12.07.2022, 19:39
Оқылды: 130

Дуана жаңа тұрғындар іздейді

Қазақстанның теріскейіне қоныстануға шақырып, «тегін үй, жұмыс береміз» деген шақырулар арқылы қаншама отбасы жаңа жерге көшіп барып, қонысты болып жатыр. Ондай хабарды естісек, «Міне, дұрыс. Әрі баспаналы болды, әрі солтүстікте қол күші көбейді, халық саны артты» деп мәз болып жатамыз.

350D4A59-6534-4DF3-92ED-E7E769D960C5

Сөйтсек, қоныстануға шақыру алыстағы теріскейден емес, өзіміздің ауданнан шықты.

Жұмбақтамай айтсақ, Шалқар ауылдық округінің Дуана ауылы өздеріне қоңсы қонар көпбалалы жас отбасыларды іздейді.

«Құрметті ағайын!  

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Шалқар ауылдық округі Дуана ауылына мектептегі (1-4 сынып) бала санының азаюына байланысты көп балалы отбасылар қажет.

1.  Көшіріп әкелу тегін;

2.   Үй тегін беріледі;

3.   Бір ірі қара, бір қой малдары тегін беріледі;

5.  Әйелі де, күйеуі де жұмыспен қамтамасыз етіледі;

6. Екі жылдық малдың шөбі тегін беріледі.  

Толық ақпаратты 8(776)0141282, 8(747)3627804 нөмірлерінен ала аласыздар. Пост иесі Манат Лукпанов. Жазбаны барынша таратып жіберіңіздер» деген хабарландыруды оқып, өзіне хабарластық.

 Көшіп келген отбасыға үй беріледі

 Манат Лұқпанов – Дуананың байырғы тұрғыны. Қазір осы жерде қожалық ұстап, ата кәсіппен шұғылданып отырған азамат.

- Дуана – туған ауылым. Халық көшіп, тұрғыны азайған ауылыма жаным ашиды. Өзім оқыған мектептің жабылып қалуы ықтимал дегенді білгенде, оны сақтап қалу үшін амал қылу керек деген ойға келдім. Бала саны бесеудан аз болса, мектеп жабылатын көрінеді. Содан ауылдық округ әкімдігімен, жергілікті жігіттермен ақылдаса келе, ауылға жас отбасыларды тарту жөнінде бастама көтердік. Хабарландыруда айтылғанның бәрі де болады. Мен көршімнің үйін сатып алдым. Алғашқы көшіп келген отбасыға беремін. Және өз қожалығымнан алдына мал салып, жем-шөппен көмектесемін, - дейді.

Өте жақсы бастама. Ауыл азаматтары бұл істі құптап, Дуанаға қоныстануға келген көпбалалы отбасыға көмектесеміз деп отыр. Жалғыз мектеп жабылса, ауылдағы бірен-саран жастар бала оқытатын жерге қарай көшіп, атамекен бос қалуы да мүмкін.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Дуана ауылында болғаным бар. Сол жерде бас қосқан қариялар ауыл атауының тарихы жайлы сөз қозғаған болатын. Олардың айтуынша, Шалқар көліне жақын қонған осы ауылда бір кездері сопылыққа бет бұрған бір жан болған-мыс. Есімі ел есінде қалмапты. Дегенмен, өз-өзімен беталды кетіп, жаһан даламен сырласатын, намаз уақытында оқшаулануды жаны қалайтын сол жанды ауылдастары «диуана» деп кеткен. Қоныс жерін де сол, «Диуананың ауылы» деп атап кеткен. Жылдар өте келе «Диуана» атауы өзеріп, атауға жеңіл «Дуана» болып кеткен-мыс.

Қаншалықты шындық екенін білмедік. Десек те, Дуананың тарихы сонау көшпенді қазақ заманынан басталатыны рас-ау. Осы ауылдағы жабылып қалу алдында тұрған бастауыш мектептің де тарихы ғасырға жуық екен.

 «Құшақ жая қарсы аламыз»

 Мектеп жөнінде білім мекемесінің меңгерушісі Айкөркем Сағынғалиева:

- Дуанадағы Шайхы Онашев атындағы мектеп кезінде 10 жылдық болған. Бүгінде шағын жинақты бастауыш мектеп болып қалды. 2021-2022 оқу жылында бізде бес-ақ оқушы оқыды. Шағын орталықта екі бала болды. Алдағы оқу жылында төрт оқушы оқиды деп отырмыз. Осылай оқушы саны кеми берсе, мектеп жабылады, - деп отыр.

1927 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан мектептің жабылу алдында тұрғаны қынжылтады. Аудандағы «жасы» үлкен, жүзге тақап қалған мектеп небір зобалаң жылдарды басынан өткерсе де, балаға білім беруін тоқтатқан емес. Тіпті, Ұлы Отан соғысы жылдары да бала оқытқан мектептің бейбіт, тәуелсіз кезде жабылуына жалғыз себеп – баланың аздығы.

- Баласы мектеп жасындағы жас отбасылар ауылда некен-саяқ. Өйткені, жастар баласына сапалы білім беретін мектеп іздейді. Шағын ауылда білім сапасы төмен деп есептейді. Оған негіз де бар. Ғаламтор қызметі сын көтермейді. Балаларға ағылшын, орыс тілін оқытатын мұғалім жоқ. Музыка, көркем еңбек сабақтарын жүргізетін арнайы  маман жоқ. Сондықтан, үйірмелер де жоқтың қасы. Осылардың бәрін себеп ретінде алға тартқан ата-аналар балаларын басқа мектептерде оқуға жібереді. Егер бала саны көбейсе, пән мұғалімдері де келер еді. Әзірге осы мектепте 40 жылдай жұмыс жасап келе жатқан Гүлшара Тыныштыбайқызы екеуміз сабақ береміз, - деп мектеп жайын айтқан Айкөркем Қуанышкерейқызы:

- Ауыл азаматтарының, округ әкімдігінің ауылға көпбалалы отбасыларды қоныстандыру бастамасын естіп, қуанып отырмыз. Шағын да болса, жайлы, халқы жайсаң ауылға келген жаңа тұрғындарды, мектебімізге келетін жаңа оқушыларды құшақ жая қарсы аламыз, - дейді.

 «Халқы – ұйымшыл»

 Шалқар ауылдық округінің әкімі Сабырбек Мусин Дуана халқын осылай сипаттап отыр:

- Дуана - облыс орталығынан 145 шақырым, округ орталығы Сарыөмір ауылынан 25 шақырым қашықтықта жатқан ауыл. 30 түтін, 120 тұрғын бар. Жері мал ұстауға қолайлы. Дуаналықтар негізінен малмен күнкөріс айырады. Ер азаматтар шаруа қожалықтарында жұмыс жасайды, - деп ауыл тіршілігі жайлы әңгіме тарқатқан ол - Дуанаға қазір көгілдір отын желісі тартылып жатыр. Көше бағана басындағы 10 шаммен жарықтандырылған. Қосымша тағы 5 шамды 1965 жылы туғандар алып берді. Сонымен, 30 үйге 15 көше шамы жанып тұр. Ұйымшыл дуаналықтар биыл Балалар жылына орай 1 маусым күні дала қызықтарын өздері ұйымдастырды. Жас шабандоздар бәйгеде мықтылықтарын көрсетті. Балалар лақ көтеріп, қазақша күресте белдесті. Ауылдың жомарт азаматтары тіккен бәйгені иеленген балалар мәз болды. Сондай «бір жағадан бас шығарып» жүрген ауылдастар қазір де ортақ мүдде үшін жұмыс жасап жатыр. Ауыз суды екі жер құдықтан тұтынып отырған олар  ауылдан 800 метр жердегі ескі су құбырын жандандыруды қолға алды, - деп ауылдың жақсы жақтарын айтты. Дуаналықтардың алаңдар мәселесі – электр желісінің тозуы деп ауылдың кемшін жағын да көрсетті.

Байқап отырсақ, Дуананың оңды жағы басым.

Қазақылық иісі аңқып тұрған шағын ауыл жанға да, малға да жайлы. Баспаналы болуды армандап жүрген көпбалалы отбасылар үшін бұл бастама – жақсы мүмкіндік. Округ әкімі Дуанаға көшуге ниетті отбасылардың алды  хабарласып жатыр дейді.

Ендеше, шағын ауылдың жаңа тұрғындармен, ал мектептің балалармен толығарына үміттіміз.

 Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале