17.09.2024, 16:00
Оқылды: 16

«Барлық ресурсты электр қуатын өндіруге арналған мүмкіндік ретінде қарастыру керек» – Гүлмира Мұрсалова

Қазіргі уақытта елімізде өндірілген энергияның 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін стансаларда өндіріледі. Бұл стансалардың барлығы, негізінен, өткен ғасырда салынған.

2E77AB69-557C-4951-B566-5D39147ED7F3

Сурет: freepik.com

Нысандардың көбі әбден тозған. Әрине, олар жөнделіп, жаңартылып жатыр. Десе де, болашақта жаңа стансалар салу қажет.

Бұл туралы жуырда ҚР Энергетика министрлі­гі­нің Атом энергетика­сы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова онлайн-семинарда айт­ты. Гүлмира Мұрсалова елде­гі атом саласын дамыту және энергия қауіпсіздігі мәселе­сіндегі атом электр стансасының рөліне тоқталды.

Оның мәліметінше, елде жыл сайын энергия тұтыну көлемі өсіп келеді. Ал жетіспейтін энергия шекаралас мемлекеттер­ден сатып алынуда. 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі 115 млрд кВат/сағат болған. Электр стансалары 112 млрд кВат/сағаттан астам электр қуатын өндірген.

– Болашақта электр тапшылығын болдырмау үшін қазірден бастап шаралар қабылданып жатыр. 2035 жылға дейін қуаттылығы 26 500 МВат стансалар салу жоспарланып отыр. Әрине, жаңартылған энергия көздері дамытылады. Осы жылдың 6 айының нәтижесі бойынша бүкіл өндірілген энергияның 6,5 пайызы жаңартылған энергия көзде­рінен алынған. Қызылорда, Түркістан облыстарында, Ал­маты, Шымкент қалаларында газбен жұмыс істейтін стансалар салынады. Бір айта кететін жайт, көмірмен жұмыс істейтін стансалар өңірлерде жылумен жабдықтау үшін пайдаланылады. Алайда қазіргі халықаралық экологиялық саясатқа байланысты қаржы ұйымдары көмірмен жұмыс істейтін стансаларға инвестиция бөлмейді.

Себебі олардың СО2 шығарындылары өте жоғары. Мысалы, Қазақстандағы көмірқышқыл газ шығарындыларының 80 пайызға жуығы энергетикаға тиесілі. Қазақстан да 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін шаралар қабылдауы қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, еліміздің қай жерлерінде жаңадан су электр стансасын салуға болатынына зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар референдумның нәтижесі оң болған жағдайда, біз қуатты екі реакторы бар бір атом электр стансасын салуды қарастырып жатырмыз. Себебі атом электр стансасы жасыл энергетикаға жатады. АЭС 24 сағат бойы электр энергиясын өндіреді. Еуропа елдері атом энергетикасын жасыл таксономияға («жасыл» жобалар санаттарын жіктеу) енгізді, – деді Гүлмира Дауытқызы.

16D0F907-21ED-4812-82EC-E5AD008D0D55

Гүлмира Мұрсалованың мә­ліметінше, Жамбыл облы­сында электр энергиясын жинақтау жүйесі бар қуаты 1000 МВт жел электр стансасын салу жоспарланған. Осы ретте газбен жұмыс істейтін стансалар салудың да маңызы зор. Себебі жел мен күн жоқ кезде стансалар электр энергиясын өндірмейді. Яғни жаңартылған энергия көздері табиғатқа тәуелді. Энергетика мамандарының сөз қолданысында «қуатты пайдалану коэффициенті» деген термин бар. Бұл әлеуетті экономикалық өнімнің үлесін өлшейді.

Маманның айтуынша, қуаттылығы 100 МВт жел электр стансасы жыл бойы осынша энергия өндірмейді. Оның тек 40-42 пайызы ғана өндіріледі. Ал күн электр стансалары бойынша қуатты пайдалану коэффициенті тек 18 пайыз екен. Әрине, солай бола тұра, жаңартылған энергия секторы дамытылады. Тіпті, 2025 жылға қарай жаңартылған энергия көздерінің үлесін  6 пайызға дейін жеткізу міндеті бар. Алайда бұл меже былтыр орындалған. Биылғы 6 айда бұл көрсеткіш 6,5 пайыз болған.

