20.04.2024, 22:16
Оқылды: 95

Ұстаз жолы – өнеге

Өмірлік жолдың алғашқы қадамдарын айқындап берген, өмірдің сан қырлы сырларын білуге, сан қилы құбылыстарын терең ұғынуға мұрындық болған Сәкен мектебі көңіл төрінен әрқашан орын алары сөзсіз.

ff287aec-2a70-42b7-b7f5-ef0b97f66c3c

Ал сол мектепте ең алғаш боп қаланың тыныс-тіршілігінен бейқам ауыл балаларын жылы шыраймен қарсы алған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зейнолла ағайдың ашаң жүзі әкеміз қарсы алғандай болып еді. Алғашқы күннен бастап әр сабағында «жілік майын шаққандай» етіп талдауға да, зерттеуге де қалай еніп кеткенімізді байқамай қалдық. Балалықпен үй тапсырмасын орындамай қалсақ, жазамыз оқу бағдарламасында жоқ ақын шығармаларын іздеу болатын. Менің бір «жазам» Ғұмар Қараш шығармашылығы туралы мәлімет жинау болды. Интернет дегенді білмейтін ауыл баласы үшін кітапханалар үлкен «азық» болды. Ақынның сол кезде бір ғана «Замана» кітабын табу мен үшін үлкен бақыт еді. Бала көңіл сол уақыттан бастап ғылыми зерттеу жұмысын жасап жүргенімді байқамаған екенмін. Кейін Ф. Оңғарсынова лирикаларындағы әйел бейнесін жинақтай бастадық. Дәл осы тақырыппен мектеп мұғалімдері арасынан шыққан республикадағы және облыстағы алғашқы ғылым кандидатының алдынан тәлім алған шәкірті екендігімді мақтанышпен айта аламын.

Зейнолла Мүтиев - Дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында 1993-2003 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаз. Жоғары санатты мұғалім. Ол ғылыми дәрежесін С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында қызмет етіп жүріп қорғады.

Қазіргі таңда мектеп-интернат шәкірттеріне «Әдеби өлкетану» элективті курсынан дәріс оқып, оқушыларды ғылыми жобаларға дайындауға баулуда.

5625922c-a82a-4739-bbcf-310276262a15

Ұстаз өмірінің өткеніне үңілсек, ұстаздың білім беру мен ғылымдағы жетістіктері аталған мектеп қабырғасынан бастау алады. З. Мүтиев - Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің облыстық олимпиадасының жеңімпазы (Орал, 1994). ҚР Мұғалімдерінің І педагогикалық оқуларының жүлдегері (Алматы, 2000). ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Жүзден жүйрік» атты ІІІ Республикалық конкурстың жүлдегері (Алматы, 2001). «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» белгісінің облыстағы алғашқы иегері (2001).

Мұғалімдікпен қатар қазақ әдебиеттану мәселелерімен айналысып, ғылыми–зерттеу, оқу-әдістемелік еңбектер жазды. «Гуманитарлық (адамгершілік) бағыттағы лицейдің 10 сыныбында қазақ әдебиетін оқыту Авторлық бағдарламасы (үлгі жоспары) Абай атындағы Қаз ҰПУ-нің қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде мақұлданып, ресми құжат есебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында (№11–12. 1995; №3–4. 1996) жарияланды, озық тәжірибе ретінде республика ұстаздарына ұсынылды. Аталған авторлық бағдарламасы Сәкен мектебінде сынақтан өтті. Сонымен бірге Сәкен Сейфуллин өмірі мен шығармашылығын және ақын атындағы мектеп тарихын зерттеумен де айналысты.

2000 жылы «Фариза Оңғарсынованың лирикасы» деген тақырыпта (ғылыми жетекшісі – филол. ғ.к., профессор Серік Мақпырұлы, ресми оппоненттері – ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі, профессор Серік Қирабаев, ф.ғ.к., доцент Шөмішбай Сариев) кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

З. Мүтиев Сәкен мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты тәжірибелі мұғалімі ретінде ҚР 5-11 сыныптарға арналған қазақ тілі және қазақ әдебиеті жаңа буын оқулықтарын байқаудан өткізуге белсене ат салысты. Сынақтан өткен жаңа буын оқулықтары мен оқу хрестоматияларының мазмұны, дидактикалық материалдардың құрылымы хақында республикалық, облыстық баспасөз беттеріне мақалалар жариялап отырды. Сонымен бірге өзі қызмет еткен білім ошағының өмір тынысынан да баспасөз беттеріне хабардар етуді де ұмыт қалдырмады.

Зейнолла Жақсылықұлы өзі ұстаздық еткен мектебінің өткен тарихы мен сол білім ордасын басқарған басшылардың озық тәжірибесін баспасөз беттерінде ұдайы насихаттап отырды. Мәселен, Сәкен мектебінің 75 жылдық мерейтойына орай 1954-1988 жылдары бір орында мызғымастан мектеп мұғалімінен бастап мектеп директорына лауазымына дейін көтеріліп, ұзақ жыл басшылық қызметте істеп, 1978-1979 жылдары қазіргі мектеп құрылысын тұрғызуға бірден-бір себепкер болған есімі елге мәшһүр ұлағатты ұстаз Мариям Абдушеваның ерен еңбегін ардақтап «Атанған мұқым жұрттың Мариямы (ұстаз өмірі мен шығармашылығы) // («Орал өңірі». 19 қазан 1999 ж.)» атты мақала жарияласа, кейін сол аты аңызға айналған басшының ізін жалғастырған, мектепті заман талабына сай лицейге айналдырып, білім ошағының мерейін облыс, республикаға танытқан жаңащыл директор Ерсайын Сапаров ерен еңбегін дәріптеген «11-ші мектебі Оралымның» (оқу орнының іс-тәжірибесі туралы) // («Егемен Қазақстан», 11 маусым 1996 ж.)», «Дарынды оқушыларды ауылдан іздейді» // («Егемен Қазақстан». 3 шілде 1996 ж.) аталған мақалалары жарияланды.

З. Мүтиевті сәкентанушы ғалым ретінде де танимыз. Ол сәкентанушылар С. Қирабаев, Т. Кәкішевтың идеялық мұратын жалғастырушы қатарынан да көріне білді. Мектеп атын иеленген қазақ поэзиясының ақиық дауылпазы, қазақ әдебиетінде социалистік реализмнің негізін қалаушы күрескер ақын Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арнап әр жылда сериалы мақалалар жариялап отырды. Атап айтқанда «Социалшыл екен деп... (С. Сейфуллиннің туғанына 100 жыл толуына орай) // («Қазақ әдебиеті». №1. 1994 ж.), «Қандай жан «Қызыл атқа» мін тағады? (С. Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасындағы қоғамдық-саяси көзқарас) // («Орал өңірі», 1 қараша. 1994 ж.), «Сәкен есімі – мәңгілік» (С. Сейфуллиннің туғанына 105 жыл толуына орай) // («Жайық үні». 15 қазан 1999 ж.), «Сәкеннің Орал сапары» // Халықаралық ғылыми–практикалық конференция материалдары. (Жәңгір хан ат. БҚАТУ. - Орал, 2005)», «Сәкеннің Орал сапары» // «С. Сейфулллин – азамат ақын, жазушы, қоғам қайраткері». (Облыстық ғылыми – теориялық конференция материалдары. - Орал, 2006)», «Сәкентану және қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері // (Облыстық ғылыми–теориялық конференция материалдары. - Орал, 2007)» мақалаларында ақын тұлғасы әр қырынан ашылады.

Сонымен бірге ғалым ұстаз өзі он жыл ұстаздық еткен мектеп-лицей шәкірттерінің ғылыми жобаларына кеңес беріп, рецензиялар жазды. Солардың бір-екісіне тоқталсам, олар: «Рецензия» // Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп–интернат кешенінің 11 «а» сынып оқушысы Файзолла Алпамыстың «Қадыр Мырза Әли шығармашылығындағы экология тақырыбы және гуманизм мәселелері» ғылыми-зерттеу жобасы баяндамасына (Орал, 2011), «Рецензия // Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп–интернат кешенінің 11 «а» сынып оқушысы  Бисекова Данагүлдің «Мұқағали Мақатаевтың махаббат лирикасындағы тағылым» ғылыми- зерттеу жобасы баяндамасына (Орал, 2011) т.б.

Зейнолла Жақсылықұлы пән мұғалімі ретінде де жемісті еңбек етті. Ұстаздың бірнеше шәкірті облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Олар: Динара Кенжебаева, Талант Арғынғали, Нұрсәуле Ахатова, Ақбаршын Әбужалитова және басқалар. Сынып жетекшісі боп әрі сабақ берген бір кездегі оқушылары қазір елімізге белгілі қоғам мен өнер қайраткерлері, ұстаз жолын қуған мектеп мұғалімдері. Олар: Абзал Құспан, Жәудір (Сисенбаев) Айболат, Жанар Дүйсенғалиева, Нұргүл Қошқарова, Меңтай Сұлташева, Мария Шагиева, Нұржан Қоңқашев, Ербол Төкестай, Шынар Боранова және тағы басқалар.

Ұстаз туралы ой-толғанысымды қорыта келе, ыстық қайраты мен білімін оқушы бойына сіңіре білген, нұрлы ақылымен шәкіртіне жарық сәуле шашқан, жылы жүрегімен баланың жан дүниесін баурай білген ұстазымды осы бір ардақты атаудың шын иегері деп есептеймін.

Альбена Қуатова,

БҚО білім басқармасы

білім беруді дамыту орталығының әдіскері,

педагог-зерттеуші, магистр,

ұстаз шәкірті,

1997 жылғы түлегі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале