22.04.2025, 11:45
Оқылды: 365

«Анам ұл-қызымды асық ойнатып, тәрбиелеп еді»

 

«Әкенің балаға қалдырған мол байлығы – берген жақсы тәрбиесі» депті аталарымыз. Баласының беделді, ел сыйлайтын азамат болып өскенін армандамайтын ата-ана жоқ. Бірақ балаға тәрбие беру  әр  үйде  әртүрлі  сияқты.

561fa6e3-f089-450d-81d2-c7caff5a0e9a

Мен – бір қыз, бес ұл өсірген әкемін. Балаларымды әжесі тәрбиеледі. Өмірге екі баламыз келген соң әйелім жұмыстан қалып, үй шаруасымен айналысты. Жалпы, бала тәрбиелеуде әкеден гөрі ананың орны басымырақ сияқты. Өзім әке тәрбиесін көргенім жоқ. Біздің әкелеріміз неміс-фашист басқыншыларынан Отанымызды қорғау жолында майданда қаза тапты.

1947 жылы бірінші сыныпқа бардым. Осы уақытта шешем колхозда сауыншы болып еңбек етті. Таң қараңғысынан кетіп, екі әйел 3-4 шақырым жерден өгіз-шанамен шөп таситын. Аяғында керзі бәтеңкесі болды. Үйге келгенде бәтеңкесі сыртынан қардың салқыны, ішінен аяқтың жылуымен еріп, шешілмей, аяғына жабысып қатып қалатын. Мен от жағып отыратын едім. Сонда екі аяғын оттың жалынына ұстап біраз отырғаннан кейін мұз еріп, бәтеңкесі аяғынан шешілетін. Шешемнің осы жағдайын көріп, жаным ашитын. «Аман-сау өсіп, азамат болсам,  бар жақсылықты шешеме жасар едім. Әрқашан айтқанын орындап, ренжітпей жүрер едім» деп ойлайтынмын. Шешем маған: «Ешкімді ренжітпе, ешкімге зияныңды тигізбе, қызығып біреудің бір нәрсесін алма, арақ-темекіге үйір болма» деп үйретті. Шешемнің осы ескертуін орындап, ойынан шыққан  сияқтымын.

Анам немерелері өмірге келген күннен бастап оларды өз қамқорлығына алды. Бесікке өзі бөлейтін. Бесікте өскен сәбидің  денесі дұрыс қалыптасады деп, қол-аяғын түзулеп орап тастайтын. Кішкентайында жылап жатқан ұл-қызымызды жұбатайын деп көтерсек, жаман үйренеді деп көтертпейтін. Өзі батырлар жырынан ұзақ үзінділерді жатқа айтатын.  Бесікке бөлеген баланы осы жырларды әндетіп айтып, тербеткенде жылдам ұйықтап қалатын  еді.

Шешем денелі кісі еді. Өзі шебер, ісмер болды. Көйлекті кең етіп, өзі тігіп алатын. Дүкеннің көйлегін өмірінде киген жоқ. Жазда сыртта отырғанда жел болса, құйын өтсе немерелері көйлегінің ішіне еркін сыйып кететін еді. Анам немерелеріне ертегі, жұмбақ, жаңылтпаштарды айтып отыратын. Қыста тоңады, жазда күн өтеді деп, әйтеуір балаларды қасынан  шығармайтын.

Шешем немерелерін жанына үйіріп, олармен бірге асық ойнайтын  еді. Асық ойындарының хан талапай, нәби, ат жарыс, қонақ келді, қой сой деген түрлері көп. Анамның тәрбиесінің бір кереметі осы асық ойынында деп ойлаймын. Хан талапай ойынында ойыншылар кезекпен асықты шашып жіберіп, бір саусақпен атып көбірек асық алуға ұмтылады. Асықты шашқанда хан алшы түссе, бәрі таласып асықты бөліп алады. Хан кімде кетсе, ойынды сол бастайды. Асықты шашқанда қимыл болса немесе тигізе алмай қалса, ойын кезегі басқаға ауысады. Осы ойында түрлі шектеу бар. Кезегі келген ойыншы асықты шашып жібергеннен кейін өз кезегі өткенше сөйлемеуі, күлмеуі, құлағын, мұрнын шұқымауы, мұрнын тартпауы және алыста жатқан асықты көздеймін деп алға тым ұмсынбауы керек. Бұдан басқа да шектеудің неше түрі  көп.  Асық ұтыс ойыны болған соң қаралық та болады. Асықты саусақтың сырты, тырнақ жағымен ату керек. Кейбір ойыншылар саусақтың ішімен сүйретіп, екінші асыққа тигізеді. Ол дұрыс емес, қаралық болады. Қаралықты қайталап жасай берген ойыншыны ойынға қоспайды. Асық ойынында белгіленген шартты бұлжытпай орындаған бала адамгершілікке де, шыдамдылыққа да, жауапкершілікті сезінуге де үйренеді. Асық ойынының өзінде бала ойнап отырып-ақ тәрбие алады. Ұлттық ойынды ойнатып-ақ, ұл-қызын тәрбиелеген  аталарымыздың даналығына сүйсініп, таң қаласың.

Мектептегі ата-аналар жиналысына әр уақытта әйелім барды. Өзім балаларыма ұрсып та, ақыл айтып та көрмедім. Өздері сабырлы, тәртіпті болып өсті. «Балаларымның тәрбиелі болып өсуін әжесі асық ойыны арқылы қалыптастырған болар» деп жиі ойлаймын. Балаларымның үлкені қазір алпыс жасқа келіп қалды. Бәрі де жоғары білімді. Аталарымыздың «Әке ұлды тәрбиелейді, ана ұлтты тәрбиелейді» деген ұлағатты  сөзінің  жаны бар.

Айтайын дегенім, соңғы жылдары ұмыт бола бастаған асық ойынын қайтадан жандандырсақ, дұрыс болар еді. Ұрпағымыз ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, өз ұлтын сүйіп, ана тілін құрметтеп, «Мен – қазақпын!» деген сөзді мақтанышпен айтып жүрсе  екен.

Өтеген Ахметов,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале