20.07.2026, 17:15
Оқылды: 21

«Қазіргі қазақ қандай болуы керек?»

Гүлзамира Төлегенқызы, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Жастар ісі жөніндегі комитеттің психолог маманы:

WhatsApp Image 2026-07-20 at 10.51.46

«Қазіргі қазақ қандай болуы керек?» тақырыбындағы эссе байқауына ұсынылған бес оқушының шығармаларын  қызығушылықпен оқып шықтым. Барлығы да бүгінгі қоғам үшін маңызды мәселелерді көтеріп, өз ойларын шынайы жеткізуге тырысқан. Әсіресе білімнің маңызын, ұлттық құндылықтарды ардақтау, еңбекқорлық, адамгершілік, отансүйгіштік пен жауапкершілік туралы айтылған ойлар көңілден шықты. Бұл қазіргі жас ұрпақтың ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетеді.

Менің пайымдауымша, қазіргі қазақ ұлттық рухани құндылықтарды заман талабымен үйлестіре алатын, білім мен ғылымды өмірлік ұстанымына айналдырған, заңға құрметпен қарайтын, сыни ойлайтын әрі қоғам дамуына үлес қоса алатын саналы азамат болуы тиіс. Жаһандану дәуірінде әлемдік өркениетке ұмтылу маңызды болғанымен, ана тіліне, төл мәдениетіне және ұлттық болмысына адалдық әрдайым басты құндылық болып қалуы қажет. Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген сөзі – осының дәлелі. Сондықтан қазіргі қазақ шет тілдерін меңгеріп, жаңа технологияларды игерумен қатар, қазақ тілін құрметтеп, салт-дәстүрін сақтап, елінің дамуына адал қызмет етуі керек. «Елін сүйген ер болар» деген нақылдың мәні де осында деп ойлай-мын.

Қазіргі қазақ – бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, «Қазақ – қазаққа  бауыр» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған халық болуы шарт. Қазақ өзінің білімімен, тәрбиесімен, мәдениетімен және парасатымен биік тұрып, өзге ұлт өкілдері үлгі-өнеге алатындай деңгейде болуы абзал. Себебі ұлттың абыройы  оның әрбір азаматының болмысымен өлшенеді.

Халқымыздың тектілігі мен қайсар рухына күмән жоқ. Оның айқын дәлелі – ұлан-ғайыр даланы қорғап, елдің тәуелсіздігі үшін жанын қиған батыр бабаларымыз, даналығымен ел басқарған хан­дарымыз, ұлттық ұлы мұрат-мақсат жолында сөздеріне халықты ұйытқан данышпан билеріміз, халқына жол көрсеткен ұлы тұлғаларымыз. Сондықтан сол асыл қасиеттерді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз.

Жанат апаға Ернардың фотосы

Ернар Жақыпов, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚУ студенті:

Қазақ – шаршы топта шешіле сөйлеп, көсіле сайрайтын, әр сөзі өлең болып құйылып жататын шешен халық. Әрі «сөз қадірін – өз қадірім» деп ұғынған дана да дара халық.

Поэзия падишасы Күләш Ахметова:

«Толқимындағы тоқталам,

Тоқтамай кімдер өтті аман?

Ардағын қимай қазақтар

Қай жерге күмбез соқпаған?» деген риторикалық сұрауға құрылған өлең өрімінде қазақ бейнесі қашанда арда ұлын ұлықтайтын, тау тұлғаларын әулиедей сыйлайтын айрықша халық екенін танытса,

«Құстары көлде шулаған,

Тұлпары белде тулаған.

Тулары биік желбіреп,

Қандай бір әндер тумаған?» деген ырғақты шумақта сүйегі асыл, ғажап қазақ халқының табиғат тамашасында бейбіт күн кешкен, қай ғасырда да нансыз қазақ болса да, әнсіз, күйсіз қазақ болмағанын айшықтап тұр.

Қазіргі көкөрім қазақ болсын, өскелең қазақ болсын, егде тартқан естияр қазақ болсын, әуелі бауырмал, ақиқатты арқау етіп, тура сөзді туралап айтатын турашыл, шындықты шырақ еткен шыншыл, сондай-ақ сан өнерге құштар әрі бейім болуы керек. Себебі өнерді қазақтан бөліп қарауға болмайды. «Өнер алды – қызыл тіл» деген біздің ұранды халық сөз өнеріне, сөз сарасына ай-рықша мән берген. Әрі жиын-тойда суырыпсалма арқалы ақындығын айтыңыз. Жауына қасарысқандағы қажырлы қайраты мен найзағайлы намысшылдығы, сондай-ақ жалынды жауынгерлігі де қазақтың айбарлы ұлынан да, қылықты қызынан да табылуға тиіс ұлттық қасиеттер деп ойлаймын. Бірақ өзім дегенге өзегін жұлып беретін бұл қазақ – қай ғасырда болмасын тілі бөтенге де, күйі бөтенге де жүрек қақпасын айқара ашатын, Абайша айтсақ, «адамзаттың бәрін  бауырым деп» сүйетін сыйлы да мәртебелі халық. Сондықтан ғасырдан ғасырға қанмен берілген осы асыл қасиеттің барлығы қазақтың бойында буырқанып тұрса, замана желі соққанда да тамырынан ажырамайтын айбарлы да мәуелі бәйтеректей мықты болып, рухани толысқан рухты ел боларымыз айдан анық, күннен жарық. Ақыл-ой шаршысын әбден толыстырып, ілім игермекке әрі жаңашылдыққа жаны құмар халық болсақ, өркениетті ел боламыз.

WhatsApp Image 2026-07-20 at 10.51.16

 

Айшагүл Құсайынова, Л. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің студенті, Астана қаласы

«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан ақын жырлаған қазақ бар ма бүгінде? Өз күшіне сеніп, ана тілін ардақтап, ұлттық болмысын қастерлеп, тарихын терең танып, Отанын шын сүйетін жан болса, міне, қазіргі қазақтың болмысы – осы.

Қазақ халқының өткені –  күрес пен қайсарлықтың тарихы. Біздің ел талай батыр мен дана, көсем мен зиялыны жарық дүниеге әкеліп, тұлға, қайраткер қылып қалыптастырған. Халқымыз соғыстың да, ашаршылықтың да, отаршылдықтың да зардабын тартты, небір нәубет жылдарды бастан өткерді. Алайда қанша қиындық көрсе де, ұлттық рухын жоғалтпай, «ҚАЗАҚ» деген қасиетті аты мен затын, ұлттық бітім-болмысын сақтап қалды.

Сан ғасыр бойы елдігі мен азаттығы үшін күрескен қазақтың тәуелсіз ұрпағы бүгінде «Мен қазақтың баласымын!» деп мақтанышпен айтуы тиіс. Талай соқпақтан өткен елдің ұрпағы өз күшіне күмән келтірмей, болмашы қиындыққа мойымай, еңсесін биік ұстап, тарихынан тағылым алып, қанына сіңген қайсарлықпен алға нық қадам басуы керек!

Кейде мені қазіргі жастардың кейбірінің  жасқаншақтық пен өз ойын ашық айтуға именуі алаңдатады. Қазақ баласы өз пайымын еркін жеткізуге, көзқарасын білдіруге, шешім қабылдауға және қабілетін көрсетуге толық құқылы. Соған қарамастан, кей сәттерде бізге батылдық жетіспейтіндей көрінеді. Қаншама тың идеялар мен жарқын бастамалар айтылмай, адамның көкейінде қалып қоюмен шектеледі. Ал сол армандарды жүзеге асырып, асқақ белестерді бағындыру үшін серпін һәм өзіне деген сенім мен ұлттық рух қажет.

«Мен қазақпын!» деген сөз – жай ғана ұран емес, ол – жауапкершілік. Бұл сөздің астарында елге қызмет ету, ұлттың дамуына үлес қосу, ата-баба аманатына адал болу жатыр. Біздің әлсіз болуға хақымыз жоқ. Себебі ата-бабамыз қасық қаны қалғанша жері мен елі, ұлты мен ертеңі үшін күресті. Ендеше сол аманатқа қиянат жасамай, біліммен, еңбекпен және бірлігімізбен тәуелсіз ҚАЗАҚ елін өркендету – өскелең ұрпақтың басты парызы.

 

Тәуелсіздік бізге былай деп үн қатады:

Мен асаумын!

Дұшпанына көнбейтін,

Жалын отпын, шоғы қарар, сөнбейтін.

Асау болып намысты мен оятсам,

Жалын болып сенім берем өлмейтін!

 

Өткеніміз осылайша сыр шертеді:

Мен тарихпын!

Ғұн мен сақтан дарыған,

Өткенім бар тасқа дастан жазылған.

Тілеуіммен еркіндігім түледі,

Тектілердің қаныменен алынған!

 

Ал бүгінгі күннің үні мынадай болуы керек:

Тәуелсізбін!

Танимысың, адамзат,

Желбіреген Алаш туы алаңда ақ!

Аманатқа «Қазақпын!»  дер адал тек,

Әр қазаққа болған елдік қадам бақ!

Сол себепті басымызға қонған бақ – Тәуелсіздіктің қадірін білетін ұрпақ аман болсын! Қазіргі қазақ өз атын, тарихын, тілін, тегін ұмытпай, ұлттық рухын әрдайым асқақ  ұстаса екен деймін.

Ұлтқа деген сүйіспеншілігіміз жүрегімізден ешқашан өшпесін!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале