2.02.2022, 14:40
Оқылды: 185

Жайықты жайлаған түйеқұс

Бәйтерек ауданының шаруалары соңғы жылдары өндіріске инновацияны енгізіп, көпшілікті таң-тамаша етуде. Мал басын асылдандырып, егін салғанда да жаңа технологияны енгізген шаруалар заман ағымымен жүзуде. Ол аз десеңіз, Трекин ауылдық округінің Жайық елді мекенінің алқабына африкалық түйеқұс жайып, жұртшылықты таң қалдырып жүргендер де бар. Иә. Ауданда кәдімгі теледидардан ғана көретін африкалық түйеқұс өсірілуде. Ерекше кәсіп иесі мен елде болмаған құсты көрмек ниетпен арнайы Жайыққа ат басын тіредік.

IMG-20220126-WA0037 (1)

Түбі Африка құрлығынан өрбитін түйеқұсты Бәйтереу ауданына әкелген Жанболат Ақсалов есімді азамат. Бұрын-соңды елде болмаған ірі құсты Жайық жағасына жайып жүрген «Ақбота» шаруа қожалығының иесі африкалық хайуанды осыдан алты жыл бұрын Ресейден алдырыпты.

Қара құрлықтың аптабына үйренген құсқа Қазақстанның климаты басында қолды болмағанымен, фермер оның бабын да тапқан. Алғашында екі-ақ дана болған ерекше құстың осы күні саны өскен. Бүгінде аулада бес құс жайылып жүр. Жанболат Ақсалов түйеқұсты елге жеткізгенімен, оны күтіп-баптау ісі шаруаның жары Нұржанат пен қызы Ақтотының мойнында. Көпшілікке таңсық, бұрын соңды өңірде болмаған құсты ауданымызға алғаш рет әкелгенде жергілікті халық бұған тосын қараған. Бірақ біраздан соң көздері де, бірте-бірте бойлары да үйреніпті. Осы күні Жайық ауылына арнайы ат басын бұрып, алты қырдың ар жағынан келген ерекше тіршілік иесін көрмекке келетіндер саны да артқан.

20220126_113653

-Шыны керек, бұл құстарды сатып не болмаса етін тапсырып, пайда көреміз деген жоспар жоқ. Өзіміз үшін бағып отырмыз. Бағымында үлкен ерекшелік жоқ, түрлі дәрумендер беріп, жеммен асырап отырмыз. Ең бастысы – балапан кезінде аяққа тұрғызып алсаңыз болғаны. Есейген соң өздері-ақ қорегін тауып жей алады,-дейді Нұржанат Ақсалова.

Шынын айтайық, түйеқұс баққан жанды көрмек ниетпен барған кезде әрі кетсе ірі қошқардай болатын болар деген ойда болдық. Шаруашылық иесінің жолдасы Нұржанат ханым қарсы алып, құс тұрған қора есігін ашқан кезде алдымыздан екі метрлік құс шыға келгенде таңданысымызды жасыра алмадық. Бір-біреуі баспақтай болатын құс расымен де таң қалдырады енді. Десе де үлкен құстың жанарынан сұс байқалмайды. Бірақ жат адамның өзіне онша жақындағанын қаламайтынын көрсетті.

Құс баптап отырған Нұржанат ханым да күдігімізді шындыққа айналдырып, күніге жем беріп, баптап жүрген жандарға түйеқұс тимейтінін айтты. Ал басқаларға аздап сес көрсетеді екен.

Бойы екі метр болатын түйеқұстың аталығының еті 100-150 килограммға дейін жетеді екен. Қауырсындарын бас киімге, сахналық костюмдерге пайдалануға болады. Бір жұмыртқасының үлкендігі кәдімгі теңбіл доптай. «Ақбота» шаруашылығының иесі Жанболат Ақсалов түйеқұс шаруашылығын қалдықсыз өнім ретінде қарастыра отырып, одан үлкен табыс күтетінін айтты.

Бағымының жақсылығынан болар, былтыр Жайықтағы африкалық құс өзі балапан басып шығарыпты.

-Бұл құсты баптаудың ең қиын тұсы – балапанын аяққа тұрғызу. Балапандарының табаны жұмсақ, әрі нәзік болады екен. Сол себепті оларды аяққа тұрып кеткенше мәпелеп, жылы жерде ұстаймыз,-деді Нұржанат ханым.

Бұл құстың тағы бір ерекшелігі – жұмытқаны кезектесіп басады екен. Күндіз ұрғашысы отырса, түнде еркегі оны ауыстыратын көрінеді. Сонымен қатар түйеқұс мықты жүзгіш көрінеді.

-Былтыр жазда аулаға бұралқы иттер кіріп кетіп, құстарды қатты шошытты. Сол кезде ағаш ауланы бұзып, қашып Жайық өзеніне қарай қашқан құс бөгеттен жүзіп өтті. Қуанышымызға орай қақпайлап жүріп, орнына алып келдік,-дейді құс иесі.

Сөздің шыны керек, африкалық құс біздің елдің ауарайына төзбейтін болар, не болса да оңтүстік жақта бағылады деген ойда болғанбыз. Бірақ ол ойымыз қате екен. Бірнеше жыл бойы осы құстардың бабын тауып, өсіріп отырған иесі – Нұржанат ханым түйеқұс 20 градус суықта да жүре беретінін айтады.

Негізі бұл құс өнімі өте пайдалы. Түйеқұс шаруашылығы қалдықсыз өнімге негізделген. Терісі, тұяғы, тұмсығы, еті, жұмыртқасы бәрі кәдеге жарайды. Бір түйеқұс бір қоймен пара-пар. Тез өседі, тез көбейеді. Тірі салмағының 60 пайызы еттен тұратын құс еті мейрамханаларда диеталық тағам ретінде сұранысқа ие. Ал оның терісінің беріктігі піл мен қолтырауынның терісіне пара-пар келеді. Оны аяқ киімдерді қаптауға, басқа да сәндік бұйымдарды жасауға пайдалануға болады. Бірақ біздің елде әзірге ондайсұраныс жоқ. Сол себепті де болар, қауырсыны мен терісін кәдеге асыра алмай жатыр шаруа.

-Еті сойған кезде іріқара малдыкіне ұқсас болады. Ал уақыт өте келе жылқыныкіндей болады. Кәдімгі ет сияқты оны да тұздап сақтаймыз. Ал бір жұмыртқасымен жиырма-жиырма бес адамды тойдыруға болады,-дейді Нұржанат Ақсалова.

IMG-20220126-WA0038

Әзірге шаруашылық иелерінің түйеқұстан көрген пайдасы тек жұмыртқасын сатуда болып отыр. Оның бір-біреуі он мың теңге тұрады екен. Білетін адамдар түйеқұс жұмыртқасының емдік қасиеті бар екенін де айтады. Көбіне оны спортшыларға беретін көрінеді.

Бүгінде шаруашылық иесінің қызы Ақтоты Сүйініш те ата-анасына қолғабыс етіп, құс баптауды бір кісідей меңгеріп алған. Қызықтап келген жандарға әр түйеқұсты таныстырып, олардың ерекшеліктері туралы айтып түсіндіретін де Ақтоты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жануарлар биотехнологиясы мамандығын иегеруде.

-Сабағымыз онлайнға ауысып кетті, бірақ мен барлық оқыған тақырыптарды практикамен ұштастырып отырмын десем де болады. Соның арқасында білімім толығуда,-дейді құс бағудың қыр-сырын әбден меңгерген Ақтоты Сүйініш.

Талапты қыз ата-анасы бастаған істі одан әрі жалғап, болашақта ірі құстар мен басқа мал басын баптау, асылдандыру бағытында жұмыстансам деген ниетте.

-Жалпы ірі құс бағу ісі – жақсы бизнес. Өз мамандығымды бір кісідей меңгеріп алған соң шаруашылықты кеңейтіп, ойда жүрген барлық идеяларымды іске асырсам деген ойым бар. Сонымен қатар қазіргі таңда түйеқұс етіне сұраныс жоғары көрінеді. Соған сай өзіндік құны да қымбат. Құс етінің 1 килограммының бағасы үш мың теңгенің о жақ, бұ жағында. Сол істі бір ретке келтіруіміз керек,-дейді Ақтоты Жанболатқызы.

Ерекше құсты Нұржанат пен Ақтотыдан бөлек басқа да азаматтар күтіп-баптауға қолғабыс етеді. Олардың айтуынша, қорадағы түйеқұстар негізінен сәуір айы мен қазан айында жұмыртқалайды екен.

InShot_20220202_134005733

Елімізде Жанболат секілді түйеқұсты біздің табиғатымызға үйретіп, шаруашылығын дамытып келе жатқан фермерлердің қатары көбейіп келе жатқанын жаңалықтардан көріп жатамыз. Ендеше, болашақта ауданымызда ерекше шаруашылық бастаған жандардың артынан ілескен түйеқұс шаруашылығы саласында бәсекеге қабілетті шаруа қожалықтарының саны артады деген үміт бар. Әрине, қарапайым азықпен қоректеніп, өнімді мол беретін, аса қамқорлықты қажет ете бермейтін, ал өнімі қымбат бағада бағаланып жатса, неге түйеқұсты өсіріп көрмеске? Сұраныс бар жерде ұсыныстың қашан да болатынын ескерсек, алдағы уақытта бұл бағытта бірталай жұмыстар атқарылып, түйеқұстың етін күнде жейтін күн де алыс емес сияқты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале