14.06.2022, 11:15
Оқылды: 59

«Жасыл ел» жасағының жұмысы қарқынды

Маусым айынан бастап «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Жәнібек ауданы бойынша биылғы еңбек маусымына 35 жасты тарту жоспарланған. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мирас Иманғалиевтің айтуынша, жастардың жұмысын «Жасыл ел» облыстық штаб пен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бірігіп ұйымдастыруда.

IMG-20220614-WA0017

- Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады. Биылғы маусымда «Жасыл елдің» жастары 95394 теңге жалақы алады. Оның 60000 теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, қалған еңбекақысы «Жасыл ел» облыстық штаб тарапынан төленеді. Жалпы еңбек маусымына 29 жасқа дейінгі кез келген жас жұмысқа орналаса алады. Тек бастысы жасы 16-ға толған болуы шарт, -дейді М.Иманғалиев.

Штабтың басты мақсаты – жастарға жұмыс тауып беріп, орналастыру. Ал атқаратын жұмыстарды жұмыс беруші тарап ұсынады. Еңбек маусымының алғашқы маусымында 9 жас жұмысын бастап кеткен.

-Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Аудан аумағындағы саябақтар мен қоғамдық орындарды көгалдандырып, гүлдендіру, сондай-ақ 1982 жылы мектеп бітірген түлектердің ауданның ғасыр тойына сыйға тартқан «Түлектер саябағын» абаттандыру жұмыстары жатады. Барлығы бір үйдің балаларындай берілген тапсырманы бірлесіп орындайды. Жұмыс күні 8 сағаттық. Ал 16-17 жастағыларға 7 сағаттық жұмыс уақыты қарастырылған. Айлық уақытында төленеді. Әрі зейнетақы жарнасы жүреді. Сонымен қатар, жастар киіммен қамтамасыз етілді, - деді Мирас Нұржолұлы.

Аудан аумағында «Жасыл ел» жасағы алғаш рет 2014 жылы қолға алынған. Сол уақыттан бері бағдарлама жазғы уақытта жастардың демалысын тиімді өткізіп, қосымша қаржы табуын қамтамасыз етіп келеді.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале