Ауылда таңның атысы мен күннің батысын еңбегімен қарсы алатын жандар көп. Бірі малын бағып, бірі егістігін баптайды. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің күнделікті тіршілігі бие дүбірі мен шелектің сылдырына араласып өтеді.
Таң құланиектеніп атпай жатып, ол қымыздың бабын келтірудің қамына кіріседі. Бие сауып, саумал жинап, оны ауылдастарына ұсынады. Бие сауудың өзі де - бір өнер. Машық пен машақатты талап етеді. Ал сол өнерді он бес жыл бойы күнделікті кәсібіне айналдырып, ауылдастарына саумал ұсынып жүрген жанның еңбегі – өз алдына бір әңгіме.

Ауылда кей үйлердің тіршілігі күн шыққанда басталса, Жұмагелді Жұмақожаның ауласында күннің алғашқы қонақтары таңғы алтыдан бұрын жинала бастайды. Ауылдастары Жөке атап кеткен азаматтың ауласындағы бұл қарбаластың себебі белгілі. Ел бұл үйге саумал ішуге келеді
Таңғы сағат 6:00. Бірінің қолында бөтелкесі, енді бірі ыдысын ұстап, Жөкенің ауласына қарай асығады. Себебі осы уақыттан бастап алғашқы сауымның сүті ұсынылады. Ал екінші сауым сағат 8:00-де. Жөкенің биелерінің саумалын ауыл тұрғындарымен қатар, алыстан арнайы іздеп келіп ішетіндер де бар.
Бұл көрініс бүгінде қалыпты тіршілікке айналғанымен, оның бастауында қарапайым ғана бір ой тұрған.
Жұмагелдінің айтуынша, алғашында өзі асқазаны ауырып, ем ретінде сиыр мен ешкінің сүтін сауып ішіп жүрген. Кейін бие сүтінің де пайдасын көріп, ойға қалады.
– «Осыны неге халыққа ұсынбасқа? Мүмкін біреу болмаса, біреудің еміне себеп болармын», – деген ой келді. Сөйтіп бір бие сауып бастадым. Міне, содан бері он бес жыл өтті. Қазір ауылдағы көп адам таңғы оразасын менің ауламнан ашады, – дейді Жөке.
Бір биемен басталған тіршілік уақыт өте келе тұрақты кәсіпке айналды. Таңғы сағат алтыдағы ауладағы кезек те – соның бір дәлелі. Жөкенің саумалын ішіп үйренгендер уақытын соған қарай жоспарлайды. Бірі денсаулығына шипа іздесе, енді бірі таза әрі табиғи сусын ретінде тұтынады.
Карантин кезіндегі қиын уақытта да бұл тіршілік тоқтаған жоқ. Керісінше, саумалға сұраныс артқан. Аулада адам қарасы көбейіп, кезек күткендер көп болған. Сол кезде Жөке күніне алты мезгілге дейін сауған.
Бие сауудың бейнеті сырт көзге көрінгендей жеңіл емес. Қазір бір қарағанда, аулада тұрған биелер кезек-кезегімен сауылып, жұмыс өзінен-өзі жүріп жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ жылқымен күнделікті жұмыс істейтін адам оның жайын жақсы біледі.
Құлын туа салысымен бие сауылмайды. Алдымен құлын уызын еміп, біраз жетіліп, өз бетімен оттай бастауы керек. Содан кейін ғана желіге байланады.
– Биелердің бәрі желінін тосып, «міне, сау» деп тұра қалмайды ғой. Оның бейнеті көп. Әр биеге әртүрлі ықыласпен барасың. Теуіп, секіріп, саудырмайтыны бар. Тіпті керек болса, иімей де қоя салады. Оның үстіне, ол сенің көңіл күйіңді бір көргеннен-ақ оқып қояды, – дейді Жөке.
Осы сөзінің өзінен-ақ Жұмагелдінің жылқымен арадағы қарым-қатынасы аңғарылады. Бие сауудың өзі тек қолдың жұмысы емес, малдың мінезін түсінуді қажет етеді. Қай биеге қалай жақындау керегін, қайсысының қашан мазасызданатынын, қайсысына сабырмен қарау қажеттігін тәжірибелі адам ғана біледі.
Ал сауынның өз уақыты бар. Құлындар шамамен үш-төрт ай емізіліп, сауылады. Күз түсіп, қазан айларына қарай енесіне қайта қосылады.
– Қосатын уақыт келгенде биелердің өзі де белгі береді. Саудырмай, теуіп, мінез көрсете бастайды. Өйткені оларға да қысқа кіруге күй жинап, соған дайындалатын уақыты келеді ғой, – дейді ол.
Он бес жыл ішінде Жөкенің ауласынан қанша адам саумал ішті, қаншасы көңіліне медет тапты – оны есептеу қиын. Бірақ таңғы сағат алтыда оның қақпасына қарай ағылған ауылдастардың қарасы бұл еңбектің бағасын көрсетіп тұрғандай.
Жұмагелді Жұмақожаның бұл кәсібі отбасының да ортақ тірлігіне айналған. Жан жары Жұлдыз Хафизова екеуі аудан орталығындағы «Балдырған» балабақшасында бірге еңбек етеді. Ал бие сауып, саумал дайындайтын уақытта үйдегі бар тірлікке отбасы болып жұмылады.
Екі қызы мен бір ұлы да әке-шешесінің осы еңбегін көріп өсіп келеді. Таңғы алтыда басталатын сауын, желідегі жылқы, күнделікті тынымсыз тіршілік – балалар үшін көзбен көріп, көңілге түйіп жүрген үлкен тәрбие.

«Балаға еңбектің қадірін айтып қана қоймай, оны өзіңнің еңбегіңмен көрсеткен дұрыс» деген ұстанымдағы Жұмагелді үшін он бес жылдық сауыншылықтың мәні де осында. Бір кездері өзі ем іздеп ішкен саумалды ел игілігіне жарату үшін бір биемен бастаған іс бүгінде отбасының берекелі кәсібіне айналды.
Қ.Жеңісұлы
Сырым ауданы