Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиевтің төрағалығымен Сырым ауданында 2024 жылы өтетін қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық шаралардың жоспарын бекіту мақсатында кеңес өтті.
- Әр шара – халықтың мерейін, ал ауданның мәртебесін көтереді. Сырым ауданы елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге, руханият дабылына үнемі үн қосып келеді. Алаштың ақ ордасы ретінде Жымпиты даралығын сақтауы тиіс. Сондықтан идеологиялық жұмысты бәсеңдетпеуіміз керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Былтыр Сырым ауданы Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 105 жыл және қайраткер, дәрігер Халел Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл толуына орай «DALAGER» аймақтық этно – фестивалін өткізді. Ақындар, балуандар және жыршы – термешілер бір тудың астынан табылып, тұлпардай тулады. Фестивалді ұйымдастыру барысында айтысқа түсіп жүрген ақынын танымайтын не түйе балуаны жоқ аудандарды, сахнасында домбыра ұстайтын адамы жоқ мәдениет үйлерін көрдік. Этнофестивальде осы кемшіліктерді түзесек, барымызды түгендесек деген ниетпен ұйымдастырылған-ды.
Биыл «DALAGER» аудандық деңгейде өтеді. Себебі – ауылдардағы сөз пен спорттың, әннің өкілдерін түгендеу, арасынан саңлақтарды табу – маңызды.
2024 жылы Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл толады. Әр заманның өз саясаты, әр дәуірдің өз тарихы бар. Ауған тауларында болған қанды қасапқа қазақ жігіттері де кірді, аман келгендері арамызда жүр.
- Батырлардың мұрагерлері – Ауған соғысы жауынгерлерін құрметтің жаңа биігіне көтеруге тиістіміз, – деді Артур Шерғалиев.
«Сырым елі» газеті редакциясының атынан айтулы ақын, Ақтөбеде тұратын жерлесіміз, Қазақстан Жазушылары Одағының Ақтөбе облысындағы филиалының төрағасы, ауған соғысының ардагері Бауыржан Құрманқұловпен кездесу өткізу туралы ұсыныс білдірдік.
Бұдан бөлек, биыл Сырым даласының перзенттері – Жаһаншаның ұстазы, өңірден шыққан алғашқы педагог Құрбанғали Сүйірбаевтың туғанына 155 жыл, Алаш Орда үкіметінің батыстағы қайраткері, ауыл шаруашылығы саласының маманы, саяси қуғындалған Кәрім Жәленов пен алғашқы қазақ дәрігері Есенғали Қасаболатовтың туғанына 135 жыл, ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Халиолланың туғанына 45 жыл, спортшы, самбо, дзюдо және қазақ күресінен облыстың абсолютті чемпионы, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдиннің туғанына 60 жыл толады.
Мамырда Алаштың аяулы ақын қызы, Жаңылдың жырдағы сіңлісі, айтыскер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шолпан Қыдырниязова 75 жасқа толады. Бұл тойды Қаратөбе емес, Сырым өңірі бастауы тиіс. Себебі, ақынның әкесі Батыр – күнінде ақын ретінде танылған жан, біздің Бұланда дүниеге келген. Шолпанның өлеңдегі өрлігі Шідертінің толқындарымен байланысып жатыр.
Тұлғаларды тану мен дәріптеу жұмысына жаңашылдық керек-ақ.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz