Қазір БҚО-да 131 жанар-жағармай бекеті бар. Оның 78-і Орал қаласында. Бүгінде жазғы дизель бағасы 191-195 теңге, қысқы дизель бағасы 210-249 теңге аралығында.
-Жанар-жағармай бекеттерінің бірқатары дизель отынын көршілес Ресей Федерациясынан алады. Ол елде көтерме бағаның өзі жоғары. Облысымыздағы жанар-жағармай бекеттері қазан айының ортасынан бастап қысқы дизель әкеле бастады. Бұл өңіріміздің климаттық жағдайына байланысты.
Жазғы дизельдің қату температурасы -10℃, сондықтан ол қоршаған ортаның температурасы 0℃ жоғары болғанда пайдаланылады. Ал қысқы дизельдің қату температурасы -35℃ и -45℃ аралығында.
Дизель отынының бағасы жөнінде Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті тексеруді бастады. Дәл қазір облыстағы мұнай өнімдері базаларында қажетті көлемде жанармай бар. Жалпы нарықтағы жағдай қалыпты. Бекеттерде тапшылық пен кезек байқалмайды, -дейді БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Бейімбет Мусин.
Бүгін жазғы дизель «Қазмұнайгаз», «Гелиос», «Азов», «Батыс ГрандОйл», «VenOil» бекеттерінде 195 теңге, «Биномда» 194 теңгеден, «Конденсат» пен «Беркут» бекеттерінде 192 теңгеден, «Меркурий» бекеттерінде 191 теңгеден берілуде. Ал қысқы дизель «Қазмұнайгаз» бекеттерінде 213 теңге, «Октан» бекеттерінде - 215, «Орал Жан-ойл» бекеттерінде - 210, «Конденсатта» 215 теңгеден, «Москвичиде» - 220, «Нефтек» бекеттерінде 249 теңгеден сатылуда.
Нұрлыбек Рахманов,
zhaikpress.kz