Орал қаласына жалғас Зашаған кентіндегі 500 отбасы жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алатын болды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов қоныстой иелерін құттықтап, жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
- Еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай және жаңа жыл қарсаңында қуаныш үстінде басқосып отырмыз. Бүгін осы жерде 500 пәтердің, жалпы қала бойынша 670 пәтердің кілттері иелеріне табады. Бұл үйлер Елбасымыз қабылдаған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынды. «Нұрлы жол» бағдарламасы қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге, баспанаға мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтуға, тұрғын үй құрылысын салуға, инфрақұрылымдарды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмылған.
Жаңа үй кешеніндегі пәтерлер үй кезегінде тұрған азаматтарға 6 санат бойынша берілді. Олар көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және өзгелері, - деген облыс басшысы Алтай Көлгінов қоныстой иелерін құттықтап, бір топ азаматтарға жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ аталмыш үй кешенінің құрылысын жүргізген мердігер «Марасант» компаниясының директоры Аманжол Көнеевті жиналғандар алдына шақырып, елдің көзінше рахмет айтты.
Зашаған кентіндегі "Көктем" шағын ауданында бой көтерген кешен «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның тапсырысы бойынша салынды. Орал – Саратов және Орал – Атырау тас жолдары айырығына орын тепкен 5 қабатты көп пәтерлік тұрғын үй кешенінің құрылысын «Марасант» ЖШС компаниясы жүргізді. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылысы басталған кешенді 5 үйдің құрылысы дәл бір жыл дегенде аяқталып отыр. Үй кешенінде 1 бөлмелі - 300 пәтер, 2 бөлмелі – 120 пәтер, 3 бөлмелі - 80 пәтер, яғни барлығын қосқанда 500 пәтер бар. «Құрылыс жұмыстары барысында қаладағы 3-5 мың адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Үй құрылысына 87 пайыз жергілікті құрылыс материалдарын, соның ішінде силикатты кірпіш зауытының кірпішін, «Стройкомбинат» компаниясының темір-бетон бұйымдарын пайдаландық. Тұрғын үйдің сапасы жақсы. 10 жылдан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша 7-8 үй салған тәжірибеміз бар. Кешендегі әр үйдің кіреберісіне қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар орнатылған»,- деді мердігер компанияның басшысы Аманжол Көнеев.
Бұл үй кешеніндегі пәтерлер жергілікті атқарушы органдағы тұрғын үй кезегінде санаттар бойынша тұрған азаматтарға «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ-ның бағдарламасы бойынша жалға беріледі.
- Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы ішінде барлық қаржыландыру көздерінен БҚО-да 48 мыңға тарта пәтерлер иелерін тапты. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 234,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл -жылдық жоспардан 124 пайызға артық және 14 көп пәтерлік тұрғын үй, 1500-дей пәтер деген сөз. Алдағы 2017 жылы 7 көп пәтерлік тұрғын үй құрылысы жалғасады, - деді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
www.zhaikpress.kz