе, Мардан Әзербаев алғашқы қазақ геологтарының бірі, ал Ердан Әзербаев – химия  ғылымын дамытуда өзіндік із қалдырған тұлға. Енді Ғұбайдолла Әзербаев құрылыс саласының білікті маманы ретінде көпке танылса, Салима Әзербаева белгілі қолөнер шебері. Айта кетелік, осы мақаланы жазуға себепші болған музей қорында  сақталған  екі тарихи фотосурет. Оның бірінің артында: «Рәзия Меңдешева (Сейтқали Меңдешевтің әйелі), Маргарита Ғабдурашитовна Апсалямова (Мажит Шомбаловтың әйелі) және Хадиша Әзербаева (Шафхат Бекмұқамбетовтың әйелі)» делінген.

Солдан оңға қарай Хадиша Бекмұқамбетова- Әзербаева, Маргарита Чумбалова, Рәзия Мендешева

Шафхат Бекмұқамбетов атақты правитель Мақаш Бекмұқамбетовтың ұрпағы, алғашқы заң ережелерінің жобасын жасаушы, Қазақ АССР-ның тұңғыш прокуроры. Екінші суретте: «Хадиша Бекмұқамбетова және Разия Меңдешева. Орынбор қаласы, 1922 жыл» деп жазылған. Біз қолөнер шебері Хадиша Жарасқызы Бекмұқамбетова  мен суреттегі Хадиша Әзербаеваның бір кісі болуы ықтималдығын анықтау мақсатында және Әзербаевтарға туыстығын білмек ниетте Алматы  қаласының тұрғыны, геологияминералогия ғылымдарының докторы Әзербаев Надир Абдулкадырұлымен хабарластық. Ол кісі: «Бөкей ордасынан шыққан Әзербаевтар менің тумаларым. Яғни арғы атам Әділшадан – Әзербай, Айтпай; Әзербайдан – Қажымұрат, Төремұрат; Қажымұраттан – Жарас, Ажықан; ал менің атам Жарастан – Абдолла, Хадиша, Абдулкадыр. Абдолладан – Ғұбайдолла, Салима, Фатима, Мажит, Махмут; Абдулкадырдан – Шамиль, Надир (мен) және Асия; Хадиша ападан – Баязит, Камиль; Ажықаннан – Мархаба, Сара, Ниғмет, Мариям; Ниғметтен – Ғұсман, Мардан, Ердан, Фарух, Сыдых. Ал енді Төремұраттан – Нұрмұхамет, Бимұхамбет; Би­мұхамбеттен – Қалимолла, Сейфолла, Рахметолла, Габдрахман, Зейнолла, Қайролла; Қалимолладан – Қабдыш; Қабдыштан – Қасымхан» – деп өз естіп-білгенімен бөлісті. Сондай-ақ бізге отбасылық альбомында сақталған апасы Хадиша мен жездесі Шафхат Бек­мұқамбетовтардың 1920 жылы Орынборда түскен суреттерін әлеуметтік  желі  арқылы  жіберді.

Жалпы,  Әзербаевтар төлеңгіт руынан. Олардың аталары туралы П.Аравиннің «Дәулеткерей және ХІХ ғасырдағы Қазақтың музыкасы» атты кітабында: «Төремұрат Әзербаев төлеңгіт руынан шыққан, Дәулеткерей Қалмақ қисымын басқарып тұрған кезде старшын болған. Төремұрат өз руластарымен бірге Дәулеткерейдің қыстауымен көршілес отырған» деп жазылған. Әрі анада бөкейліктегі көне қорымдарды зерттеген кезде Сайқын ауылы маңындағы зираттан Төремұрат, Қажымұрат Әзербаевтардың құлпытастары табылды (оқыған Г. Мырзағалиева). Иә, Қажымұраттың ұлы Жарас пен оның үлкен ұлы Абдолла  Әзербаевтар Батыс Қазақстан өңіріне даңқы жайылған әйгілі зергер, ұста болған, әсем ер-тұрман әбзелдерін жасаған, әрі тігіншілікпен де айналысқан. Оған дәлел 1902 жылы Санкт-Петерборда өткен халықаралық көрмеге Жарас Әзербаев өз қаражатымен жасаған бұйымдарын апарса, Астрахан губернаторына сондағы бөкейліктердің шығынын қайтару туралы жазған өтінішхаты музей  қорында  сақталған.

«Ата өнері – балаға мұра» демекші, әкесінің шеберлігі бо­йына дарыған Хадиша Әзербаева да ұлттық ою-өрнекке бай кілемдер мен тұскиіздер, сырмақтар мен текеметтер тоқып, киіз үйге  қажетті жасау – жабдықтар және сәндік бұйымдар жасаумен көпке танымал болған. Олардың бірқатары Қазақстан, Қарақалпақстан, Ресей (Мәскеу, Санкт-Петербург) қалаларының музейлерінде сақтаулы. Оның қолынан шыққан текеметтің бір үлгісі Рим қаласының (Италия) мұражайында тұр. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, өзі жасаған бұйымдарды көрсеткені және бар. Хадиша Әзербаеваның бір текеметі інісі Абдулкадырдың ұлы Надирдің үйінде әлі күнге дейін сақтаулы тұрғанын да айта кетелік. Біз тілдескен сол Надир ағайдың әкесі Абдулкадыр Әзербаев заң қызметкері болса, анасы Софья Юсуповна Тажетдинова қазақтың қайраткер қыздары Алма Оразбаева, Мадина Бегалиевалармен бірге оқыған. Әрі ол – Орда  мұражайының не­гізін қалаушы, Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерінің иегері, «Қазақ КСР-на еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» Ахметфайыз Тажетдиновтің жиені. Ал Салима Абдоллақызы Әзербаева Мәскеудің архитектуралық институтында білім алып, алғашында республикалық орталық музейде  әшекейлеуші, кейін Алматыдағы «Тұскиіз» фабрикасында шебер болған. Ол кісінің туған топырағына тарту еткен төл туындылары мұражай қорында сақтаулы. Осынау даңқты жерлестеріміздің есімдерін ел есінде қайта жаңғыртып, игі істерін жастарға үлгі ету мақсатында музей қорықта Хадиша, Салима Әзербаевалардың шығармашылығына

арналған  онлайн-көрме өткізілді.

Тоқыса қазық шалып алашаны,

Шаршылы қошқар мүйіз  жарасады.

Жүгірткен өрмек жібін өрнек салып,

Қазақта хас шебердің бағы асады, – деп ақындарымыз жырлағандай, шебердің қолынан шыққан бұйымдар баға жетпес мұра болып қала бермек.

Ғалия Құтманбаева,

Батыс Қазақстан облыстық

Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей  қорығының мұрағатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале