6.10.2021, 15:34
Оқылды: 151

Жаңа спорт алаңы ашылды

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында «Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс» деп халықтың дене шынықтыру және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту қажеттігіне аса көңіл аударғаны белгілі. Осы бағытта Шыңғырлау ауданы көлемінде бірқатар жұмыстар жүзеге асуда. Атап айтқанда, аудан орталығындағы үлкен спорт кешені мен ауылдық округтердегі 3 спорт алаңдарының құрылыстары бүгінде аяқталуға тәмам. Сол нысандардың бірі - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қарағаш ауылында ашылып отырған шағын футбол алаңы.  

6E417250-C1E6-4BBE-81C1-B32BCD28A67E

   Жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген шағын спорт алаңының құрылыс жұмыстарын мердігер «Старт» жеке кәсіпкерлігі жүргізген. Көлемі 40х20 болатын алаңда жанкүйерлерге арналған орындық, жасанды төсеніш, футбол ойынына арналған қақпа, баскетбол мен волейбол ойындарыгың  құралдары, жарық шамдар орнатылған. Ауыл жастары құрылыс жұмыстарына бей-жәй қарамай мердігерге қолдау білдіріп, ерікті түрде көмектесуі қуанарлық жағдай.

74C870C2-7559-496A-BB30-80DE43E42ADB

Спорт алаңының ашылу рәсіміне аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның қолданысқа берілуімен құттықтады. Аудан басшысы осы алаңнан елге, әлемге белгілі спортшылар тәрбиеленіп шыға берсін дей келе, құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысхаттар табыс етті.  Келесі сөз кезегін алған ауыл ақсақалы Әнжан Баймұқашев жаңа спорт алаңына, сонымен қатар өңірімізде атқарылып жатырған өзге де игі істерге ауылдастары атынан шынайы алғысын білдірсе, жобаның мердігері «Старт» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Нұрлыбек Нұрғалиев қарағаштықтарға жаңа нысанның игілігін көруге тілегін білдірді. Салтанатты шара соңында жаңа футбол алаңының лентасын аудан басшысы Әлия Биғазықызы мен мердігер Нұрлыбек Маратұлы қиып, шашу шашылды.

Ауыл өнерпаздары ауыл әнұранына айналған «Қарағашым» және «Отырардағы той» әндерін әуелете шырқап, көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады. Рәсімдерден соң ауылдық округтерден жасақталған тоғыз команда арасында футболдан әуесқойлар жарысына ұласты. Жарыс жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан командалық және жекелей дипломдар, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.  

 Аман Сағи,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале