18.11.2022, 17:30
Оқылды: 52

Жалпақталда шағын футбол алаңы ашылды

Бүгін Казталов ауданы Жалпақтал ауылдық округінің орталығында мемлекеттік қаржы есебінен шағын футбол алаңы бой көтерді.

20221118053703_IMG_9385

Спорттық нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев қатысты. Салтанатты жиында сөз алған Қадер Қадырәліұлы ауданымызда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жалпақталдық ағайынды қуанышымен құттықтады.

- Ауданымыздың спорт саласын дамытуда атқарып жатқан жұмыстарының үлесі 47 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта 8 ауылға 31 шағын футбол алаңы салынып, 8 StreetWorkout алаңдары пайдалануға берілді. Жалпақтал ауылдық округінің өзінде күні бүгінге дейін түлектердің бастамасымен бірқатар игі жобалар жүзеге асырылды, қатарында шағын футбол алаңдары, волейбол алаңы да бар. Бұл бұқаралық спорттың дамуына серпін берері сөзсіз. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар жалғасын тауып, спортшыларымызды қолдау кенжелеп қалмасы анық, - деді аудан әкімінің орынбасары.

20221118053518_IMG_9380

Ауыл спортының дамуының айқын көрінісі іспетті, талай ала доп бәсекелерінің ордасына айнала-тұғын спорттық нысанның құрылысын «БатысҚұрылысҚызмет» ЖШС сапалы жүргізген. Мердігердің жұмысына көңілі толған ауыл ақсақалдары да өз ризашылықтарын білдірді.

- Спорт – адам баласы денсаулығының кепілі. Осы салада бірқатар спортшыларымыз тер төгіп, қазіргі таңда байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Спортшылардың дайындығы үшін қолдау қажет екендігі анық. Елімізде көп дауға қалатын футбол спортын дамыту да мемлекет алдындағы міндеттердің бірі. Бүгін, міне, ауданымыздың қаржысы есебінен ауылымызда шағын футбол алаңы ашылып отыр. Бұл мемлекеттің жалпыбұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі деп білеміз, - деді Жалпақтал ауылының тұрғыны Қадырболат Қалиоллаұлы.

Айта кетейік, мемлекет қаржысы есебінен 2021 жылы спорт кешені пайдалануға берілген болатын. Ал, жалпақталдық 1977 жылғы түлектер 2014 жылы, 1983 жылғы түлектер 2020 жылы шағын футбол және волейбол алаңын, 1972 жылғы түлектер 2021 жылы, 1985 жылғы түлектер 2022 жылдың 25 мамырында шағын футбол алаңын туған ауылдарына сыйға тартты. 1963 жылғы мектеп түлектері 2019 жылы ауылдағы Орталық саябаққа волейбол алаңын тарту еткен.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале