15.03.2017, 13:25
Оқылды: 24

«Асқар шыққан асқар шың»

     Осындай тақырыппен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында мәдени шара өтті.

Самбо күресінен Әлем кубогының иегері, КСРО чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевтің өмірі мен еңбегі айтыс ақындарының жырына арқау болды. Айтысқа Орал қаласынан Жансая Мусина, Теректі ауданынан Эльдар Ықсан, Жәнібек ауданынан Мұрадым Мирланов, Ақжайық ауданынан Айнабек Бисенғалиев, Бөкей ордасы ауданынан Талғат Мықи, Сырым ауданынан Бауыржан Ширмединұлы қатысты.

Ақындар өзара жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерге тоқталып, сұлу сөздің кереметін көрсетіп, естір құлақтың құрышын қандырып, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын өлең құмар қауымды бір желпінтіп тастады. Сырым ауданынан келген Бауыржан Ширмединұлы ақжайықтық Айнабек Бисенғалиевпен шыққан айтысында «Асқар деген ел білетін алып тұлға, кезінде болып еді сенгеніміз. Сол Асқардың атына дұрыс болар,  бір спорт залдың атын бергеніміз» деп облыстық спорт басқармасы басшылығына қолқа салды.

Шара барысында өңірімізге танылып жүрген әншілер әуезді әндерін орындады. Айтыс соңында аталмыш орталықтың басшысы Бауыржан Халиолла Шайхиевтер әулетінің атынан әр айтысушыға 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыстады.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале