18.06.2021, 9:23
Оқылды: 48

Күтінгенге екпе - ем

Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салу науқаны 2021 жылдың 1 ақпанында басталған болатын. Осыған байланысты еліміздің ауруханаларына вакциналар жеткізіліп, ел вирустан қорғайтын екпе алуға мүмкіндік алды.

Вакциналардың жеткізілуіне қарай науқан арнайы кезеңмен жүргізіліп, бірінші кезекте аурухана қызметкерлеріне, педагогтерге егілген болатын. ҚР Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, бұдан әрі кезең-кезеңмен жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салу жоспарланған.

Екпе салу қалай өтіп жатқанын білу мақсатында Бәйтерек аудандық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Әсем Әлібиқызымен кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз. 5890F195-8362-4A6D-B089-B6073B0C7720

-Әсем Әлібиқызы, қазір індетті жеңудің жалғыз жолы вакцина алу болып отыр. Бүгінде қанша адам егілді?

-Қазіргі таңда аудан бойынша 3792 адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 1958 адам екінші компонентпен егілді. Күні кеше ауруханаға «СпутникV» вакцинасының 900 компоненті жеткізілді. Оның 400-і егілді.

 -«Спутник V»-дан бөлек тұрғындарға қандай вакциналар салынып жатыр?

-Тұрғындарға қазіргі таңда «Hayat-Vax», «CoronaVac», «Спутник V» вакциналары егіліп жатыр. Көпшіліктің аузында жүрген танымал «Спутник V» вакцинасы Ресей елінде дайындалғанын білеміз.  Ал «Hayat-Vax» – араб, «CoronaVac» қытай елдерінде сертификатталған. Алайда соңғы екі вакцинаның атаулары әртүрлі болғанымен, құрамы бірдей. Сонымен қатар әр вакцинаның бірінші компоненті мен екінші компонентінің егілуі арасындағы уақыты да әртүрлі. Бұл ең алдымен өндірушіге байланысты. «Спутник V» тірі вакцина деп есептелсе, хаят – белсенді емес өлі вакцина. Сол себептен Ресей вакцинасының жанама әсерлері көбірек болып келеді. Олар: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, ұйқы басу сияқты симптомдар. Бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Пациенттер екпені жеңілдігіне қарай өздері таңдайды немесе дәрігердің ұсынысына сүйеніп алады.

 -Ел арасында егілуге қарсы шығып отырғандардың да бар екені рас. Сол азаматтар өзінің шешімін қалай түсіндіреді?

-Дәрігерлер бұл жағдайды ғаламтор желісіндегі қате ақпаратпен байланыстырады. Тұрғындар чиптеуге, вирустың жоқтығына көп сенеді. Жағдайға күле қарап, ойынға айналдырады. Алайда вируспен бетпе-бет жолыққан  пациенттер арасында ойларын өзгертіп, жолығып жатқандар да бар. Шын мәнінде бұл өте күрделі жағдай. Сондықтан әр ақпаратты тексеріп, вакцина туралы шынайы мәліметтерді іздеген дұрыс.

 -Вакцина алушы нені ескеруі керек? Қандай да бір шектеулер бар ма?

-Екпе алар алдындағы 1-2 күнбұрын алкогольден бас тартқан жөн. Ауыр жұмыстан шығып, шаршаңқы күйде вакцина алмаған абзал. Ең бастысы, пациент ешқандай қорқыныш сезімінсіз, көтеріңкі көңіл күйде болғаны жақсы. Бұдан бөлек, вакцина алмас бұрын пациент дәрігерге жолығуы тиіс. Дәрігердің бақылауынан өткен дене қызуы, тамақ қызаруы және өпке сырылы мен басқа да ауру белгілері жоқ адам екпе алады.

 -Неліктен тек ересек адамдар вакцина алуда? Балаларға не себепті вакцина қарастырылмаған?

-Екпе 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен бала емізіп жүрген аналарға салынбайды. Бұл әлсіз ағзаға байланысты тыйым салынған. Тағы да айта кететін жағдай, белгілері жоқ аурулары бар, химия терапия курсынан өтіп жүрген немесе басқа да медициналық ем алып жүрген пациенттерге екпе уақытша егілмейді. Ал белгілі бір аллергиялары бар адамдарға аллерголог дәрігердің анықтамасымен вакцинаны құрамына қарай егеміз..

 -Вирус тұмау сияқты мутацияға ұшырап отыра ма, оған қарсы жыл сайын жаңа вакцина жасату қажет пе?

-Бұл вакцина тұмауға қарсы вакцинамен бірдей деп айта аламын. Оған иммунитет шамамен 40-45 күннен кейін қалыптасады. Бұл иммунитет мерзімі 10 айдан 16 айға дейін сақталады. Бұдан кейін ағзамыздағы антиденелер төмендеп, иммунитет қайтадан ауруға сезімтал болады. Сол себепті қайта егілуге бәрі де дайын болуы керек.

 -Вакцинацияланған адам вирусты таратады деген сөзді көп естиміз. Олай болуы мүмкін бе?

-Иә. Егер сіз вакцинациядан өткен болсаңыз, індетті қайта жұқтырмайтыныңызға ешкім де кепілдік бере алмайды. Алайда 97% жағдайда екпе алғандар вируспен жеңіл түрде ауыратыны дәлелденген. Екпе алған пациент екінші, үшінші мәрте вирус жұқтыруы мүмкін, бірақ ауру әлдеқайда жеңіл түрде, симптомсыз өтеді. Сондай-ақ вакцинацияланған пациенттің вирусты епке алмас бұрын жұқтырған жағдайлары да тіркелген. Бұл індеттің бірден пайда болмай, 1-2 апта ішінде ағзада жатып қалыптасатынымен түсіндіріледі.

 -Екпе аламын дегендерге қандай жағдай жасалды?

-Дәрігер екпені салмас бұрын алдымен пациентке вакцинаның ағзаға әсерін жан-жақты түсіндіреді. Егер де екпеден кейін адам өзін жайсыз сезінсе, қалай әрекет ету керектігі айтылады. Екпе салғаннан кейін жарты сағат уақыт пациенттің жағдайын бақылаймыз. Бұл үшін бізде арнайы бөлмелер қарастырылған. Келесі үш күн ішінде вакцина алған адам учаскелік қызметтің бақылауында болады. Олармен күнделікті хабарласып, денсаулық жағдайлары сұралып отырады. Сол үш күн ішінде инъекция орнын сулауға, тырнауға тыйым салынады. Үш апта алкогольді ішімдіктер қабылдауға болмайды және осы кезең ішінде денсаулыққа күтім керек. Өйткені денеге бөгде зат енген сәтте ағзамыз вирусқа қарсы антиденелер қалыптастырып, онымен тоғысып, күрес жүргізеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале