25.09.2023, 13:00
Оқылды: 137

«Егер Бөкей көшпесе»: ал сіз осы өлеңге арналған күй барын білесіз бе?

Жәнібек аудандық саз мектебінің директоры, өңірге белгілі күйші Жақсылық Бисенғалиевтің дарыны көпке таңдай қақтырады. Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек еткен күйшінің туған өлкеге маңдай тері тамуда.

372911844_827223796073963_7469754028157944659_n

Шәкірт тәрбиелеуден бөлек ол жеке шығармашылығына ден қойған. Ән шырқаса қоңыр дауысы көпті елітеді. Ал жазған дүниесі жүректерден орын алып, тыңдарманына ән мен күй өнері арқылы ой сала біледі. Оның «Ана қадірі», «Астана», «Елге сағыныш», «Қызыма» және тағы да басқа авторлық әндері бар. Қос өнерді, тіпті ұстаздық жолды қосқанда сан өнерді бойына жиған Жақсылық Қаздұқұлы жақында «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сан қырлы қабілетін ашпас бұрын күй өнеріндегі туындыларына тоқталған жөн деп шештік.

Ақын Ғайсағали Сейтақтың «Егер Бөкей көшпесе» өлеңін білмейтін жан кемде кем шығар. Әсіресе, Жәнібек пен Бөкей ордасы ауданының тұрғындары жатқа айтып, тарихты тебіреніспен жеткізеді. Ал сіз осы өлеңге арналған күй барын білесіз бе? Әңгіменің әлқиссасын кейіпкеріміздің Жаңақала ауданына барған сапарынан бастайық. Облыстық оркестрлердің байқауына барған ауданның бір топ өнерпазы ішінде Жақсылық Қаздұқұлы да болған. Жаңақала ауданының кіреберісіндегі маңдайшаға жазылған ақынның өлеңіне көзі түскен. Алғашында жай оқып өткендей болғанымен, байқау басталып, аяқталғанға дейін алғашқы екі шумағын ішінен қайталай берген. Мән мен мағынаға һәм астарға ие өлеңге арналған күйдің тарихын күйшінің өз ауызынан естідік.

 - Көп көлік зулап өтіп кетті. Мен ақырын тоқтап, өлеңнің екі жолын оқыдым. Асығыс болған соң мен де көп көліктің артынан ілестім. Бірақ маған бұл өлең жолдары маза бермеді. Байқауға келгеніммен бар ойым осы өлеңде болды. Ойланбай, бірден жансақ пікір айтатындарды есіме түсірдім. Расымен, егер Бөкей көшпесе не болар еді? Ақын айтқандай, «Шекараны өзге жұрт басқа жерден сызбай ма?!» Еділ-Жайықты бетке алған қалың жұрт құмнан аспай, тоқталып қалар еді ғой. Соңында ақын: «Батырлары бар елдің хандары да ақылды», - дейді. Бұл өте орынды шешім. Әр ісін ақылға салып, елдің қамын ойлаған батырлар бір сүйем жер үшін де жан қиюға әзір болған. Ішімнен өлеңді сан мәрте қайталап, күй толғаттым. Ауылған жеткен бойда бөлмеме кіріп домбырамды алдым. Көз алдымнан өлеңдегі көріністер кетер емес. Таңғы үштің шамасында бірден күй төгіліп қоя берді. Аса қиналмадым. Күй өмірге келгеннен кейін де өлеңнің әсерінен шыға алмай, біраз жүрдім,- деді де, қара домбыраны күмбірлетті.

Күйшінің өзін былай қойғанда, тыңдаушыны да қалың ойға батыратын туынды. Жай басталып, Бөкейдің көшкенін адуынды екпінмен түсіндіреді. Қайтадан тына қалып, көшкен елдің арасына түсіреді. Рас, одан шыққың келіп арпалысасың. Дегенмен ақылға билік бергенде ғана еріксіз бас изейсің. Соңында күйші көзіне жас алды. Жүректі жарып шыққан күй шығармашылықты биік қойған жандарға осылай әсер ететінін сөзсіз.

Ақтілек Орынбасар,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале