21.10.2023, 16:20
Оқылды: 83

Семейден жүлдемен

Абай облысының Семей қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Ес-Аймақ» республикалық халықтық театрлар фестивалі өткен болатын. Фестивальге Республиканың әр облысынан «Халықтық» атағы бар​ театрлар қатысқан. 

IMG-20231021-WA0023

Байқауға қатысқандар арасында Алматы, Жамбыл, Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Абай облысы және Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған бөрлілік “Мұрагер” театры да бар.

Екі күнге созылған мәдени шараға еліміздің 8 облысының өнер ұжымдары қатысып, «Ең үздік қойылым», «Үздік режиссерлік жұмыс»,«Үздік әйел және ер адам бейнесі» аталымдары және Темірбек Жүргенов пен Әмина Өмірзақова атындағы арнайы сыйлық та табысталған. Халық театрлары арасындағы мұндай байқау елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль нәтижесінде «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын аудандық «Мұрагер» халық театрының мүшесі Әсел Молдағалиева иеленді. Сонымен қатар халықтық театр алғыс хат және 300 000 теңгелік сертификатқа ие болған.

IMG-20231021-WA0024

- Біз жаңадан келген режиссердің көмегімен бір ғана адамнан тұратын моноспектакльден 6 адамдық қойылым жасадық. Қойылымды өзімнің шәкіртім, талантты режиссер Нұрболат Бимағамбетов қойды. Бізге айтылған сын батыстың тіліне байланысты. Біздің “эй” деп сөйлеуіміз болды. Біздің ойынымызды мақтап, алғыстарын айтып, біздің театрмен алдағы уақытта жоғары деңгейде Алматы қаласында танысатын боламыз деді. Ең бастысы қойылым арқылы әдемі дүниелерді жеткізе білдік деп ойлаймын. “Мұрагер” театры 2014 жылы құрылды. Қазіргі таңда қоржынымызда 14 қойылым бар. Соның ішінде осы “Жас” деген қойылым қырғыз тілінен аударылған Қайрат Иманалиевтің моноспектаклі. Мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген 17 жылдың ішінде “Үздік әйел адам бейнесі” аталымы алып тұрған алғашқы жүлдем, - дейді​ “Мұрагер” халықтық театрының режиссері және жетекшісі Әсел Нағымқызы.

“Мұрагер” халықтық театры 2021 жылы Ақтөбе қаласында “Ең үздік дебюттік қойылым”, биыл Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған байқауда 3 орын және “Үздік декорация” аталымдарын иеленген. Сонымен қатар “Жас” қойылымы 2022 жылы Сырым Датұлының 270 жылдығында моноспектакльдер арасында “Үздік қойылым” аталымын жеңіп алған.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале