27.08.2026, 10:45
Оқылды: 24

Тақия – трендте немесе тақия тігіп, дәстүрді дәріптеген шебер

Кейінгі жылдары отандық өнімдер сұранысқа ие болуда. Әсіресе нәзікжандар заманауи киімдермен оюлы кәжекейлер мен сәнді тақияларды үйлестіріп кие бастады. Соның ішінде қазақ қыздарына арналған тақиялар қазір хит болуда. Осы орайда тақия мен әшекей бұйымдар жасаудың хас шебері, дизайндық киім тігетін ісмер Ақторғын Ерназаровамен аз-кем тілдесіп, қолөнердің қыр-сырымен таныстық.

IMG_0122.JPG

«Тоғыз жасымда тігін машинасына отырдым»

Теректі ауданы Ақжайық ауылының Еңбек елді мекенінде ұстаздар отбасында дүниеге келген Ақторғын Сәбитқызы бала күнінен қолөнер бұйымдарын жасауға бейім болған. Анасы Ғазиза қыздарына киім тігіп үйретіп, ісмерлікке баулыса, әкесі Сәбит шыдамдылықты талап ететін шұқыма жұмыс - қолөнер бұйымдарын жасаудың жолдарын көрсеткен.

– Анам әпкем Гүлбақыт екеумізге  егіздер секілді біп-бірдей киім тігіп, кигізетін. Алты жасқа толғанда маған ілмекпен тоқуды, кестелеп тігуді үйретті. Кестелі орамалдар тіге бастадым. Анам мен тіккен кестелі орамалдарды мектепке апарса, әріптестері «Алты жасар қыздың тіккеніне ұқсамайды», – деп сенбейтін көрінеді. Жасөспірім шақта анам «Болашақта бір азаматтың жары, бір әулеттің келіні боласың. Осы жасаған дүниелеріңді сандығыңа салып қой» деп өзі де қолөнер бұйымдарын жасап, сандығыма жинай беретін. Сол дүниелер әлі күнге дейін сандығымда сақтаулы тұр. Тоғыз жасымда іс машинамен киім тігуді үйретті. Сабаққа киіп жүрген мектеп формаларының өңін, дизайнын өзгертіп, кейде анам алып келген матадан жаңалап киім тігіп алатынмын. Мектепке барғанда өзім тіктім деп айтуға ұялатынмын. Кейін білім ұясын тәмамдаған соң құрбыларыма айтқанда, «Әй, бәсе, Ақторғын осындай ерекше киімдерді қайдан сатып алады екен деп ойлайтынбыз», – деп, күліп еске алып едік. Ата-анамыз отбасымызда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтауымызды жіті қадағалады. Анам әкеме тиындарды тестіріп, қыздарының шаштарына шолпы тағып қоятын. Ол кезде шолпы сән болмаса да, насихатталмаса да біз шолпы тағып жүретін едік.  Мектеп бітірген соң қолөнер, дизайн саласындағы білімімді әрі қарай жалғастырып, дамытқым келді. Бірақ білім ошағын алтын белгімен бітірген, белсенді оқушы болғандықтан, анам «Мектептегі мұғалімдерің, отбасың сені Алматы, Астана қалаларындағы университетке түседі, жоғары жетістікке жетеді деп үміт күтіп отырғанда тігіншілікті таңдағаның не?» деген бағытта ойын жеткізіп, ақыл-кеңесін айтты. Содан Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетке стандарттау және сертификаттау мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім алдым. Алайда қолөнер бұйымдарын жасауға, іс тігуге деген қызығушылығым басылған емес. Қолым қалт етсе, әшекей бұйымдарын жасадым, – деп кейіпкеріміз естелігімен бөлісті.

Бүгінде Ақторғын жұбайы Жомарт Тілекқабылұлымен төрт перзент сүйген көп балалы отбасы. Кейіпкеріміз бала күтімімен үйде отырғандықтан, этнокиімдер тігіп, әшекей бұйымдарды жасап, ішінара көрме, жәрмеңкелерге қатысып, саттыққа шығарады.

IMG_3595.JPG

«Әр тақия эксклюзивті дайындалады»

Ісмер негізінен қыздарға арналған тақия тігуге құмар. Оның тақияларының дизайны бір-біріне ұқсамайды. Әр тақияға әр түрлі рең, дизайн беруге тырысады. Оны сатқан кезде де «Бұл тақияны эксклюзив деп қабылдаңыз. Өйткені мұны ешкімнің басынан көрмейсіз» деп айтады екен.

Тарихқа көз жүгіртсек, бұрын ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Себебі баяғыда құлдар ғана жалаңбас жүреді деген ұғым болған. Бертінге дейін ата-әжелеріміз жазда да міндетті түрде бас киім киіп жүретін. «Жетпіс жеті аурудың басы – жел» деген аталарымыз бастың өз температурасы болатынын, оны сақтап жүру керектігін білген. Қазақ қыздары үш жасынан бастап тақия, ұзатылған сәтте сәукеле, келін атанған кезде орамал тақса, перзент сүйген соң кимешек киген. Қыздардың көркін ашатын тақияны бұрын қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түсті барқыт, қамқа секілді матадан сырып тіккен. Ол түрлі-түсті моншақ-маржанмен безендірілген. Тақияның төбесіне майда моншақ жіптермен көз-тілден сақтайды деген сеніммен үкі таққан. Үкі тағу жын-перілерден, бәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етеді деген сенімнен туса керек. Кейіннен үкіні тақия, сәукеленің төбесіне, домбыраға, бесікке қадаған. Үкінің қара қасқасын ерлер, балақ жүнінің ұлпасын әйелдер қолданған. Үкі құсын қазақ қасиетті деп білген. Ежелгі бақсылар, батырлар, сал-серілер де үкі тағып жүрген. Тіпті бір үкі бір аттың құнына бағаланған екен.

Ақторғын Сәбитқызы әр өңірде жасалатын тақияның дизайны, тігу әдісі, пішіні, оюлары ерекшеленетінін айтады. Мәселен, Батыс өңіріңде жан-жануарлар бейнесінен немесе олардың дене мүшелерінен (мүйіз, тұяқ, қанат) туындаған ою-өрнектер (зооморфтық өрнектер) көп қолданылса, Оңтүстік Қазақстан, Астана, Петропавлда өсімдіктектес оюларды пайдаланады. Біздің өңірге тән қошқар, арқар мүйіз, шексіздік, құс тұмсық секілді  ою-өрнектерді олар көп қолданбайды. Батыс Қазақстан облысы Ресеймен шекаралас болғанымен, ата-бабаларымыз қолданған ою-өрнектер, салт-дәстүрлер сақталған. Ал Алматы облысы аумағындағы қолөнер бұйымдарында өзбек орнаменттері жиі кездеседі.

Кейіпкеріміз жасайтын «Абай» тақиясы төбе бөлігі тұтас бір матадан емес, төрт-бес құрақ бөліктен жасалады. Айта кетсек, бұл тақия – ұлы ақын Абай Құнанбаевтың тарихи фотосуреттеріндегі бас киімінің үлгісіне негізделіп, маталардың ортасына қатырма салынып тігілетін жеңіл әрі сырмалы ұлттық бас киім. Ол атақты ақынның есімімен тікелей байланысты болғандықтан, ел арасында осылай аталып кеткен.

«Шолпы мен шашбауды ажырата білсе екен...»

Ақторғын Сәбитқызының тағы бір өнері – әшекей бұйым жасайтындығы. Этно-стильде алқа, сырға, білезік, шекелік, шолпы, шашбау жасайды.  Бұл жұмыстарды жасау оңай болып көрінгенмен, көздің майын, еңбек және шыдамдылықты талап етеді. Бір ерекшелігі ол аталмыш әшекей бұйымдарды күнделікті қолданыстағы тиын және әр түрлі моншақтарды үйлестіре отырып жасайды. Сұранысқа сай заманауи жасалатын әшекей бұйымдарға кейіпкеріміз ұлттық нақышта  сән  береді.

– Әшекей бұйымдардың қайсысы, қандай дизайндағысы сұраныста соны жасаймыз. Кейбірі шекелік сұрайды. Шекелікті сұраныс бойынша жасаймын, бірақ насихаттамаймын. Өйткені шекелік түрік, тәжік елдерінен келген, қазақтың ұлттық әшекей бұйымы емес. Шашбауды, шолпыны ұсынамын. Шашбау мен шолпыны қыз-келіншектердің көбі ажырата алмай жатады. Шолпы – қазақ қыздары мен жас келіншектердің қос бұрымына немесе шаштың ұшына тағылатын әшекей бұйым. Күмістен соғылып, асыл тастармен әшекейленеді, ұшына сылдырмақтар тағылады. Ал шашбау шашпен бірге өріліп, бұрымға сән беріп тұрады. Кейде шашбау қара баудан жасалып, шашты ұзын әрі қалың етіп көрсету үшін қолданылады. Бұрын шашбаудың түсіне де ерекше мән беретін. Өйткені оны таққан қыздың қай рудан шыққаны, жас ерекшелігі ажыратылған.  Ал қоңыраулы шолпы тағу арқылы қыздың артық оғаш қимыл жасамауына мән берген. Әшекейдің сыңғырлаған дауысының естілі бастағаны, яғни үйге қыз бала кіріп келе жатқаны деп үлкендер реттеліп, жинақталып отырған.  Шолпының дыбысы жиі және қатты шықса ұшқалақ деп, ал ақырын ғана естілген шашбаулы қыздың мінезі өте сабырлы, биязы, нәзік екенін аңғартқан.

Мен ұлттық киімдерімізді брендтен түспейді деп ойлаймын. Өйткені қазіргі кезде жастар ұлттық киімдеріміздің бағалы, сапалы, жарасымды екенін ұғынғандай. Сұраныс бар жерде сапа да артады, – деді ісмер.

IMG_3647.JPG

Кейіпкеріміз қолөнер бұйымдарын жасағанда кейде еңбектің бағаланбай жататындығына қынжылады. Мәселен, «Абай» тақиясының төбесін шығаруда төрт түрлі матаны қиып, жұмыстанады. Оларды бір-біріне жалғап, бүйір бөлігімен сәйкестендіріп тігеді. Тігу барысында мата бірнеше қабатталады, әшекей бұйымдарды орнатуы бар, көзге көрінбейтін ұсақтүйек жұмыстары аз емес екен. Бір тақияны жасауға екі күн, яғни 24 сағаттай уақыт жұмсалатын көрінеді. Сондай-ақ Ақторғын Сәбитқызы ұлттық нақыштағы кәжекей, шапан да тігіп, инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы саттыққа шығарады.

Ісмердің басты қолдаушысы – жұбайы Жомарт Тілекқабылұлы.  Отағасы – заң саласының қызметкері. Бұл отбасы балаларының санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп қана қоймай, олардың білімді, интеллектуалды өресі биік, талғампаз және өнерлі перзент болып өсуі үшін түрлі үйірмелерге қатыстырады.

Ұл-қыздарын үйірмелерге апару мақала кейіпкерінің мойнында. Ал қолы қалт еткенде ұлттық нақышта әр түрлі дизайн бойынша киімдер тігіп, қолөнермен  айналысады.

Ақторғын Сәбитқызының қолынан шыққан әрбір туынды – оның маңдай тері мен шығармашылық ізденісінің жемісі. Осындай жандардың арқасында ата-бабадан мирас болған асыл өнер өз жалғасын тауып, жаңа буынға жол тартып келеді. Өйткені ұлттық өнердің өміршеңдігі – оны жасап, сақтап, насихаттап жүрген шеберлердің еңбегінде жатыр.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале