Қазақ халқының асыл сөздерінің бірі, туыстық қатынасқа қарата «Өз жұртың күншіл, қайын жұртың міншіл, нағашы жұртың сыншыл» деген мәтел бар. Менің ойымша, нағашы жұрт сыншыл дегені сынау арқылы қайрау, жігерлендіру, «нағашы – жар, жиен – лақ» деп еркелету арқылы өмір бойы жиені нағашысының қамқорлығында болатынын аңғарту. Осындай нағашылардың бірі де бірегейі – менің нағашым Әуес Молдамұратұлы болатын.

Менің анам Насиха Молдамұратова 41 жасында 7 баламен – үлкені 14 жаста, мен 8 жаста, соңғы бала іште жесір қалды. Нағашымыз Әуестің айнымас қамқорлығының арқасында бесеумізге жоғары білім алып беріп, бәрімізді үйлі-баранды етті. Нағашым өзінің 6 баласын, анасы мен аурушаң әйелін, жесір қалған екі жеңгесі мен таяныш-тірегі болатын ұлдары жоқ екі аға-жеңгесін, өмір бойы қамқорлап өткенін көзіміз көрді. Нағашым Балқұдық кеңшарының, №3 фермасының орталығы Асанның есепшісі ғана еді. Оның тек ағайын-жұртқа ғана емес, барша ауылға қамқор бола білгенін көріп өстік. Ауылдағы бір жалқаулау жігітке 1 сом еңбекақы түскенде, ана жігіт алмаймын дегенде, нағашым: «бұл сенің қалай еңбек жасайтыныңның көрсеткіші, ал! Бұған 1 келі секер келеді, ол секерді кімнен сұрап жүресің. Бұл саған өмір бойы сабақ болсын», – деп ұрысқанын естіген едік. Осы нағашымның үлкен ұлы Асқар Әуесұлы Даулетияров 1942 жылы 23 шілде күні Таубұйрат ауылдық кеңесінде дүниеге келіпті. Осы ұлын нағашым 7 жасында Қарабайлыға күйеу-қарындасы Хасен-Латифаның үйіне жатқызып, орыс сыныбына оқуға берді. Қарабайлы Асаннан 120 шақырым жер. Ол заманда орыс тілінсіз өмір сүру мен қызмет жасаудың өзіндік қиындықтары көп болатын. Соны нағашым көре білді. Нағашымның балаларына зекіп, ұрысқанын көрген жоқпын. Асқар нағашымнан бастап бәрі тәртіпті, еңбекқор, көпшіл, қонақшыл, ағайыншыл болып өсті. 7 жасынан далада болғандықтан, әлде табиғи қасиеті ме, Асқар нағашым бауырмал, өте ағайыншыл болды. Сонау 60-жылдардан бастап, біздің үйге қысқы, жазғы каникулында әдейілеп атпен келіп, менің анам, апасы Насихаға сәлем беріп кететін. Ескі Асанда тұрғанда атпен келіп, мені артына мінгестіріп, әкемнің қосауыз мылтығына табаға қорғасын ерітіп, киік пытыра жасап, қолдан оқ дайындап аңға шығушы едік. Сары қыстау деген жерден бір теке атып алғанымыз есімде. Ол 16-17-дегі балаң жігіт, ал мен 7-8-дегі баламын. Екеуміз текенің үлкендігінен оны атқа арта алмай, мүйізінен атқа сүйретіп келгенім есімде қалды. Асқар нағашым жасында атқұмар, аңшы болды. «Өнерді үйрен де жирен» деген, маман болып жұмысқа шыққан соң, ол әуесқойлығымен айналыспаған сияқты. Асқар нағашым байсалды, сабырлы, жөнсіз істі көрсе, зе-кіп, ақырмайды, кекетіп-әзілдеп діңкесін құртушы еді. Нағашымның тағдыр жолы басқа қатарласынан өзгеше болды. Ауылда 1-сыныпты бітірген соң, жоғарыда айтқан Қарабайлыда қайта орысша 1-сыныпта оқыды. Волгоградтағы жоғары оқу орнында оқып жүрген жерінен әскерге алып кетті. Осылайша Асқар нағашым орыс арасында 20 жыл болды. Мамандығын сүйіп жасады. Орысша, қазақша таза жазып, таза сөйледі. Ауыз екі сөйлегенде «давай», «пожалуйста» деген тағы басқа орыс сөздерін қоспай, тап-таза қазақша сөйлейтініне жұрттың бәрі таңғалушы еді. Нағашымның Балқұдық кеңшарында бас селекционер-зоотехник болып ұзақ жасауы, жоғарылап өспеуіне жоғарыға есеп тапсыруда өте сауаттылығы, өтірік ақпарға жаны қас екені себепші болғанын барлық жұмыстасы айтып жүр. Кеңшар тарап, ауыл сансырап қалғанда, ауылдастарына өзі бас болып, үлгі көрсетіп, жеке шаруашылықпен айналысуы да ауыз толтырып айтарлықтай өнегелі ісі.

Асқар нағашым ауылымыздағы тәрбиелі отбасынан шыққан жоғары білімді математик Үміт Хамидоллақызына құда түсіп, той жасап 1969 жылы отбасын құрды. Үш ұл, үш қыз сүйген бақытты отбасы болды. Балаларын жоғары оқу орындарында оқытты. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, жиен сүйген абзал ата, ақ жаулықты әже атанды. Жеңгеміз Үміт ер мінезді, алғыр да жігерлі, жақсылыққа жаны құмар, белсенді де сауатты мұғалім, қоғам белсендісі болып зейнетке шықты. Жеке шаруашылық құруда да еселі еңбегі бар екені елге аян. Зейнетке шыққан соң бірыңғай шаруашылықпен айналысып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-саяси өміріне де әлі белсенділік танытып, кейінгі жастарға елге, Отанға қызмет жасаудың үлгісін көрсетіп келеді. Нағашым өмірден өтсе де, артында туған жерге туын тіккен айтулы ісі қалды. Өнегелі тәрбие алған ұрпақтары барда нағашым мәңгі жасайды.
Айтуған Шарафутдин,
ардагер-ұстаз,
Жаңақала ауданының құрметті азаматы