5.04.2018, 17:47
Оқылды: 9

БҚО-дағы мектепте ұлттық ойындар бұрышы ашылды

IMG_8549Қазталов орта мектебінде ұлттық ойындар бұрышы ашылды.

Сабақ арасындағы үзіліске қоңырау орнына күй күмбірімен шығатын оқушылар енді осы бұрышта асық ойнай алады. Әзірге асық ату бұрышы ғана жасалды. Алдағы уақытта мектептің фойесінен бұдан да ауқымды ұлттық ойындар бұрышын ашу қолға алынбақ.

Сонымен қатар жаңалыққа жаны құштар аудандық орталықтандырылған кітапханада да жаңашыл бастама қолға алынды.

IMG-20180201-WA0009Кітапхана дәлізіне арнайы дыбыс қондырғысы қондырылып, жай ырғақта қазақтың күйлері ойналса, арасында Абайдың «Қара сөздері» де беріліп тұрады. Кітапханаға келген адам өзін рухани әлемге енгендей күй кешеді... Сонымен қатар кітапханада «Рухани жаңғыру» бөлмесі ашылды.

Енді бір таңғаларлығы, осы рухани бөлмеге А.Оразбаева атындағы орта мектебінің 4 сынып оқушысы Арсен Асланұлы өзінің жинаған 532 асығын сыйға тартты. Мынандай «үлкен сыйлықты» көргесін Арсенді әңгімеге тартқан едік.

-2-сынып оқып жүргенімде, екі асығым және қызылға боялған сақам болды. Бос  уақытта құрдастарыммен асық ойнаймын. Кейде ұтамыз, кейде ұтыламыз. Содан кейін асықтарды жинай бастадым. Анам да, әкем де әкеліп беретін. Барған жерімде асық көрсем алып келемін. Міне, 532 асығым бар. Енді осы асықтың «қызығын» өзім көрмей, кітапханаға келетін басқа құрдастарым да көрсін, ойындар ойнасын деп сыйлап отырмын. Әрі анам осы кітапханада көп жылдан бері қызмет жасайды, -деді Арсен.

Қайрат ЖАҚЫП,

БҚО, Қазталов ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале