15.07.2026, 20:10
Оқылды: 65

Жаңақаладағы байланыс мәселесі «Ашық әкімдікте» талқыланды

Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, қордаланған мәселелерді бірлесе шешу мақсатында кезекті «Ашық әкімдік» қабылдауы өтті.

image-15-07-26-08-00-1

Жиынның басты тақырыбы аудандағы интернет желісі мен ұялы байланыс сапасының төмендігі болды. Осы өзекті мәселені талқылау үшін облыстан арнайы сала басшылары мен жауапты мамандар шақырылды.

Кездесуге аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы мен оның орынбасары Ерлан Еркінұлы, БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Мәлікұлы, «Кселл» акционерлік қоғамының облыстық техникалық бөлімінің басшысы Валихан Байзенов пен мемлекеттік радиожілік қызметінің бас инженері Алтынбек Муханов қатысты. Сондай-ақ жиында «Қазақтелеком» компаниясының аймақтық менеджері Бақытжан Ниязов, «Батыс Қазақстан АЭЖК» серіктестігінің аудандық жетекшісі Сәтжан Габдуллин, облыстық байланыс сапасын бақылау және дамыту бөлімінің басшысы Ерғали Ержанов, өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Айвар Сұлташев және «Мобайл Телеком Сервис» серіктестігі филиалының директоры Сергей Васильев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

image-15-07-26-08-00

Байланыстың жиі үзілуі, ғаламтор жылдамдығының баяулығы және кейбір елді мекендерде сымсыз желінің мүлдем ұстамауы жергілікті жұрттың күнделікті тіршілігіне ғана емес, кәсіпкерлікке, білім беру жүйесі мен электронды мемлекеттік қызметтерді алуға үлкен кедергі келтіріп отыр. Жиында бұл мәселені Жаңажол ауылдық округінің әкімі Дәурен Мерешов, Жаңақазан ауылдық округінің депутаты Марс Жұмалиев, «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының директоры Жәнібек Успанов және жеке кәсіпкер Ербол Кадин ашық көтеріп, жауапты тұлғаларға нақты сауалдар қойды. Аудан әкімдігі бұл мәселелердің көбі тікелей жергілікті биліктің құзыретіне кірмейтінін, алайда халықтың талап-тілегін назардан тыс қалдырмай, жауапты байланыс операторларымен және министрлік өкілдерімен жүйелі жұмыс істей беретінін жеткізді.

Бұл кездесудің өтетіні туралы ақпарат әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда алдын ала кеңінен жарияланғанымен, жиынға тұрғындар тарапынан белсенділік байқалмады. Дегенмен аудан жұртын толғандырып жүрген интернет пен өзге де телекоммуникация қызметтеріне қатысты шағымдар мен ұсыныстар күнделікті «Telegram» желісінде белсенді талқыланып келеді.

Басқосу қорытындысында сала мамандары алдағы уақытта ауданда интернет желілерін жаңарту және модернизациялау жұмыстары жүргізілетінін, сондай-ақ шалғайдағы ауылдық округтердегі байланыс сапасын жақсарту үшін тиісті шаралар қолға алынатынын мәлімдеді.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале