3.08.2021, 10:29
Оқылды: 92

Жымпитының Шварцнеггері

 Көзі қарақты оқырман «бодибилдер» термині атақты актер Арнольд Шварценеггермен егіз ұғым екенін жақсы біледі. Ал Жымпитының Шварценеггері Елемес Мусилов туралы не білеміз?

ЖЫМПИТЫНЫҢ ШВАРЦЕНЕГГЕРІ (5)

– Мектеп жасында жүріп-ақ спортқа алғашқы қадамын самбо күресінен бастаған Елемес қаршадайынан еңбекқор, тілалғыш бала болды. Өзге балалар сияқты сотқар болғанын көрмеппін.

Оқуда озат, спортта шымыр баланың аузынан артық сөз шықпайтын. Аудандық жарыстарда бас жүлде мен І орындарды, облыста да жүлделі орындарды қанжығалап жүрді. Оқушы кезінен шәкіртім болған Елеместің бүгінгі таңдағы жетістіктерін көріп, қуанып отырамын. Ол бәріне өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында жетуде. Оның бүгінгіден де биік асуларды бағындырарына бек сенімдімін, – дейді самбодан Қазақстан Республикасының ұлттық спорт төрешісі, жаттықтырушы Ержан Чукуров.

Иә, расымен де кез келген үлкен жетістіктің артында көп еңбек тұрады.

Осы орайда кейіпкеріміз Елеместен осы спорт түріне келуге не себеп болғанын, бодибилдерліктің қызығы мен қиыншылығы жайында сұрағанбыз.

- Осыдан бір жыл бұрын салмақ жинау үшін Ақтөбе қаласындағы «Статус» жаттығу залының жаттықтырушысы, Орта Азия чемпионы атанған бодибилдер Абдулахат Анесов өзінің шәкірті ретінде қабылдады.

Араға екі ай салып, тыңғылықты жаттығулардың арқасында алғашқы жарысқа шығуға ұсыныс келді. Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 4-орынға табан тіредім. Кейіннен Ақтөбеге оралып, көктемде өтетін Қазақстан кубогіне дайындалып жүрген кезде белгілі бір себептермен басқа жаттықтырушыға ауысуыма тура келді. Жаңа жаттықтырушым Михаил Иванов елімізге аса таныла қоймаған, аталмыш спорттың хас шебері екен.

Орта Азия чемпионатында да бақ сынап, үздік үштікке іліге алмай қалған мен араға екі апта салып кезекті Қазақстан кубогынан ІІІ орынды иелендім.

Әрине, мен үшін аз ғана уақыттың ішінде бұл айтарлықтай жетістік. Бас-аяғы бұл емес, әлі талай додада ауданымыздың атын шығарып, еліміздің туын көкке көтеретін боламын.

Тек бодибилдерлікпен нәпақа табу мүмкін емес екені белгілі. Кейіпкеріміз бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы «Life Style» фитнес-орталығында жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Бұл фитнес-орталықта Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов сияқты танымал спортшылар жаттығады екен. Оның айтуынша, отбасын асыраудан бөлек алып күш иесіне көп күтім, дәлірек айтсақ денесіне инвестиция керек. Қарапайым жаттығу өз алдына, дұрыс тамақтану, витаминдер, табиғи өнімдер ағза үшін аса маңызды.

Көптің ойынша бодибилдер көптеген тамақ түрлерінен бас тартатындай көрінеді. Бірақ шын мәнісінде кез келген тамақты жеуге болады, тек мөлшерін білу қажет. Ал сайыстарға дайындалар уақытта жаттығу мен қоса организм де баптауды қажет етеді. Рациондағы күнделікті тағамдарды суға піскен қарақұмық, күріш, ет, жұмыртқа сияқты ақуызы көп тағамдармен алмастыруға тура келеді.

Айтқандай, жерлесіміздің болашаққа жоспарлары көп. Соның бірі – болашақта сырымдық жастардың ішінде осы спорт түріне қызығушылық білдіргендерін шәкірт етіп тәрбиелеу. Бодибилдерлікпен айналысып қана қоймай, Елемес Сатыбалдыұлы өзі араласатын достарының да қызығушылығын оятқан. Оның айтуынша, жерлесі, досы Б.Күрпілдесов те осы салада 6-7 ай дайындық жасап, Батыстың қола жүлдесін де иеленіп үлгерген.

Жымпитының Шварцнеггерін біраз желі қолданушылары танып үлгерген. Өйтпегенде ше? Аз ғана уақыттың ішінде сөзбен емес, іспен өзінің мықтылығын дәлелдеп үлгерген Елеместің жұмыс орнына да өзі секілді иманды жас жігіттер instagram желісі арқылы танып, фитнес-орталыққа келіп тұрақты дайындалады екен.

Спортшының ендігі басты мақсаттарының бірі – Қазақстан Республикасының бодибилдингтен чемпионы атану. Жерлесімізге мақсаттарың орындалсын деген тілек білдіреміз.

Бодибилдер тек ерлер шұғылданатын спорт түрі емес. Әлеуметтік желі беттерінде шетелдік денелі қыз-келіншектер барын да көріп, естіп жүрміз.

Бірақ қазақ қыздарына талдырмаш, нәзік, ұлдарына кең иықты, жауырынды, батыр болмысты болған әбден жарасады.

Әйтсе де, бұл спорттың баршаға ортақ бір ерекшелігі – дұрыс тамақтануды қолға алуға, деніңнің сау болуына септігін тигізетіндігінде.

Деннің саулығы үшін бодибилдинг қана керек пе екен, басқа спорт түрлері көп емес пе деуіңіз мүмкін. Алайда ішкі және сыртқы үйлесімділіктің тең дәрежеде болып, ұзақ өмір сүру үшін де пайдасы ұшан-теңіз бе деп қалдық.

Титтей күнінде «Шварценеггердей денем болса ғой» деп армандамаған бала кемде-кем шығар. Ендігі өскелең ұрпақ шетелдің «Арнольдына», «Халкына» емес, өзіміздің қарадомалақ, тепсе темір үзетін жігіттеріне еліктеп, соларға шәкірт болса, керемет емес пе?!

 

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале