20.05.2016, 10:29
Оқылды: 28

Қылмыс қамсыздық бар жерде өршиді

Akjayik kilmis   Ақжайық ауданында егер былтырғы алғашқы төрт айда 171 қылмыстық оқиға тіркеліп, оның 119-ының тергеуі аяқталса (15 іс ашылмай, тоқтатылды), биылғы сол уақытта 151 қылмыс тіркеліп, оның 134-інің тергеуі аяқталды, 25-і ашылмай тоқтатылды.


   Жылдың төрт айында айталық, 4 ауыр қылмыс тіркеліп, сотқа жолданды. Бұлар: Құрайлысай ауылдық округіндегі Жазықбай қыстағынан тұрғындардың 18 бас жылқысының ұрлануы, екі жалған арыздану және 2015 жылғы маусым – 2016 жылғы наурыз айлары аралығында Чапаевтың бір тұрғынының жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыруы.

   Ал ұшынып тұрған ұрлықтың 91 оқиғасы тіркеліп, оның 71-ін (ашылуы 76,1%) тергеу аяқталды (былтырғы осы кезеңде ұрлықтың 71 фактісі тіркеліп, ашылуы 74,2% құрады). Соның ішінде 44-і – мал ұрлығы, оның 25-і бойынша іс аяқталды (өткен жылы аталған кезеңде мұндай 25 қылмыстың 57,9%-ы ашылды). 15 пәтер ұрлығының бәрі ашылды.

  Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов өткізген құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында осындай қылмыстардың көбінің алдын алуға мүмкіндіктің уыстан шығып кетіп отырғаны кеңінен жазылмайды. ІІБ бастығы Абылайхан Серіковтың айтуынша, ұрланған малдың басым бөлігі даладан қолды болады, яғни, бағым жоқтың қасы, сондықтан иелері түліктерінің қашан біреудің жетегінде кеткенін білмейді, полицияға мезгілінде хабар бермейді. Тұрғындар малын тым жақсы ұйымдастырып отырған ауылдардың тәжірибесінен үйренудің орнына, бұл мәселеге тіпті селқос қарау басым. Жыл сайын осы жайында ауылдарда ду-ду айтылады, бірақ сол бойда тарс ұмытылады.

   А.Т.Жоламанов осында бірнеше ауылдық округ әкімін тыңдай келіп, мына жайттарды атап көрсетті: қылмыспен күрес жөнінде түпкілікті бетбұрыс болмаса, түйінді жайттар қордалана түседі. Мал ұрлығының көбеюі соны көрсетеді. Осындай 44 оқиғада тек екеуінен басқасында түліктердің өрістен қолды болуы бірқатар ауылда бағымды ұйымдастыру әбден бетімен кеткенін көрсетеді. Бұл ретте Жамбыл, Ақжол, Жаңабұлақ, Қабыршақты ауылдық округтеріндегі басшы-қосшылар жағдайды толық білмейді, тиісті шара алуға ұмтылмайды. Жалғыз полиция әрине, бәріне бірдей үлгермейді, терең мүдделілік көрінбесе, небір құқықбұзушылық өрши түседі. Мерген ауылдық округіндегідей, қылмыстың төмендеуіне қол жеткізуге ұмтылған абзал.

   Аудан басшысы жер-жерде бейнебақылау камераларын орнатуда ілгерілеуге қол жеткізудің маңызын еске салды. Бұл құралдың арқасында келеңсіздіктің жолы кесілгенінен мысал аз емес. Ал Ақсуат ауылдық округіндегі жол бойындағы дәмханада бірнеше рет ұрлық болды, бірақ мұнда әлі күнге бейнебақылау жоқ.

   Жылдың төрт айында жолдың 7 оқиғасы тіркеліп, үш адам мерт болды (былтырғы осы кезеңде 5 жол оқиғасынан төрт адам көз жұмды). Мас күйінде көлік басқарғаны үшін 25 жүргізуші ұсталып, оның 16-сы көлік жүргізу құқынан айырылды, жетеуі әкімшілік қамаққа алынды. Аудан әкімі автомобиль жүргізушілерінің қалай дайындалып жатқанына көңіл бөлінбесе, қара жолдағы қайғылы оқиғалар азаймайтынын айтты. Дағдысы жоқ жас көлік иелері сақтықты айтпағанда, тіпті әпербақандыққа салынады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автожол және жолаушылар тасымалы қызметтері көше жолдарының жай-күйіне үңіліп отыруы, жол белгілерінің түгел болуына қол жеткізуі керек.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале