22.02.2024, 17:30
Оқылды: 41

- бек, - бектер шаң басып, Раян мен Раяна топ бастап тұр

- Сыныптағы Лясан, Гюзаль, Аделялар биге қатысады. Оларда қазақы жакет бар. Менде, Айлин мен Айсуда, сосын Элифте жоқ. Мамаларымыз бірігіп, бірдей жакет алып береді.

Бұл менің жиенімнің әңгімесі. Қазақы нақыштағы кеудеше, жакет кигендері дұрыс-ақ. Бірақ менің құлағыма түрпідей тигені жиенімнің сыныптастарының есімдері болды. Қызық көріп, сыныптастарының атын сұрап шықтым. Сөйтсем, жиенім Айым мен Ерқанат деген сыныптасының есімдері ғана қазақша екен. Арзу, Асад, Руфина, Аделя, Алан, Милана боп кете береді.

Теледидардан ұзынсонар сериал көрсетіліп бастаған, сонау жылдары қыздарына Изаура, Ракель деп Мексика ма, Бразилияның ба, шетелдіктердің есімдерін қойған қазекем әлі күнге сол үрдісте екен.

ЖП этнофестиваль (1)Көрнекі фото

 Біле білсек, сәбиге ат қоюдың өзі жауапты да, сындарлы іс. Пайғамбарымыз да  баланың құлағына азан шақырып, жақсы есім қоюды үмбетіне өсиет еткен. Ата-ана жеті күн ішінде өздеріне ұнаған жақсы әрі мағыналы есімді таңдап, баласына қою керек. Ат қоятын кезде имам жүзін құбылаға қаратып, баланың оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтады, сәбиге және оның ата-анасына игі дұға жасайды.

Сол ұрпағымыздың келешегі үшін маңызы зор, ұлттық бет-бейнемізді айқындайтын сәбиге ат қою дәстүрін қалай орындап жүрміз? Балаға ат қою – игі дәстүр. Сондай-ақ бұл – әр балаға өмірінде бір-ақ рет жасалатын рәсім. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ бұл рәсімге атүсті емес, аса құрметпен қараған. Адамның есімі оның өмірі мен тағдырына әсер етеді дегенді жиі естиміз. Тіпті адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді дейді дана халқымыз. Біреулері жаңа туған сәби болашақта елге сыйлы, абыройлы, атақты болсын деген ырыммен белгілі тұлғалардың есімін берсе, енді бірі заман көшінен қалыспайық деген оймен айтылуы да, естілуі де әдемі сәнді есімдер таңдайды. Иә, сол балаларымыздың өмір жолына әсер ететін есімдер бүгінгі күні қалай қойылып жүр сол жөнінде әңгіме өрбітпекшіміз.

Кiсi есiмдерiне қарап отырып-ақ, өзiмiзге дейiн өмiр сүрген ата-бабаларымыздың тарихы, мәдениетi, тұрмысы, әдеп-ғұрыптары мен салт-санасы, дүниеге көзқарасын, неге қол созып, неден үмiт күткендiктерiн бiлуге болады. Бұрын ұл болса болды, оның есiмiне «бай», «бек», «хан» сөздерiн қосақтайтын болсақ, қазiргi кезде бұл қосымшалардың мән-мағыналары ескiрдi деп есептеп, оларды қоспайтын, қоссақ та аз қосатын болдық. Соңғы кезде мағынасыз есімдер мен өзге тілдегі аттар көптеп қойылуда. Бұл жалғаса берсе, қазақы есімдер көмескеленіп, өзгелерді былай қойып өзімізді-өзіміз танымай қалмасымызға кім кепіл?!

Мақаланы жазу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ БҚО бойынша филиалының АХАТ бойынша Бөкейорда аудандық бөлімі басшысы Айсәуле Әсетованың да пікірін білген болатынбыз.

– Бала дүниеге келгенде әр  отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысатыны белгілі. Кейбірі заманына сай, заманауи есімдерді қойып жатса, ал кейбірі ұлы тұлғалардың есімін ежелгі есімдерді қояды. 2023 жылы жаңа туған сәбилерге ауданымыз бойынша жиі қойылған топ 5 есімдер қатарына ұлдарға Омар, Хамза, Мұхаммад, Әмір, Айсұлтан, ал топ 5 қыздар есімі Медина, Айлин, Томирис, Аяла, Асылым деген есімдер кіреді. Биылғы жиі қойылып жатқан есімдер қатарына ұлдарға Раян, Рамиз, Бексұлтан, ал қыздарға Раяна, Адина, Сәнім деген есімдер сәбилерге қойылуда. Көбіне араб тілінен алынған есімдерге жас отбасылардың қызығушылығы байқалады. Сонымен қатар қазіргі таңда өте көп кездесіп жатқан жағдай ауданымызда, ата-аналар 16 жасқа дейінгі балаларының және 16 жастан асқандар жеке куәлік аларда тектерін қазақыландыруға үлкен мән беріп өзгерту енгізуде, яғни тектеріне бұрын жалғанып қойған  «ов», «ев» қосымшаларынан арылуда. Өткен 2023 жылдың өзінде рәсімделген туу туралы куәліктердің 80 % тектеріне -ов, -ев, -ова, -ева қоспаған, яғни ұлттық дәстүрге сай  атасының және әкесінің  атын тек қылып жаздырып рәсімдеген. Ол дегеніміз аудан халқы орысшаланудан арылып, қазақылыққа, ұлттық тәрбие, патриотизмге бет бұрғанның белгісі деп білемін, – дейді АХАТ басшысы Айсәуле Самиғоллақызы (суретте).

Қазақы отбасылық дәстүрде балаға ат қою рәсіміне баланың атасы мен әжесі немесе әулеттің үлкені ие болған. Ата мен ененің көзі тірі болса ұл мен келіннің балаға атты өзіміз қоямыз деуі, бертінге дейін болмаған жағдай. Балаға есім таңдау әулет үлкенінің еншісі болу құндылығы да бұл күні жойылу қаупінде екені ащы шындық. Қазақтың тарихта қалған Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Бұйдаш, Тақыр, Мамаш, Хақназар, Есім, Тәуекел, Жәңгір,Тәуке, Болат, Жолбарыс, Ералы, Нұралы, Айшуақ, Кенесары, Әбілқайыр, Бөкей, Шығай т.б. хан-сұлтандарының, батыр, би-шешен, жыраулары, яғни тарихи тұлғаларымыздың түркі, қазақ сөздерінен таңдалған есімдері «мен қазақпын» деп ұрандатып тұрғандай. Қазақ халқының ұлттық ерекшелігі, дәстүрлі ұстанымы адам атынан, тегінен көрініс тауып тұрғаны дұрыс.

Жоғарыда айтылғандай қазіргі таңда ер балалар арасында ең жиі қойылатын ат – Әмір, Әлихан. Бұл есім соңғы жылдардың көшбасында деуге болады. Бір аңғарғанымыз, Әмір, Әлихан атын иеленгендерден гөрі Али, Алихан атанғандардың саны басым. Осы бір мысалдан-ақ қазақша есімнің өзін орысшаға икемдеп алу үрдісін байқауға болады.  Сондай-ақ, естіп-көріп жүргенімідей Гюзаль, Айлин,  Айзере, Айша, Айым, Аяла, Томирис, Айару, Кәусар, Сафия, Медина, Адина деген есімдерді иеленушілердің қарасы қалың. Өзіңіз көріп отырғандай, қазіргі таңда ырымдардың басым көпшілігі маңыздылығын жоғалтуда. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Заман мен оның талаптары бір орында тұрмайды. Сол сияқты адам мен оның көзқарасы да жиі өзгеріске ұшырайды. Дүниеге қазақ баласы келгесін оған қазақша есім беру ең алдымен оның өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырмақ. Дей тұрғанмен, адамдардың талғамын талқыға салып, саралайтын біз емес, біздің міндет ой салу.

Елдің ертеңі болатын ұрпағымызға өз ұлтымызға тән, ұлттық бояуы қанық қазақы есімдер қойғанымыз жөн. Тілі бай, сөздік қоры мол, қазақ тілінде балаға абыройы асқақ, мерейі үстем болар ат қоймау елдігімізге сын. Бүгін ұрпақ не қабылдаса, ертең соның нәтижесін көрсететіндігі заңдылық. Сондықтан «біреудің қаңсығы бізге таңсық» болмауы үшін, өзге ұшпаққа шығарса да, өз ұлтына қадірсіз болғандардан оңған ешкім жоқ тарихта. Өз ұлтынан жырақтатудың зардабы ауыр екендігін ескергеніміз абзал. Қазақы есімдердің сәні мен салтанатын келістіріп қойғанда ғана, атына заты сай азамат өсіп шығады деп ойлаймыз, ағайын.

Ару Айдын,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале