9.04.2025, 17:30
Оқылды: 184

Жымпитыдағы «Қазақстан» көшесі Қадыр көшесі атанса жараспай ма?

Аптаның басында Сырым ауданына "Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік" атты жазушы, этнограф Зейнелла Сәніктің туғанына 90 жыл толуына орай жолға шыққан экспедиция аялдады. ҚР Жазушылар Одағы бас болған керуеннің құрамында Қасымхан Бегманов, Серік Қалиев секілді ақындар бар екен. Қаламгер Жымпитыға келіп тұрып, Қадыр туралы тебіренбесін бе?!

IMG_1640

- Мен Алматы қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы көшеде, №147 үйде тұрамын. Аяулы ақындар, асыл достар Қадыр мен Тұманбайдың көшелері Наурызбай ауданында қатар жатыр, – деп мақтанды айтыс ақыны, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, "Зейнолла Сәнік" атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев. Біз осы жерде ұялыңқырап қалдық.

Сырым ауданының орталығы – Жымпиты ауылынан Қазақстанның Халық Жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дәуірінің дарабозы болған Қадыр Мырза Әлиге көше беру туралы ұсыныс күн тәртібіне көтерілгелі де аз болған жоқ. ҚР ономастика туралы Заңына сай, әгараки бір жерге біреудің есімі таңылатын болса, ол үшін құрмет иесінің өлгеніне 5 жыл толуы тиіс екен. Ал, Қадырға мектеп аты көзінің тірісінде берілген-ді. Заңның бүйірі басқа жақтан бұлтиды ма, енді асылыңды жерге көміп, сүйегі топыраққа кіріккен кейін ғана жоқтауға, ардақтауға тиістісің!

Хош, уақыт зыр етті. Қайраткер ақын Бауыржан Халиолла Қадыр атындағы мәдениет және өнер орталығын басқарып тұрған уағында өңірде қалыптасқан қоғамдық – саяси «жылымық ауа – райын» мезетінде пайдаланып, Орал қаласындағы аялдамаға, шағынауданға ақынның асқақ атын жазып үлгерді. Бұл сәтте Жымпиты тағы сан соғып қалдық.

Биыл – ақынның туғанына 90 жыл. Қадыр Мырза Әлиге бір көше беретін мәртебелі сәт бәлкім мүмкіндік келді. Уақыттың кемесі жағалауымызға өзі келіп, қайырлап тұр. Тұлға тойының туын көтере жүріп, осы бір игі шаруаны тындыруға тиістіміз.

Қадырға көшені Жымпитының қай жерінен берген ләзім? Иә, ескі бетте бала Қадырдың ізі қалды. Ж. Досмұхамедов атындағы қос қабатты үйде анасы тұрды. Бұл тұрғынжайдың Қадыр мектебіне қараған қасбетіне қаламгердің суретін салуға болады. Ал, көшені ескерткіші тұрған орталықтан беру керек. «Қазақстан» көшесі Қадыр көшесі атанса жараспай ма?

Наурызда Жымпитыда өткен айтыста шымкенттік ақын Қажымұқан Абзал:

- Жымпиты бір көшесін бере алмаса,

Кеңсайда атам бекер жатқан болды.

Ақындықтың жолына қимаймыз ба,

Әкімияттың алдында жатқан жолды?» - дегенде ел қошеметке басқан.

Демек, халық та Қадыр есімімің лайықты биігіне қонғанын күтіп жүр.

Сіз не дейсіз оқырман?

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале