Астанада 7 қарашада басталған «Соғым-FEST» жәрмеңкесіне келушілер саны 50 мыңнан асты. Қаладағы үш сауда алаңында ұйымдастырылған жәрмеңке тұрғындарға ет өнімдерін нарықтағы бағадан төмен сатып алуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Фото: astana_newss
Жәрмеңкеде отандық фермерлер сиыр, жылқы және қой етін ұсынады. Атап айтқанда, сиыр етінің бір келісі – 3 300 теңге, жылқы еті – 3 500 теңге, қой еті – 3 700 теңгеден сатылуда.
Саудаға шығарылған барлық ет өнімі сатылымға дейін зертханалық тексеруден өткен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Соғым-FEST» жәрмеңкесі қазақ халқының қысқа соғым дайындау дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Сонымен қатар қала тұрғындарына етті делдалсыз, тікелей фермерлерден сатып алуға жағдай жасайды.
Жәрмеңке демалыс күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін үш жерде жұмыс істейді:
- «Keruen Joly» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б; - «Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1; - «Jurt» сауда орталығы – Сұлтан Бейбарыс көшесі, 3.
Жәрмеңке жыл соңына дейін жалғасады.