19.06.2026, 17:15
Оқылды: 73

«Келіні жақсының керегесі алтын» дәстүрді дәріптеген байқау

Осы аптаның сәрсенбісінде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Әулеттің алтын діңгегі» облыстық жас келіндер байқауы өтті. Аталған іс-шара облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық қоғамдық даму басқармасы және «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

DSC03104

Байқаудың басты мақсаты – ұлттың асыл мұрасы саналатын салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды жаңғыртып, отбасының береке-бірлігін сақтаудағы жас келіндердің ерекше орнын дәріптеу. Олардың өнері мен өнегесін көпшілікке үлгі етіп, ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық тәрбиені насихаттау көзделді. Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тағылымды сөзіне сүйенген іс-шара ана мен келіннің ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілігі мен қоғамдағы мәртебесін айшықтай түсті.

– Киелі Ақ Жайық өңірінде идеологиялық маңызы зор «Әулеттің алтын діңгегі» атты облыстық жас келіндер сайысы өтуде. Бұл жобаны  біз бір жыл бойы жоспарладық. Байқау атауының өзі терең мәнге ие. Бүгінде отбасының беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауы көбіне келіннің парасаттылығына, даналығына және отбасы мүшелерімен үйлесімді қарым-қатынас орната білуіне байланысты.

Қазақ халқы қашанда келінді өз қызындай көріп, құрметтеп, аялап келген. Алайда қазіргі таңда біраз жас жұбайлар түрлі қиындыққа төтеп бере алмай, ажырасып жатады. Осыған байланысты біз бұл іс-шара арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді насихаттауды мұрат тұттық. Байқау барысында қазақ отбасы үлгісіндегі келіннің орны, қазақ келініне тән қасиеттер кеңінен насихатталады. Сондай-ақ іс-шарада заманауи өмір талаптарына бейімделе отырып, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық болмысымыз бен отбасылық құндылықтарымызды сақтау идеясы көптің назарына ұсынылады, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева.

DSC03094

Байқауға әр салада белсенді қызмет атқарып жүрген білікті мамандар мен ардагер аналар қазылық етті. Атап айтқанда, «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Есқалиева, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Ихсанова, сондай-ақ ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын Үзілдік Елеубайқызы мен «Ару әже» әжелер ансамблінің мүшесі, зейнеткер Сәния Хайырова әділ бағасын берді. Олармен қатар облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, халықтық «Ару аналар» әжелер ансамблінің мүшелері Мәншүк Ермұханова мен Гүлжан Меңдіғалиева да әділқазылар алқасында болды.

Облыстың аудан-ауылдары мен қаладан іріктелген үздік 12 жас келін бәсі биік байқауда өз аудандарының намысын қорғап, бақ сынады. Байқау бес кезеңнен тұрды. Алдымен «Берекелі босаға» көрмесінде қатысушылар ұлттық құндылықтарға негізделген тағамдар мен қолөнер туындыларын ұсынды. Келіндер қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеудегі шеберліктерін паш етіп, әсіп, бүрме қарын, жілік майы, майсөк секілді көнеден келе жатқан дәм түрлерін әзірлеп, қазақ халқының бай аспаздық мұрасын кеңінен таныстырды. Ал қолөнер сайысында көпшіліктің назарын аудартқан ерекше бұйым – ұршық сөмке болды.

DSC03131

– Ұршық қазақ әйелінің еңбексүйгіштігі мен ісмерлігін бейнелейтін киелі құрал ретінде бағаланады. Ол тек жіп иіру құралы ғана емес, ұлттың рухани мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құнды белгі саналады. Ұмыт бола бастаған ұлттық мұраларды жаңғыртуды мен өзімнің басты құндылығым деп білемін. Ұршық сөмкені күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайлап жасадым. Оның ішіне ақша мен өзге де ұсақ заттарды салуға болады. Мұндай ерекше бұйым көпшіліктің назарын аударып, жиі сұрақ тудырады. Көшеде көрген адамдар оның мәнін сұрайды. Сол сәтте ұршықтың бұрын жүн иіруге қолданылып, киім-кешек тоқуға негіз болғанын түсіндіремін, – деді Бөрлі ауданынан келген қатысушы Аякөз Сәми.

Байқау шымылдығы «Ғасырлар тоғысындағы қазақ  келіні» атты прологпен түрілді. Заманауи және дәстүрлі құндылықтардың сабақтастығын көрсететін ерекше театрландырылған қойылымда сахна екі дәуірге бөлінді. «Өткен шақ», яғни дәстүрлі келін – этно-атмосферадағы жылы сары жарықпен көмкеріліп, ақ жаулықты дәстүрлі келін арқылы ғасырлар тереңінен жеткен сабыр мен төзімді, үлкенге деген құрмет пен ибалық мектебін паш етеді. Ал «Бүгінгі шақ», яғни заманауи келін – жоғары технологиялық Hightech стиліндегі неонды көк жарықпен суреттеліп, XXI ғасырдың цифрлық қарқынын, білім мен бизнестегі белсенділігін көрсете отырып, ұлттық тамырдан ажырамағанын, дәстүрді заманауи трендтерде брендке айналдырғанын дәлелдейді. Қойылым соңында қос дәуір келіндері сахна ортасында тоғысып, өткеннің асыл аманаты мен бүгіннің жаңарған рухын ұштастырып, «Уақыт өзгерсе де, жүрек өзгермейді! Біз – әулеттің алтын діңгегіміз!» деген ұранмен бүкіл қатысушыны сахна төріне  шақырды.

Байқауда қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. «Менің әлемім» сайысында олар өздерін, отбасын, кәсібі мен өмірлік ұстанымдарын таныстырып, көпшілікке жан-жақты бейнесін ұсынды. Сондай-ақ «Қаймағы бұзылмаған салт» кезеңінде ата-бабадан жеткен салт-дәстүрлер сахналық қойылым арқылы жаңаша сипатта жаңғырды. Атап айтқанда, қатысушылар ат тергеу, ерулік, бесік жыры, сәлем салу, құрсақ шашу сияқты ұлттық салттарды қазіргі заман ағысымен, жасанды интеллектінің (ЖИ) көмегімен салыстырмалы түрде жан-жақты көрсетіп, олардың мәні мен тәрбиелік мазмұнын аша білді. Ал «Парасат майданы» бөлімінде тұрмыстық және отбасылық өмірге қатысты күрделі жағдаяттарға арналған ситуациялық тапсырмалар ұсынылып, қатысушылар тапқырлық пен өмірлік тәжірибеге сүйенген жауаптарымен ерекшеленді.

Қазақ әйелінің киімі – ұлт мәдениетінің көрінісі. Кимешек пен орамал – әдептің бел­гісі болса, ұлттық нақыштағы киім – халқымыздың талғамы мен танымының айнасы. Сән көрсетілімінде қатысушылар ұлттық нақыш пен заманауи үлгіні үйлестірген этно-modern бағытындағы киім топтамалары көпшілік назарына ұсынылып, лайықты бағасын алды.

– Бүгінгі кеш – өткеннің асыл мұрасы мен бүгінгі күннің жасампаздығын сабақтастырған тағылымды мереке. Қазақ халқы отбасыны – Отанның бастауы, ал шаңырақты – ұлттың алтын бесігі деп бағалаған. Сол шаңырақтың берекесін арттырып, отбасылық құндылықтарды сақтап, ұрпақ тәрбиесіне ұйытқы болатын жан – келін. Халқымыз «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» деп келіннің бір әулет үшін ғана емес, тұтас ұрпақтың тәрбиесі мен отбасы ынтымағы үшін маңызды тұлға екенін ұрпақтан ұрпаққа өнеге етіп қалдырған. Сондай-ақ «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын, шаңырағы биік» деген нақыл сөз де келіннің отбасындағы айрықша орнын айқындай түседі.

Байқауға қатысқан барлық келін өздерінің өнер-білімімен, тәрбиесімен және ұлттық құндылықтарға деген құрметімен осы жоғары бағалауға лайық екенін дәлелдеді. Бұл жеңіс – тек жүлдегерлердің ғана емес, олардың отбасылары мен туған өлкелерінің де ортақ жеңісі, – деді ақын Үзілдік Елеубайқызы.

Тартысты өткен өнер сынының қорытындысы бойынша бас жүлдені Бөкей ордасы ауданынан келген Ару Паңгереева жеңіп алып, оған бас бәйгеге тоңазытқыш табыс  етілді.

94c12ca5-eae6-405d-a509-aab8b64f4b11

– Бұл байқау мен үшін жай ғана сайыс емес, үлкен тәжірибе мен тағылым мектебі болды. Өзім секілді өнерлі, ибалы, белсенді келіндермен танысып, олардың еңбегі мен ізденісінен үлкен әсер алдым. Байқауда ұлттық құндылықтарымызды жаңаша қырынан танытып, салт-дәстүрімізді дәріптеудің маңызын тереңірек түсіндім. Осындай мәні зор, тәрбиелік тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін.

Бас жүлдені иелену – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл жеңіс менің ғана емес, әр-дайым қолдау көрсетіп, сенім артқан отбасымның, жақындарымның және жанашыр жандардың ортақ қуанышы деп білемін, – деді байқаудың бас жүлдегері Ару Тельманкеліні.

Бірінші орын бөрлілік Аякөз Сәмиге (шаңсорғыш),  екінші орын казталовтық Гүлсезім Тайыроваға (шай сервизі) бұйырса, үшінші орын Теректі ауданының намысын қорғаған Дана Отарбаева мен жаңақалалық Жадыра Айболатоваға («Asel» электр пеші) тиесілі болды. Сондай-ақ барлық қатысушыға алғысхаттар, гүл шоқтары мен кілемдер тарту етілді.

 

Айтқали Нәріков, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері:

– Қазақ қоғамында келіннің орны ерекше екендігі баршаға аян. Келін келген жерінің ұрпағын жарық дүниеге әкеліп, тәрбиелеуде басты тұлғалар қатарында тұрады. Өткен замандарда келіндер үй шаруасымен айналысты. Есімі айтулы азаматтармен қатар аталатын қайраткер келіндер аз болмаған. Ал қазіргі келіндер халық шаруашылығының қай-қай саласында да ер-азаматтармен қатар еңбек етуде. Жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүрген қыз-келіндеріміз қаншама?!

Мен қазір балам мен келінім, немерелеріммен бір шаңырақтың аясында ғұмыр кешудемін. Келінім Эльмира Нәсіпқалиқызы Атырау облысының қаймағы бұзылмаған қазақы ауылында туып-өсті. Жоғары білім алды. Өзім барып құда түстім. Құдаларым төңірегіне белгілі азаматтар. Міне, отыз жылдай келісті ғұмыр кешудеміз. Үш ұл немеренің алды ер жетіп, шет елдерде білім алып, Астанада қызмет істейді.

Қарға тамырлы қазақпыз ғой, Құдайға шүкір, тума-туыс, дос-жаран баршылық. Шығармашылық адамы болғандықтан, әріптестеріммен тығыз байланыс жасап тұрамын. Келген адамдар келінім жайған дастарқанына, жылы қабағына риза болып, бата беріп жатады. Бұған менің мерейім өсіп, Құдайға шүкіршілік етіп отырамын. Келінге ата бола білу де парасаттылықты қажет етеді екен. Өз басым келінім Эльмирамен ақылдасып отырамын.

Облыста «Әулеттің алтын діңгегі» атты облыстық жас келіндер байқауы өткендігінен хабардармын. Өте орынды іс-шара, жалғасын таба берсін!

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале