7.07.2021, 16:48
Оқылды: 72

Теректіде вакцина алғандар ішінде COVID-19 жұқтырғандар жоқ

Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов қол қойған жаңа қаулы шілденің басында күшіне енді. Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында жарияланған құжатта вакцинациялауға қатысты жаңа тәртіп белгіленген. Жаңа ереже бойынша вакцина алмаған адамдарға қатысты шектеулер белгілеген. Әсіресе, оффлайн режимде, басқа адаммен бетпе-бет жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін міндетті түрде вакцина алу, ал алмаған жағдайда 7 күн сайын ПТР тапсыру міндеттелген. Аталмыш қаулыда көрсетілген салалардағы мекеме-кәсіпорын қызметкерлері 15 шілдеге дейін вакцинаның бірінші компонентімен, 15 тамызға дейін екінші компонентімен егілуі тиіс. Яғни, вакцинациялау енді қарқын алады.
вакцина (1)

Біздің аудандағы вакцинациялау жайлы мәлімет алу үшін Теректі аудандық емханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Мәдина Сапароваға жолықтық.

- Күні бүгінге бес мыңға тарта теректілік вакцина алып отыр. Соның ішінде медицина қызметкерлері, полиция, педагогтар қауымы белсенді екпе алуда. Қазір қолданыста ресейлік "Спутник V", Қытайдың «CoronaVaк», қазақстандық «QazVac» вакциналары бар. Үш ай ішінде екпе алғандар арасынан коронавирусқа шалдыққандар тіркелген жоқ.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сай, өзімізге қарасты аумақта жаппай екпе жасауға дайынбыз. Тек алдымызға келген адаммен ғана емес, жалпы тұрғындармен коронавирусқа қарсы екпе алу жайында түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Әсіресе, халыққа қызмет көрсетуге тікелей қатысатын сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары және т.б. мекемелерде жасайтын адамдардың екпе салуына баса мән береміз. Жоғарыда айтып кеттім ғой, бізде бес мыңдай адам екпе алды. Вакцинациялау басталған кезде көбі қауіпті аурудың алдын алуға шақырған мамандардың сөзіне емес, «вакцинаның зияны бар», «екпе салғызған адам өліп қалыпты» деген алып-қашпа әңгімелерге сенетін. Қазір коронавирусқа қарсы екпе алуға келушілер көбейді. Ешкімді де мәжбүрлеу жоқ. Вакцинаның қарсы тұрар күш екендігіне сенім басым. Дәрігер ретінде айтарым, наурыз айынан бері де вакцинациямен тікелей айналысып келемін. Аз да болса, өз тәжірибемнен байқағаным, вакцина алған адамдар ішінде коронавирус жұқтырғандар болған жоқ. Кезінде шешек, қызылша, дифтерия, көкжөтелден адам баудай түсетін еді. Екпе салудың арқасында қазір сол аурулардың атын да ұмыта бастадық. COVID-19 вирусын да тап солай жеңуге болатындығына сенемін, - дейді Мәдина Ғабдрашидқызы.

Кейбір аумақтарда, мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында пәтер, Алматыда екпе алғандар тұрмыстық керек-жарақтар ойнатады деген хабар бар. Біздің ауданда ондай шара жоқ. Өйткені, адам өмірінің құны өте жоғары. Әрбір адам екпе алуға пәтер немесе демалысқа жолдама алу үшін емес, өз амандығы, жанындағы жақындарының амандығы үшін барса дейміз.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале