30.06.2026, 22:00
Оқылды: 73

Тойдан кейінгі улану: Мейрамхана жабылып, қылмыстық іс қозғалды

TengriHealth-тің хабарлауынша, Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласындағы үлкен тойға келген қонақтар жаппай уланып, зардап шеккендер саны 188 адамға жетті.

istockphoto-1054862736-2048x2048

Фото: istockphoto.com

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова зертханалық зерттеудің қорытындысын жариялады. Мәліметке сәйкес, мейрамханадағы тамақ өнімдері сынамасынан ішек инфекциясының қоздырғыштары, сондай-ақ патогенді және шартты-патогенді микрофлора анықталған. Тексеру барысында аталған нысанның ешқандай рұқсат құжатсыз, заңсыз жұмыс істеп келгені белгілі болды.

Мейрамханада өнімді дайындау мен сақтаудың технологиялық процесі бұзылып, қызметкерлер жеке гигиена ережелерін сақтамаған және міндетті медициналық тексеруден өтпей еңбек еткен. Жіті ішек инфекциясы белгілері бар алғашқы науқастар дәрігерлерге 19 маусымда, тойдан кейін бірден жүгіне бастаған. Қазіргі уақытта зардап шеккен 188 адамның 15-і — 14 жасқа толмаған бала. Дәрігерлер 177 пациентті ауруханаға жатқызса, қалған 11 адам амбулаториялық ем алып жатыр. Медицина мамандары науқастардың жағдайын орташа ауыр дәрежеде деп бағалады. Оның ішінде 34 науқастан сальмонеллез инфекциясының белгілері байқалған.

Қазіргі уақытта жаппай улану тіркелген мейрамхананың жұмысы толықтай тоқтатылды. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормаларды бұзу фактісімен Қылмыстық кодекстің 304-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале