29.04.2020, 14:08
Оқылды: 59

Жайықбай каналының мәселесі шешілсе, бау-бақша егу, құс асырау, мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік туады

Сусыз өмір жоқ. Болмайды да. Жалпы тіршілік иесі үшін судың орыны ерекше. Ауданда өзен-көлдер мен тоғандар баршылық. Бірақ тақырыбымызға арқау болып отырған Жайықбай каналы тіпті бөлек әңгіме. Себебін басынан түсіндіре кетсек, қазіргі таңда аталған канал үш ауылдық округтің аумағын алып жатыр. Атап айтсақ, Атамекен, Шежін және Мереке ауылдарындағы мал шаруашылығын кезінде бос сумен қамтыған канал.

ABF8C918-6A6F-4609-AFD1-48DD7C1BC6FF

Қазіргі таңда қырық тоғыз шақырымды алып жатқан аталмыш каналдың айналасында үлкенді-кішілі 22 шаруа қожалығы бар. Ауыл тұрғындары мен шаруалардың көтеріп жүрген мәселелеріне құлақ түрген аудан әкімі Алдияр Халелов Батыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Нұрболат Жұмағалиев және тағы да басқа мамандармен Жайықбай каналының басында кездесіп, аталған мәселелерді талқылады.

– Тасқала ауданы бойынша Киров-Шежін, Жайықбай және Кебер (қазіргі Жайықбай-2) суландыру арналары және үш кіші өзен, сонымен қатар Шежін-1, Шежін-2 және Деркөл секілді алты су обьектісі бар. Ауданның оңтүстік бөлігіндегі негізгі сумен жабдықтау жүйесі Киров-Шежін суландыру арнасы болып табылады. Орал-Көшім суару жүйесінен су жеткізіледі. Жер телімінің аудан аумағындағы көлемі 624,8 гектарды құрайды. 1975 жылы салынған Жайықбай суландыру арнасы қазіргі таңда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Атамекен (148,65га), Шежін (201,65га), Мереке (98,0га) ауылдық округ аймақтарынан Киров-Шежін каналынан бастау алатын Жайықбай суландыру арнасы өтеді. Жайықбай суландыру арнасының аудан аумағындағы жалпы көлемі 448,3 гектарды, ұзындығы 44,9 шақырымды құрайды. Канал бойында 19 тоған қазылып, 17 шлюз және бес көпір салынған. Аудан бойынша Жайықбай және Киров-Шежін арналарының бойында 4415 бас ірі қара, 9683 қой және 2316 жылқы бар. Жиырма сегіз ауылшаруашылық құрылымдарына жер телімдері бөлінген. Соның төртеуі асыл тұқымды статусы бар шаруашылықтар. Кезінде 90 мыңнан астам мал басын сумен қамтыған Жайықбай каналын іске қосса, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Қазіргі кезде Жайықбай арнасын сумен толықтыру үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Арнаны өсімдіктерден тазартып, жер білігін нығайтуымыз керек. Сонымен қатар көпірлерді жөндеп, шлюздерді қайтадан орнатуға күш салу қажет болады. Тоғандарға арналар жеткізу және тазарту жұмыстарын жүргізу керек. Шалғайдағы мал шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және лимандардағы суды тиімді пайдалану үшін Жайықбай суландыру арнасының құрылысына 756,3 млн. теңге қаражат қажет. Егер аталған жоспарымыз іске асса, ауданымыздың игілігіне жарайды, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров.

Самиғолла Рахметоллаұлының айтуынша, жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын Кебер суландыру арнасының қазіргі Жайықбай-2 арнасы 1980 жылдары құрылысы басталғанмен, қаржылық қиындықтарға байланысты аяқталмай қалып, пайдалануға берілмеген. Аталған канал бойында бес шаруа қожалықтарына жер телімдері бөлінген. Қазіргі таңда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне ауданы 67,9 га жер телімін рәсімдеу үстінде. Ауданда төлқұжаты бар және балық шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын су обьектілері жоқ. Бұл арнаны іске қосу аудан бойынша мал, құс, балық шаруашылықтарын дамытуға және киік санының көбеюіне, 812 га жердегі көлтабандарға су жеткізіп, құнарлы мал азығын дайындау мөлшерін (30 мың тонна) арттыруға мүмкіндік береді.

– Бұл жерде басты мәселе – Жайықбай каналын сумен қамтамасыз ету. Осы аймақта, яғни елді мекендерде мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға су жеткізу мәселесі көтерілген болатын. Негізінен Жайықбай каналының құжаттары экспертизадан өткізіліп, жобасы дайын тұр. Қазіргі таңдағы есеп бойынша каналды жөндеу жұмыстары 770 млн. теңгеге шығып отыр. Бұл аталған қаражатты біз республикадан сұраймыз. Республикада су шаруашылығы комитетіне осы аталған мәнжайды түсіндіріп, қаражат сұрамақпыз. Келесі бюджет қаралған кезде «Жайықбай» каналын сумен қамтамасыз ету мәселесін енгізуге жұмыстанатын боламыз. Егер қолдауға ие болса, тұрғындар үшін де, шаруашылықтар үшін де тиімді болар еді. Екінші мәселе – ол Жайық өзенінен әуелі су қоймаларын толтырып, кейін каналдарға су жеткізу жағдайы. Қазіргі таңда аталған мәселелер бойынша «Қазсушар» РМК мекемесімен бірлесе жұмыстанудамыз. Су қоймаларына секундына 25 текше метр су кіріп жатқанын да айта кетуіміз керек. Сәуір айы мен мамыр айларында қоймаларды сумен толтырып үлгеруіміз керек. Киров, Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймалары басты назарда. Жалпы су қоймаларының көлемі 260 млн. кубты құрайды. Егер қоймаларды толтырып алсақ, әрі қарай аудандардағы каналдарға су жіберу жоспарымызда бар, - дейді Батыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов.  

    Бір ғана Жайықбай каналының мәселесі қаншама шаруаға қолбайлау болып тұр. Егер ол шешілсе баубақша егу, құс асырау мен мал шаруашылығын одан әрі дамытуға мол мүмкіндіктің туары сөзсіз. Жоғарыда атап өткендей, жиырмадан астам шаруа қожалығы қазірдің өзінде мал санын көбейтіп, тіпті ауыл адамдарына жұмыс көзін тауып беріп отыр. Жайықбай каналы сумен қамтамасыз етіліп, халықтың игілігіне берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале