28.07.2022, 12:00
Оқылды: 45

«Жасыл ел»: сана мен еңбек

Елімізде 2005 жылдан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын жүргізіп келеді. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты дәстүрлі Жолдауы негізінде құрылған жастар ұйымы – «Жасыл елге» бүгінде халықтың қояр талабы жоғары. Казталов ауданында да «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы бір жолға қойылып, алғашқы кезеңнің жас сарбаздары өз қызметін атқарғанымен, жергілікті атқарушы органның сынына ілікті.

1

Биыл аталған көшбасшы жастар ұйымы екі кезең бойынша жұмыс істеуде. Жоспарға сай 80 сарбаз ауданның абаттандыру жұмыстарына өз үлесін қосты. Мәселен, аудан орталығындағы жастар алғашқы кезеңде «Достық», «Жеңіс», «Белгісіз солдат» саябақтарын абаттандырып, көшелерді тұрмыстық қалдықтардан арылтса, жалпақталдықтар саябақтар мен ауылішілік көшелерді қоқыстан тазартты. Дегенмен аудан орталығындағы жас сарбаздардың еңбегі жергілікті атқарушы билік өкілдерінің көңілінен шықпапты. Олар басты себеп – І кезең жас сарбаздары жүргізген абаттандыру жұмысынан кейінгі саябақтардың көрінісі және патриоттық сананың төмендігі деп шағымданды.

2

– «Жасыл ел» еңбек жасағына құжат қабылдау сәуір айынан басталады. Еліміздің 16 жасқа толған кез келген азаматы өтінім беріп, құжат тапсырып, еңбек ете алады. Бұл – жастарды жұмысқа тартуға септігін тигізеді және кедергі де жоқ емес. Себебі көптеген көпбалалы отбасының балалары құжат жинауға үлгермей қалып жатады. Аталған мәселе бойынша ұсынысымызды жауапты органдарға айтып, жеткізудеміз. Дегенмен жұмысқа орналасқан жастардың басым көпшілігі уақытын босқа өткізіп, еңбексіз ақы алғысы келеді. Одан бөлек, патриоттық сана да қалыптаспаған. Егер отбасында патриоттық тәрбие болса, бала жұмысқа келген уақытта соны есте сақтап, патриоттық сезім жетегімен туған жері, елі үшін аянбай еңбек етер еді. Қазіргі таңда «Жасыл елдің» алғашқы кезеңі жұмысына назар аударсаңыз, қаулап өскен шөптен жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмегенін байқауға болады, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева.

Айша Уәлиқызының пікірінен соң «Жасыл елдің» жұмысын жүргізіп отырған орталықтар мен Казталов ауылдық округінің маманы және алғашқы кезеңнің жас сарбаздарымен бірге аудан орталығындағы саябақтарды араладық. Шын мәнінде, жастардың еңбегін жоққа шығарар көріністі байқадық. Әйтсе де мұны «жасылелдіктер» табиғат заңдылығы деп түсіндірді.

– Біз сегіз сағат жұмыс уақытымызда абаттандыру жұмысын жүргіздік. 16 маусымнан бастап, 15 шілдеге дейін саябақтарда, ауылішілік жолдар мен көшелерде еңбек етуде аянып қалмадық. Жұмыс күші көп болғанымен, құрал-жабдық аз. Мәселен, бірінші кезеңде 40 сарбаз қызмет еткен болсақ, оның бесеуінің қолына ғана құрал тиді. «Достық» саябағында баршамызға құрал-жабдық, қолғаптар жеткілікті болса, қалған саябақтарда қиындықтар кездесті. Ал жергілікті атқарушы орган өкілдерінің шағымы орынсыз. Себебі біз қызмет еткен уақытта ешкім келіп тексермеді. Бір ай өткен соң келіп, өскен шөптерді көріп, «Жұмыс істемеді» деу қисынға келмейді. Біздің жұмысымызды аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық мамандары келіп, тексеріп, жұмысқа дейін және кейінгі суреттерді жүктеп алып отырды. Енді келіп көргенімізде, шөптің қайта өскенін байқадық. Десек те өсімдіктің қайта өсіп шығуы – табиғат заңдылығы. Біз жұмыс істеген уақытымызда құрал-жабдықты үйімізден алып келдік. Қолғаптарды өз қаражатымызға сатып алдық. Мұны міндетсінбейміз. Өйткені туған жеріміздің ажарлануы біз үшін өте маңызды, – дейді «жасылелдіктер» (пікір алған кейіпкерлердің есімі өз қалауымен жазылмады).

Шын мәнінде, «Жасыл елдің» жұмысында түйткілді мәселе бар. Құжаттардың жүйеленбеуі, құралдар жетіспеушілігі, еңбекақының кеш түсуінің барлығы ата-аналардың да, жастардың да наразылығын туғызғанымен, жүргізілген түсіндіру жұмысы нәтижесінде азаматтардың түсінігі артқан. Дегенмен тиісті органның құрал-жабдық тапшылығын туғызуы жұмысты баяулатқаны анық. Оның үстіне жастардың қауіпсіздігін қадағалайтын да жергілікті әкім аппаратының маманы жоқ.

– «Жасыл елге» қатысты айтылған сынды естіп, біліп жүрміз. Біріншіден, ылғал болған соң, жерде шөптің өсуі – табиғи құбылыс. Екіншіден, Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары жұмыс уақыты біткен соң келіп, сын айтып кетеді. Бірақ қадағалау жоқ. Сын шын болуы керек деп ойлаймын. Бес құралмен және қолдың күшімен 40 жас аудан орталығын абаттандыруға отаншылдық, патриоттық сезімдері арқасында үлес қосып, аянбай еңбек етті деп есептеймін. Өйткені мен өзім басы-қасында жүріп, жұмыстарына куә болдым, – дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маманы Бексұлтан Ғилым.

3

«Жасыл елдің» мақсаты – жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы білімгерлерді еңбекпен қамтамасыз ету. Осының нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткішінде өзгеріс қалыптасады. Сонымен қатар жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау, Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімін ояту және достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру да – ұйым мақсатының бірі. Бүгінде жастар бойынан бұл қасиеттерді байқап жүрміз. Дегенмен тек жастар ғана емес, жалпы қоғамның патриоттық санасы артса, ауыл да, еліміз де ажарланар еді. Бұл ретте жауапкершілікті «Жасыл елге» ысырып қою әбестік болуы мүмкін. Өйткені олардың күндізгі еңбегін түнде саябақтарда серуендеушілер аяқ асты етіп, түрлі тұрмыстық қалдықпен табиғатты ластап, жастардың жұмысын жоққа шығаруда. Бұл да «жасылелдіктерге» қатысты сынға себеп болуы мүмкін. Бұдан мәселені бір жақты қарап, шешіп қана қоймай, қоғам жауапкершілігін арттыру мәселесін қолға алып, жетілдіруіміз керек. Сонда ғана жүйелі жұмыс қалыптасып, қоғамдық орындар талапқа сай болмақ. Ал «Жасыл ел» сарбаздарын құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табады деген сенімдеміз.

Қазіргі таңда «Жасыл ел» қатарында екінші кезеңде Казталов және Жалпақтал ауылдарын қоса алғанда, 50-ге жуық жас еңбек етуде.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале