Бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасының жанындағы іскер әйелдер кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Орал қалалық және аудандардың іскер әйелдер кеңестерінің өкілдері қатысты.
-Соңғы жылдары еліміздегі әйелдердің қоғамдық белсенділігінің өскені байқалады. «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы да өз тарапынан іскер ортадағы нәзік жандылардың белсенділігін қолдау бағытында жұмыстануда. Іскер әйелдер кеңесі бұл кәсіпкерлік саласындағы қыз-келіншектердің үлес салмағын арттыруды, белсенділігін көтеруді және күштерін біріктіруді мақсат тұтқан кәсіпкерлердің бірлестігі,- деді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жұлдыз Құспанова. Төрайымның айтуынша, өз құрамына тәжірибелі, табысты әйел кәсіпкерлерді жинаған аталмыш кеңес өз істерін жаңадан бастаған әйел-кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсете алады.
Әйел кәсіпкерлер экономиканы ілгерілетуге жұмыс істейді және олар өз отбасыларын қажеттіліктермен қамитын өзін өзі қамтушылар ретінде де әлеуметтік қызметтерді атқаруда. Сондықтан ақ жаулықтылардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын жандандыру мәселесі өзекті.
Кеңес мүшелері отырыс барысында биылғы жұмыс жоспарларын пысықтады. Соның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, насихаттау бағытында кәсіпкерлер палатасымен бірге семинар, тренингтер өткізу, кәсіпкерлік мәселелері бойынша қабылдаулар өткізу жоспарланған. Кеңеске қатысушылар өңірдегі әйелдер арасында өткізілетін «Старт-ап жобалар» байқауының ережесінің жобасымен танысып, өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Байқаудың ереже-талаптарын тиісті орындармен үйлестірілгеннен кейін көпшілікке таратып, таныстыру көзделген.
Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