– «Жасыл» энергияға жата­тын тұрақты энергия көзі – атом энергиясы. Сол себепті бүкіл әлем атом энергетикасын дамытуды мақсат етіп отыр. Қазақстан уран өндіруден әлемде бірінші орын алады. Ал уранның табиғи қоры бойынша екінші орында. Осыған сәйкес, біз өзіміздің барлық ресурсты электр энергиясын өндіру мүмкіндігі ретінде қарастыруымыз керек. Қазір әлем бойынша 415 реактор жұмыс істеп тұр. Ең көп реактор АҚШ-та – 94, Францияда 56 реактор бар. Біріккен Араб Әмірлігі биыл 4 энергоблокты бірінші АЭС-ін салып бітірді. Сондай-ақ Түркия өзінің алғашқы АЭС-ін салып жатыр. Көршілес Өзбекстан да АЭС салуды жоспарлап отыр. Ал Қытайда бір аптада бір жаңа реактордың құрылысы басталады. Қазір онда 28 реактор салынып жатыр. Атом энергетикасын дамытуды қолға алған көптеген елдің бұл салада тіпті тәжірибесі жоқ.

Ал Қазақ­станда, яғни Ақтау қаласында 1973-1999 жылдары жылдам нейтронды БН-350 реакторы жұмыс істеді. Реактор қызмет ету мерзімі аяқталған соң жабылды. Бұл біздің елдің атом электр стансасын пайдалануда тәжірибесі бар деген сөз. 2021 жылы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында атом электр стансаларына арналған дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Оның өнімдері Қытайдағы АЭС-ке экспортталады. Елімізде АЭС салуға қатысты көптеген зерттеу жүргізілді. АЭС салу үшін екі орын – Абай облысының Курчатов қаласы мен Алматы облысының Үлкен  ауылы қарастырылды. Қазақстан – Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) мүшесі. Елімізде бірнеше ядролық нысан болғандықтан осы ұйыммен бұрыннан бірлесіп жұмыс істейді. АЭС салғанда экологиялық, климаттық, геологиялық факторлар, қыс пен жаздың алмасуы, желдің бағыты есепке алынады, – деді ведомство өкілі.

3671F87B-2715-40C8-AEF0-8301A6FEA7A7

Гүлмира Дауытқызы атом индустриясы еліміздің экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. Ғы­лыми-техникалық және жо­ғары білікті кадрлардың өсуі­не, өнеркәсіпті дамытуға  мүмкіндік береді. Елде өнді­рілетін ядролық отын базасы пайдаланылады. АЭС-тің құрылысына 8 мың адам жұмылдыру жоспарланған. Ал АЭС іске қосылғанда онда шамамен 2000 мың адам жұмыс істемек. Оның 400-дейі атом саласының маманы болмақ.

Сонымен қатар ол АЭС салудың экономикалық, әлеуметтік, техникалық және экологиялық артықшылықтары бар екенін айтты. Әсіресе, станса салынатын өңірлердің инфрақұрылымы жақсаратынын атап өтті.

– Атом электр стансасының реакторын салқындатуға қажет су Балқаш көлінен алынады. Мәселен, қуаты 1200 МВт екі блокты АЭС-тің салқындату мұнараларындағы судың жылдық шығыны 0,063 млрд текше метр деп бағаланады. Балқаш көлінің көлемі – 108 млрд текше метр. Жылына көл бетінің булану көлемі – 18,934 млрд текше метр. АЭС-ке жұмсалатын су шығынының жылдық мөлшері көлдің табиғи булануының ~0,33%-ын құрайды, – деді Гүлмира Мұрсалова.

Сонымен қатар ол әлем елдеріндегі реакторлардың даму эволюциясына тоқталды. Мысалы, ядролық энергиядан жылу энергиясын, электр энергиясын алуға бағытталған бірінші буындағы реактор 1950-1960 жылдары салынған. 1970-1980 жылдары салынған екінші буындағы реакторлар, негізінен  коммерциялық реакторлар. Осы реакторлар Чернобыль мен Фукусимада қолданылған. Бұл реакторлар әлі жұмыс істеп тұр. Ал үшінші буындағы реакторлар – 1990-2020 жылдар аралығында салынған және салынып жатқан реакторлар.

Тек қазіргі АЭС-терде бұған дейінгі барлық апаттық жағдайлар ескерілген. Төртінші буындағы реакторлардың әзірше жобасы ғана бар. Ал Қазақстан ІІІ+ суы бар жеңіл су реакторларын қарастыруда. Оны 8 балдық жер сілкінісінде, су тасқынында, жылдамдығы 56 м/с дейінгі қатты жел мен дауылда да шыдамды деп бағалап отыр.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале