30.09.2022, 18:44
Оқылды: 67

Отбасы - бақыт мекені

Қазіргі қоғамдағы өзгерістерден бе, әрі бүгінгі әлеуметтік-тұрмыс­тық жайттардың әсерінен бе, отбасы құндылықтары тасада қалып барады. Ата мен әже тәрбиесі, әке мен ана мектебі аз болуынан елімізде, соның ішінде ауданымызда жас отбасылардың ажырасуына әкеліп соғып отыр.

Өкінішке орай, бұл мәселе қоғам дертіне айналып, қалыпты жағдай ретінде қабылдайтындардың легі көп. Жас шаңырақтың шайқалуына себеп, екі жақтанда болып жатады. Яғни, отбасы жүгін мойнымен көтере алмаған ер азаматтар мен жан жылуымен балаларына шуақ, шаңырағына жылу сыйлай алмаған кейбір аналардың өз міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген жанұядан береке кете бастағаны һақ.

Мамандардың айтуынша, ажырасу соңғы бес жылда отау құрған отбасылар арасында көп болуда. Жас отбасылардың түрлі қиындыққа шыдап, төзе білуі, сөйте тұра бір-біріне деген сыйластықпен, ауызбірлікпен шаңырақты шайқалтпауы үшін жасалатын қадамдардың дені отбасы институтын қалыптастырудан басталмақ.

Осы орайда, аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы шеңберінде «Ақсай» жастары ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ықпалдасуымен Достық үйінде «Отбасы – бақыт аясы» атты шара өтті.

бөрлі 1

Шараға 50 жыл қуаныш пен уайымды, бақыт пен қиындықты теңдей көтере білген, ұрпақ өсіріп, бүгінде немере-жиеннің қызығын көріп отырған Мұрадым Садықов пен Аслима Ахметқалиева және Ахметжан-Сара Бопаеватар, 40 жыл бұрын тағдырларын біріктірген бір-біріне деген серттері мен анттарын бұзбай, қыздарын қияға ұшырып, ардақты ата, сүйікті әже атанған Дүйсенғали - Айсәуле Мукашевтар, 15 жыл әдемі некеде тұрып, өмірлерінің хрусталі берік те нық, таза да жарқын, алтын асықтай үш ұл тәрбиелеп, жетістіктерге жетіп отырған Айболат Сұлтанғалиев пен Сәнім Меңдібайлар, шаңырағының берік болып, отбасында тәртіп пен жайлылықты биік еткен, отбасыларының терезесінен имандылықтың жарқын сәулелері төгілген 10 жылдық отбасылық өтілдерімен Махамбет - Айдана Орынбасарлар, бір-біріне нәзіктік пен құрметпен қарай білу, жауапкершілік пен шынайылықты мойындай білген ұстаздар әулиеті Өтепберген-Дамира Қарасайлар шақырылды. Шуақты шараны аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың психологі Ботагөз Байқадамова жүргізіп, келген қонақтарға отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, ене мен келіннің сырлас болуы тақырыбында сұрақтар қойып, мардымды жауап алды.

бөрлі

Оған қоса, шараға қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Азаматов,аталған бөлімнің маманы Гүлсара Умирова, «Аналар» кеңесінің төрайымы Әтір Едігеева, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Толқын Хадышовалар сөз алып, тақырып аясында өз пікірлерін білдірді.

Жалпы, шараға келген қонақтардың әр қайсысы отбасындығы қиындықтың болатындығын, дегенмен барлық кедергілерге төзіп, күресе білген жанұя ғана шыңдалып, ұрпағына үлгі-өнеге бере алатындығын айтты. Отбасылар арасындағы кекілжіннің арты ажырасуға әкелмес үшін, әрі ол жағдайдан балалар зардап шекпес үшін осындай шараларды көптеп ұйымдастыру керек деді көпшілік. Жалпы, атаның батасы, әженің ақылы, әкенің тәрбиесі мен ананың мейірімі бар жерде отбасының шайқалуы да болмайды. Шара барысында ауданымызда қазақ тәрбиесіне жат, ажырасу кеселінің болмауы үшін арнайы ақпараттық үгіт-насихат тобын құру жөнінде ұсыныс та білдірілді. Үлкендер кішіге ақ батасын беріп, ақ жаулықтарын сыйлаған керемет шарада барлық келген қонақтарға ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале