Тіл саясаты – мемлекетті басқару жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының мемлекеттік тілде сапалы әрі талапқа сай жүргізілуі – тіл саясатын жүзеге асырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл бағытта облыста атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі көңіл көншітерлік. Өңірдегі мемлекеттік тілдегі іс жүргізудің үлесі республикалық көрсеткіштен жоғары. Дегенмен қол жеткен межеге тоқмейілсуге болмайды. Әлі де жүйелі жұмысты қажет ететін мәселелер бар.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен алқалы кеңесте жергілікті атқарушы құрылымдарда тіл саясатын іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының сапасы, көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру бағытындағы жұмыс нәтижесі сараланды.
Қазақстанның жергілікті атқарушы құрылымдарындағы мемлекеттік тілде іс жүргізудің үлесі 92,5%-дан кем болмауы тиіс. Өңірде биыл бұл көрсеткіш 97,84%-ды құрады. Бұл, сөз жоқ, мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару саласындағы қолданысы жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Алайда облыстағы барлық аудан мен қала бұл межеден бірдей көрініп отырған жоқ. Кейбір ауданда мемлекеттік тілде іс жүргізу көрсеткіші белгіленген деңгейге жете алмай отыр. Атап айтқанда, Казталов пен Қаратөбе аудандарында бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігі айтылды.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиында мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымына қатысты мәселені өткір қойды.
– Қаратөбе мен Казталов аудандарында орыс тілінде жазатын адамдар отыр ма? Орал қаласы – 97,6%. Бөрлі ауданына қараңыз, Бәйтерек ауданына қараңыз, 100% қазақша жазып отыр. Қазақ тілінде жазу білмейсіңдер ме? Бұл – бақылау жоқ деген сөз. Қалай 100% қазақ өкілдері отырып, орыс тілінде жазады? – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Мәселенің мәні тек сандық көрсеткіште емес, мемлекеттік басқару жүйесіндегі тәртіп пен қағидаға байланысты. Мемлекеттік құрылымның әр ресми құжаты мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай болуы керек. Осыған байланысты облыс әкімі мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымын қалыптастыру ісін жүйелі түрде жолға қою қажеттігін атап өтті.
Хаттамалар, бұйрықтар, үкімдер, шығыс хаттар және өзге де ресми құжаттар мемлекеттік тілдің нормаларына сәйкес сауатты әрі талапқа сай рәсімделуі тиіс. Мұндай құжаттардың сапасы мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігімен ғана емес, оның мемлекеттік тілге деген жауапкершілігімен де өлшенеді.
– Осы мәселені біз қолға алуымыз керек. Аудан әкімдері, мемлекеттік тілге қатысты олқылыққа қай маман жол беріп отырғанын анықтаңыздар. Сол маманмен жеке сөйлесіп, екінші рет осындай мәселенің қайталанбауын айтып түсіндіріңіздер, – деді Нариман Төреғалиев.
Өңірде тіл саясатын іске асыру Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асуда. Осы бағытта аймақтық жоспарға сәйкес жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданысын кеңейту, тұрғындардың тіл меңгеру деңгейін анықтау, мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыретін арттыру – сол іс-шаралардың негізгі бағыттарының бірі. Мәселен, былтыр өңірдегі тілдік ахуалды анықтау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. Оның қорытындысында мемлекеттік тілді жетік меңгерген тұрғындардың үлесі 86,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш қоғамдағы тілдік ахуалдың оң бағытта қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Ал биыл мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында мемқызметшілер арасында арнайы сынақ ұйымдастырылды. Оның қорытындысы да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
– 2026 жылдың мамыр айында Қазтест сынағынан 500 мемқызметші – мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлер мен ұлттық компания өкілдері тапсырды. Тестілеу нәтижесінде мемлекеттік тілді ортадан жоғары деңгейде меңгергендер саны 86%-ды құрады. Мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлер – 83%, ал ұлттық компаниялар өкілдері 65%-ды құрап отыр, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов.
Бұл көрсеткіш ана тілдің мемлекеттік қызмет саласында орнығып келе жатқанын көрсеткенімен, әлі де назар аударатын тұстар бар екенін аңғартады. Әсіресе ұлттық компаниялар мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы тіл меңгеру деңгейін одан әрі арттыру қажеттігі байқалады.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің тағы бір маңызды бағыты – ҚР-дағы «Тіл туралы» заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Бұл ретте көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамалардың сапасы, заңды тұлғалардың атауларының дұрыс жазылуы, маңдайшалар мен басқа да ақпараттық материалдардың ереже-қағидаға сәйкестігі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Биыл заң талаптарын бұзған бизнес өкілдеріне небары 26 әкімшілік хаттама толтырылған. Мамандардың айтуынша, шынтуайтында мұндай әкімшілік құқықбұзушылық әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бұл ретте тіл туралы заңның сақталуына бақылау жүргізетін қалалық жергілікті атқарушы құрылымдар мен кент және ауыл әкімдері аппараттары өз құзыреттерін толық пайдаланбай отырғаны айтылды. Мұның салдарынан көрнекі ақпараттарды орналастыруда, заңды тұлғалардың атауларын жазу және сыртқы жарнамаларды рәсімдеуде түрлі кемшілік орын алуда. Ал мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту тек мемлекеттік мекемелердің ішкі құжат айналымымен шектелмейтіні белгілі. Тілдің қоғамдық кеңістіктегі көрінісі де оның мәртебесін айқындайтын маңызды фактор.
– Осы тәжірибені көп аудандар мен қала әлі де болса қолданбай отыр. Әкімшілік істерді тіркеген жағдайда көшедегі жарнамалардың сапасы түзетіледі деген ойдамыз. Техникалық себептерге байланысты бұл мәселеге әзірге кейбір аудандар кірісе алмай отыр, яғни өздерінің компьютерлеріне Ерсоп деген бағдарлама орнату керек. Ол бойынша әдістемелік көмек жүргізіліп жатыр, оқыту жүріп жатыр. Енді жолға қойылады деген ойдамыз, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниева.
Демек, заң талаптарының орындалуын бақылаумен қатар, оны іске асыратын мамандардың техникалық және кәсіби мүмкіндігін де қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта әдістемелік көмек көрсетіліп, тиісті оқыту жұмыстары жүргізілуде. Ендігі міндет – осы жұмыстың нәтижесін нақты көрсеткіштермен бекемдеу.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – бір ғана басқарманың немесе жекелеген мекеменің міндеті емес. Бұл – мемлекеттік құрылымдардан бастап кәсіпкерлік субъектілеріне, білім беру ұйымдарынан қоғамдық ортаға дейінгі барлық салаға ортақ жауапкершілік. Тілдің тағдыры заң талаптарының орындалуымен ғана емес, күнделікті қолданыстағы орнықтылығымен де өлшенеді.

Жиында облыс басшысы қала және аудан әкімдеріне тіл туралы заңның талаптарын бұзғандарға тиісті шара қолдануды тапсырды. Бұл ретте әкімшілік жауапкершілікті тек жаза ретінде қарастырмай, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін пәрменді құрал ретінде пайдалану қажеттігі айтылды. Сонымен бірге облыс әкімі мемлекеттік құрылымдардан, ұйымдардан және заңды тұлғалардан келіп түсетін құжаттардың мемлекеттік тілде ұсынылуына да талапты күшейтуді тапсырды. Егер кіріс құжаттары мемлекеттік тілде болмаса, оларды кері қайтару тәжірибесін енгізу қажеттігі айтылды. Бұл – ана тілдің мемлекеттік басқару жүйесіндегі нақты орны мен беделін айқындайтын талап. Өйткені мемлекеттік тіл, ең алдымен, мемқұрылымның өзінен бастау алуға тиіс. Құжат айналымы жүйеленіп, ресми қарым-қатынас орныққан жағдайда ғана тіл саясатының нәтижесі нақты көрінеді.
Облыста мемлекеттік тілде іс жүргізудің 97,84%-ға жетуі – атқарылған жұмыстың нәтижесі. Алайда межеге жету мен сол межені тұрақты ұстап тұрудың арасы жер мен көктей. Сондықтан тіл саясатын іске асыруда жүйелілік, талапшылдық және жауапкершілік қатар жүруі қажет.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»